Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар арасында «Көрпе Fest» фестивалі өтті
Биыл көп балалы отбасылар мен мүгедек азаматтарға және жастар үшін бес мың жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл 15 мың отбасының өз ісін ашуға мүмкіндік ашуы тиіс. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына «Еңбек» бағдарламасы аясында жеке кәсіптерін бастауға 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттар бөлінеді. Бұл туралы көп балалы аналарға арналған фестивальде мәлім болды. Қазір елордада несібесін кәсіптен тапқан аналарға арналған көрме өтіп жатыр. «Көрпе Fest» фестиваліне еліміздің әр аймағынан бармағынан өнер тамған ісмер қыз-келіншектер мен әжелер жиналған. Мұнда шеберлдің қолынан шыққан қыздың жасауынан бастап көрпе-жастық, күнделікті қолданыстағы тұрмыстық заттар қойылған.
«Ұлттық өнер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған фестиваль шағын және орта бизнестің дамуына да түрткі болады», - дейді ұйымдастырушылар. Іс-шара аясында көп балалы аналар тігін және қолданбалы өнерді шеберлерден тегін үйренеді. Шеберлік сабақтарын ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын жасаумен аты шыққан Ырза Тұрсынзада өткізеді. Көрмеге келген іскер аналар арасында ісмерлікті отбасылық кәсіпке айналдырғандар да бар.
Гүлзейнет Өтепова, Түркістан облысының тұрғыны:
- Кентау қаласында кішігірім шеберханамыз бар. Ол жерде қыздарыммен бірге жұмыс жасаймын. Үлкен қызым Болат Айша мынау құрақтарын тігеді. Ортаншы қызым Диана ол мына оюларын жапсырып, үтіктеп дайындап береді. Кіші қызым жетіде, Айғаным ол мына оюларын қолмен ойып береді. Сөйтіп бірге жұмыс жасаймыз төртеуміз.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі:
- Мұндағы ең басты мәселе - көп балалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесу. Үйінен шыға алмайтын қыздарға көмектесу. Үйінде бала-шағасының қасында отырып, көрпе-жастық, тағы басқа үйдің тұрмысына керекті заттарды тігіп, аз да болса өзінің кәсібін ашып, екіншіден, өздерінің отбасына қосымша табыс табу. Біз енді мұны ары қарай жалғастырамыз. Бұл Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес басқа қалаларда да өткізу керек.
24.kz