Уақып – ұрпаққа қалдырған сауапты мұра
Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, ел ішінде қайырымдылық пен жомарттықты өмір салтына айналдырған жандардың аз болмағанын көреміз. Жетім-жесірге жәрдем беру, мешіт пен медресе салу, шәкірт оқыту, ел игілігіне жер мен дүние арнау – халқымыздың рухани болмысында бұрыннан бар ізгі дәстүрлер. Ислам өркениетінде мұндай игілікті істің маңызды тетіктерінің бірі – уақып.Уақып – адамның өз мүлкін Алланың разылығы үшін белгілі бір игілікке арнап, оның пайдасын халыққа үздіксіз жеткізуі. Яғни уақыпқа берілген дүние бір адамның жеке пайдасына емес, қоғамның қажетіне қызмет етеді. Оның ерекшелігі, бір реттік садақадан айырмашылығы – сауабы ұзақ уақыт бойы жалғасып отыруында.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) садақаның үздіксіз сауабы жайында: «Адам қайтыс болған кезде оның амалы үзіледі. Тек үш нәрседен басқа: садақа жария (сауабы үзілмейтін садақа), адамдарға пайда беретін білім және артынан дұға ететін ізгі перзент», – деген. Осы хадистегі «садақа жария» ұғымы уақыптың мәнін түсінуге жол ашады.
Уақып институты ислам тарихында ерте кезеңдерден бастап қалыптасты. Мұсылман қоғамында адамдар өздерінің жерін, үйлерін, дүкендерін, бау-бақшаларын, егістік алқаптарын және басқа да мүліктерін қоғамдық қажеттілікке арнаған. Одан түскен пайда мешіттер мен медреселердің жұмысына, шәкірттерге көмек беруге, ауруханалар мен кітапханаларды қамтамасыз етуге, кедейлерге жәрдемдесуге жұмсалған.
Ислам өркениетінің ғылым мен білімде үлкен жетістіктерге жетуіне де уақыптың өзіндік үлесі болды. Көптеген ғалымдар білім алып, ұстаздық етіп, кітап жазуға мүмкіндік алған. Себебі олардың оқуына, тұруына және күнделікті қажеттіліктеріне уақыптан түскен қаражат жұмсалған.
Осылайша уақып жеке адамның қайырымдылығынан қоғамдық жүйеге айналып, білім мен мәдениеттің дамуына қызмет етті.
Уақып ұғымы қазақ қоғамына да жат емес. Ислам діні кең тараған өңірлерде мешіттер мен медреселердің қызметін қамтамасыз ету үшін жер, мал-мүлік және басқа да қаражаттың бөлінгенін тарихи деректерден кездестіруге болады. Мешіт тек намаз оқитын орын ғана емес, халыққа білім беретін, ағартушылық қызмет атқаратын рухани орталық болды. Ал мұндай орындардың тұрақты жұмыс істеуі үшін белгілі бір материалдық негіз қажет еді. Сондықтан ел ішіндегі ауқатты адамдар өз дәулетінен мешітке, медресеге, шәкірттерге және мұқтаж жандарға үлес бөліп отырған. Бұл – халықтың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, қоғам мүшелерінің бір-біріне деген жанашырлығын күшейткен. Уақыптың түпкі мақсаты да осыған саяды: жеке меншікті қоғам игілігіне айналдыру.
Бүгінгі таңда уақыптың маңызы бұрынғыдан кеміп отырған жоқ. Керісінше, қоғам дамыған сайын оның жаңа бағыттары пайда болуы мүмкін. Мысалы, уақып қаражаты арқылы мешіттер мен діни білім беру орындарын қолдауға, шәкірттерге білім гранттарын беруге, кітапханалар мен ғылыми жобаларды дамытуға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге болады. Бір адам үлкен көлемдегі қаражатқа ие болмауы мүмкін. Бірақ өзінің шамасына қарай белгілі бір мүлкін немесе табысын ұзақ мерзімді игілікке арнаса, оның пайдасы жылдар бойы жалғасуы ықтимал. Мәселен, бір адам кітапханаға ғимарат арнаса, сол жерде білім алған әрбір адамның сауабы оған да тиіп отырады. Біреу шәкірттердің оқуына жағдай жасаса, сол шәкірттердің алған білімі қоғамға тарайды. Ал біреудің мұқтаж жандарға тұрақты көмек көрсетуіне себепкер болған уақыбы көптеген адамның өміріне оң әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда уақып – садақа берудің ғана емес, болашақты ойлаудың мәдениеті.
Адам баласы өмір бойы дүние жинауға талпынады. Алайда өмірдің соңында адамның өзімен бірге алып кететіні – дүниесі емес, жасаған амалы. Сондықтан әр адам өзіне: «Менен кейін адамдарға қандай пайда қалады?» деген сұрақ қоюы керек. Үй, дүние-мүлік, дүкен немесе басқа да байлық адаммен өмірінің соңына дейін бірге қалуы мүмкін. Бірақ оны ізгі мақсатқа арнап, қоғам игілігіне айналдырса, сол дүниенің сауабы иесіне өмірден өткеннен кейін де жетіп тұрады. Уақыптың ең үлкен ерекшелігі осында. Ол адамды тек бүгінгі күнді емес, ертеңгі ұрпақты да ойлауға шақырады.
Уақыпты тек ауқатты адамдарға арналған амал деп түсіну дұрыс емес. Әрине, үлкен көлемде мүлік арнаған адамның мүмкіндігі мол. Бірақ ізгілік тек байлықтың көлемімен өлшенбейді. Қоғамда білімге, ғылымға, кітапқа, тәрбиеге, әлеуметтік көмекке мұқтаждық әрдайым болады. Сондықтан әр адам өз мүмкіндігіне қарай қоғамға пайда келтірудің жолын іздей алады. Бүгінгі ұрпақ үшін уақыптың мәнін қайта жаңғырту – рухани құндылықтарды нығайтып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікті де арттыра түседі. Уақып – бір адамның қолындағы дүниені көпшіліктің игілігіне айналдыратын ізгі дәстүр. Ол – жомарттықтың, жауапкершіліктің және болашаққа деген қамқорлықтың көрінісі. Бәлкім, адам дүниеден өткеннен кейін оның аты ұмытылар. Бірақ ол арнаған уақыптың пайдасы адамдарға тиіп тұрса, оның жасаған жақсылығының ізі жалғаса береді. Сондықтан уақып – бүгін берілген дүние ғана емес, ертеңге қалдырылған сауапты мұра.
Бақытжан Мұхамеджанұлы,
аудандық орталық мешіттің
наиб имамы
аудандық орталық мешіттің
наиб имамы






