БІР СӘТТІК ХАЙП, ӨМІРЛІК АЙЫП
Әлеуметтік желі адамға бұрын-соңды болмаған мүмкіндік берді. Бүгінде кез келген адам қолындағы телефон арқылы мыңдаған, тіпті миллиондаған аудиторияға өз ойын жеткізе алады. Біреуі білім береді, біреуі кәсіп бастайды, енді бірі өнерін көрсетеді. Әлеуметтік желі талантты танытып, идеяны тарататын, мүмкіндікке жол ашатын үлкен алаңға айналды.Бірақ сол мүмкіндіктің екінші қыры да бар. Қазір кейбір адамдар үшін әлеуметтік желі ой бөлісетін ортадан бұрын назар үшін күресетін алаңға айналып бара жатқандай. «Көп қаралым болса – табыс көп», «көп лайк болса – танымалдық артады» деген түсінік кейбір қолданушыларды шектен шығуға итермелейді. Олар мазмұнның мәніне емес, оның қаншалықты шу тудыратынына мән береді. Балағат сөз, әдейі ұйымдастырылған жанжал, қауіпті пранк, оғаш қылық, тіпті қоғамдық тәртіпті бұзу – мұның бәрі «контент» деген атаумен ұсыныла бастады. Осы тұста заңды сауал туындайды... Адам шынымен танымал болып жатыр ма, әлде өзінің қадірін қаралымға айырбастап жатыр ма?
Бүгін әлеуметтік желіде бір сәтте мыңдаған қаралым жинауға болады. Бірақ сол қаралымның адамға қандай баға алып келетінін бәрі бірдей ойлай бермейді. Көпшілік назары – уақытша. Ал заң алдындағы жауапкершілік пен қоғам алдындағы бедел – әлдеқайда ұзаққа созылады.
Соңғы уақытта еліміздің әр өңірінде тікелей эфир кезінде балағат сөз айтып, қоғамдық әдеп нормаларын бұзған, қауіпті әрекеттерге барған азаматтардың әкімшілік жауапкершілікке тартылуы жиілеп отыр. Бірі эфирде мас күйінде өзін еркін ұстайды. Екіншісі жанжал шығарады. Үшіншісі көрерменнің назарын аудару үшін адам ұрлау көрінісін ұйымдастырады немесе өзіне және өзгеге зиян келтіретін әрекеттерге барады. Мұндай жағдайда «Бұл жай ғана эфир еді», «Бұл әзіл», «Бұл пранк», «Контент үшін жасалды» деген уәж заң алдындағы жауапкершіліктен құтқара алмайды. Өйткені интернет – заңнан тыс әлем емес.
Экранның ар жағында отырған адам да қоғамның бір мүшесі. Оның айтқан сөзі, жасаған әрекеті, көрсеткен дүниесі нақты адамдарға әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік желідегі контентті балалар мен жасөспірімдердің көретінін ұмытпауымыз керек. Үлкендер «хайп» үшін жасаған әрекет жасөспірімнің санасында қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін.
Бүгін бір блогер тікелей эфирде балағат айтса, ертең оны көрген жасөспірім сол мінез-құлықты еркіндік деп түсінуі ықтимал. Біреу қауіпті пранк жасап, көп қаралым жинаса, оны қайталауға тырысатындар табылуы мүмкін. Осылайша бір адамның «жеке контенті» қоғамдық мінез-құлыққа әсер ететін әлеуметтік құбылысқа айналады. Сондықтан бұл мәселені тек «заң бұзды – жазаланды» деген деңгейде қарастыру жеткіліксіз. Мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде.
Неге адам хайп үшін өзінің абыройын тәуекелге тігеді? Неге көпшілік мәдениетті, пайдалы, сапалы дүниеден гөрі жанжалға көбірек назар аударады? Неге қаралым саны кейде адамдық өлшемнен жоғары қойылып барады? Бәлкім, мәселе тек контент жасаушыда емес, оны көріп отырған аудиторияда да шығар.
Әлеуметтік желіде сұраныс бар жерде ұсыныс болады. Егер қоғам шуға қызығып, жанжалды бөлісіп, әдепсіздікті талқылап, қауіпті әрекетке лайк басса, мұндай контенттің көбейе беруі заңдылық. Кейде жұрт сынау үшін бөліскен видеосының өзі оны одан әрі танымал етіп жібереді. Біз «мұндайды қарамау керек» дей отырып, өзіміз сол әрекеттің таралуына үлес қосып отырған жоқпыз ба? Демек, жауапкершілік тек камера алдында тұрған адамда ғана емес. Аудиторияда да бар.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин хайп үшін заң бұзғандарды ашық жауапкершілікке тарту өзгелерге сабақ болып, қоғамда жаңа қоғамдық этиканың қалыптасуына ықпал ететінін атап өткен еді. Осы мәселе бүгінгі күн үшін өте өзекті.
Соңғы уақытта ішкі істер органдары тікелей эфир арқылы қоғамдық тәртіпті бұзғандарды жауапқа тартуды жиілетті. Хайп қуам деп құқықтық жауапкершілікке тартылған нақты мысалдар да бар. Мәселен, Абай облысында тікелей эфирде есірткі қолданғанын айтып, балағат сөз жаудырған 26 жастағы азаматша 10 тәулікке, Алматыда өзгелерді балағаттаған азамат 5 тәулікке, ал Шымкентте аудитория жинау үшін электрошокер қолданып, жалған адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған блогер 8 тәулікке қамалды. Ал Жамбыл облысында екі жас жігіт донат жинау мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салса, Павлодарда көлік тізгінінде отырып ереже бұзған әрі боқтаған азамат 20 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар Астана, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл және Талдықорған қалаларында тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтып, агрессия танытқан бірқатар азаматтарға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынған.
Қоғамдық мәдениет тек көшеде қалыптаспайды. Ол автобус ішінде, мектепте, жұмыста, отбасында ғана емес, әлеуметтік желіде де көрінеді. Адамның интернетте өзін қалай ұстауы – оның шынайы мәдениетінен бөлек құбылыс емес. Кейбіреулер виртуалды ортаға шынайы өмірдің ережелері жүрмейтіндей қарайды. «Бұл – интернет, мұнда бәріне болады» деген түсінік қалыптасқан. Алайда бұл – қауіпті қате.
Сөз бостандығы дегеніміз – ойымызға келгеннің бәрін айтып, кез келген әрекетті еркін жасау құқығы емес. Еркіндік пен жауапкершілік – бір-бірінен ажырамайтын ұғым. Адамның еркіндігі басқа біреудің құқығына, қауіпсіздігіне немесе қоғамның ортақ тәртібіне зиян келтіретін жерден тоқтауы керек.
Бүгінгі әлеуметтік желінің ең үлкен мәселелерінің бірі – танымалдықтың кез келген жолмен ақталуы. Адамдар кейде «ең бастысы – мені көрсін» деген қағидамен әрекет етеді. Бірақ адамды қандай себеппен көріп жатқаны маңызды емес пе? Бір сәттік хайп үшін заңды бұзу оңай. Бірақ сол әрекеттен кейін қалыптасқан қоғамдық пікірді өзгерту қиын. Бірнеше минуттық эфирде оғаш қылық жасау оңай. Бірақ сол сәт үшін ата-ананың, отбасының, баланың алдында абыройдан айырылу – әлдеқайда ауыр. Бір ролик арқылы тез танылуға болады. Бірақ жақсы ат пен сенімді жылдар бойы қалыптастыру керек. Сондықтан әр әлеуметтік желі қолданушысы камераны қосар алдында өзіне бір ғана сұрақ қоюы керек шығар: «Ертең мен бұл әрекетім үшін ұяламын ба?» Егер адам осы сұраққа шынайы жауап бере алса, көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға болар еді.
Бүгін әзіл болып көрінген әрекет ертең сот алдында жауап беруге себеп болуы мүмкін. Бүгін «пранк» деп түсіндірілген қылық ертең біреудің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Бүгін қаралым үшін жасалған бейәдеп сөз ертең баланың санасында қалыпты мінез-құлыққа айналуы ықтимал. Сондықтан қоғамға заңды білетін адамдар ғана емес, заңды құрметтейтін азаматтар қажет.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ





