Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жігерлі жауынгердің жеңіс жолы

Жігерлі жауынгердің жеңіс жолы

Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына биыл – 81 жыл. Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанымен, көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Сондықтан Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен қан майданда қаза болған боздақтарымыздың теңдессіз ерліктері ғасырлар бойы жасай береді. Өйткені олар кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін өздерінің азаматтық және патриоттық парыздарын абыроймен өтеді. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында батырлық пен ерліктің ғажап үлгілерін көрсеткен кімдер дегенде, Шиелі топырағынан майданға аттанған алты мыңға жуық жауынгерді түгел атауға болады. Олардың үштен екісі қаза тауып, майдан даласында қалды. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде теңізші, окопта әскер және тылда еңбеккер болғандардың бәрі де Ұлы Жеңіс үшін фашист оғына өз кеудесін тосты. Соның бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт еңбек майданының белсендісі Мырзақым Мұстафаев.
Мырзақым Мұстафаев 1921 жылы Шиелі топырағында дүниеге келген. Оның жастық шағы ел басына күн туған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. 1941 жылдың маусымында сұрапыл соғыс басталғанда, ол да мыңдаған қазақ жастары секілді 20 жасында Отан қорғау жолына аттанды. Сол бір зұлмат жылдарда майдан даласы қан мен тердің, ерлік пен өрліктің алаңына айналды. Жауынгерлер туған жердің әр уыс топырағын қорғау үшін ажалмен бетпе-бет келіп жатты.
«Отан үшін отқа түс – күймейсің». Бауыржан Момышұлының осы бір сөзі майдангерлердің жүрегіне күш-қуат берген ұрандай еді. Мырзақым да осы қасиетті ұғымды жанына серік етіп, ерлік жолына түсті.
1941 жылдың желтоқсан айынан 1943 жылдың наурыз айына дейін ол неміс-фашист басқыншыларына қарсы қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Калинин майданында ауыр артиллерия полкінің құрамында жаумен шайқасып, талай сын сағаттарды бастан өткерді. Қар жамылған ормандар мен оқ жаңбырша жауған майдан даласында әр күн өмір мен өлімнің арпалысына айналды. Жауынгерлер үшін тыныш таң атуының өзі үлкен бақыт болатын.
От шарпыған майданда көзсіз ерлік көрсеткен ол 1943 жылдың наурыз айында кезекті шайқастардың бірінде оң қолынан ауыр жарақат алады. Жараланған жауынгер Шяуляй қаласындағы госпитальға жеткізіледі. Майдан даласындағы әр жара – ерліктің ізі, Отан алдындағы адал қызметтің белгісі еді. «Тек жаудың табаны өз жерімізге тимесін» деген ұстаныммен қасқайып қарсы тұрған жауынгерлер жарақатын ойлап жатпады. Барынша елді азат ету үшін қасық қаны таусылғанша күресті. М.Мұстафаев 1943 жылдың наурызынан маусым айына дейін госпитальда емделіп, кейін екінші топтағы мүгедек ретінде елге оралады.
Осы сәтте «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Батық Мәжитұлының соғыстан оралған жауынгерлер туралы жазған жазбасы ойға сап кете қалды. Ол: «Соғыстан қайтқан солдаттар. Олар қан майданға аттанған мұңлы эшолонға отырғанда, өмірдің қызығын көріп үлгермеген бозбалалар еді. Тіпті, кейбірі бойжеткендерге сыр ақтарып, хат жазып та үлгерген жоқ. Арудың жүзіне тіктеп қарай алмайтын сол балалар соғыс өртінде есейді. Жүз жылдық, мың жылдық ғұмыр кешкендей, көпті көрген көнекөздердей, жүректері тілім-тілім күйде әр қатарда бір селдір болып атамекенге оралды. Олар соғыс қасіретінің не екенін біледі. Оны көңілдің сыр сандықтарына жасырып, аузын құлыптап үнсіз отыратын. Ағарған шаштарынан, әжімді маңдайларынан, күреңіткен жүздерінен зер салып қараған адамдарға бәрі көрініп тұрушы еді…
… Қайран әкелер, орден-медальдардың сиқырына елтіген жоқ. Олар үшін тіршіліктің ең үлкен наградасы – талқаны таусылмай, балдаққа сүйенсе де қоңырқай шаңырағына аман-сау оралғандары еді. Содан да болар, соғыс ардагерлері шүкіршіл, қанағатшыл, көрген қасіреттерінің бізге белгісіз тылсымдарын өздерімен бірге үнсіз ғана бақилыққа алып кетіп жатқандарын біреу түсінеді, біреу түсінбейді» деген екен.
Расында, майдандағы жанқиярлық ерлігі үшін Мырзақым Мұстафаев бірнеше мәрте марапатқа ие болды. «Калинин майданындағы ұрыстарда көрсеткен батылдығы үшін» медалімен наградталды. Сондай-ақ «Германияны жеңгені үшін» медальмен және «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталды. Бұл марапаттар – оған көрсетілген құрмет ғана емес, елге деген адалдықтың, қайсарлықтың және жауынгерлік рухтың айғағы еді. Алайда, майдангер үшін бұл орден-медаль сұрапыл соғыстағы жанкешті сәттерді еске салатын естеліктей еді. Содан болар атақ-даңққа елітпеді. Жаралы жауынгер бейбіт күндегі еңбек майданына еш ойланбастан еніп кетті.
Майданда шыңдалған тәртіп пен жауапкершілік Мырзақымның кейінгі бейбіт өміріндегі еңбек жолынан да анық көрінді. Соғыстан кейін ол Шымкенттегі кооператив техникумында сырттай білім алып, сауда саласында еңбек етеді. Ел еңсесін көтеріп, қираған шаруашылықты қалпына келтіру кезеңінде білімді де іскер мамандар қажет болды. Мырзақым осы міндетті абыроймен атқарды.
1955-1956 жылдары Коммунистік партия ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлген кезде, оны ауыл шаруашылығы саласына жұмысқа шақырады. Сол жылдары Тартоғай совхозында басшылық қызмет атқарып жүрген Мырзақым партия ұйымының жауапты өкілі ретінде В.И.Ленин атындағы колхозға жіберіледі. Алғашында ірі қара фермасында есепші болып еңбек етеді.
1958-1960 жылдары құрылыс бригадасының бригадирі болып қызмет атқарады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында колхозда бірнеше көшеге стандарт үлгідегі жаңа үйлер салынады. Соғыстан жүдеген ел үшін бұл үлкен жаңалық еді. Енді ғана тұрмысы түзеле бастаған тұрғындардың еңсесін көтерді. Бұл игі бастама аудандық газет беттерінде жарияланып, Мырзақым Мұстафаевтың суреті баспасөзге де шықты. Ол кезде жаңа үйлер тұрғызу ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартудағы маңызды қадам болатын.
Қай қызметте жүрсе де Мырзақым атаның басты қасиеті – адалдық пен жауапкершілік еді. Сондықтан колхоз басқармасы оған өндіріс бригадасын басқаруды сеніп тапсырды. Бұл міндетті де ол үлкен іскерлікпен атқарып, шаруашылықтың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жеңісті жақындату үшін жанын салған жаралы жауынгер еңбек майданында да жеңіске жете білді.
Замандастары оның қандай қызметке тағайындалса да сенімді ақтай білетінін ерекше құрметпен еске алады. Еңбек жолының соңына дейін колхоз басқармасында және шаруашылықтың түрлі саласында аянбай еңбек етті. Соғыс жылдарында қолына қару ұстап елін қорғаған азамат бейбіт күнде де маңдай терімен туған жерінің өркендеуіне қызмет етті.
Мырзақым мен жары Разия ана тағдырдың талай сынағынан бірге өтіп, өнегелі отбасының үлгісін көрсетті. Олар бес бала тәрбиелеп өсірді. Разия Төленова колхоз бухгалтериясында есепші болып еңбек етті. Отбасының берекесін кіргізіп, балаларын білім мен еңбекке баулыды. Бесігін тербете жүріп, халыққа қызмет етті. Ол «Абай», «Ленин», «Төңкеріс» ауылдарында халыққа қызмет көрсететін пошта бөлімшесін 17 жыл бойы басқарып, зейнет демалысына шықты. Ерлі-зайыптылардың балалары да ата-анасының жолын жалғап, елге қызмет ететін азаматтар болып өсті.
Үлкен қызы Салима Жамбыл облысы, Қаратау қаласының құрметті азаматы атанып, білім жолында абыройлы қызмет атқарды. Екінші қызы Сәбира жоғары білімді, ағылшын тілінің маманы болса, Мадина мен кенже қызы Халида экономика саласында еңбек етіп, жоғары білім иесі атанды. Ұлы Нұрлан технология ­институтын тәмамдап, жары Ғалия екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде олардың ұрпақтары ата мен әженің өнегелі жолын мақтан тұтады. Немере-шөберелері майдангер атаның ерлігі мен еңбекқорлығын аңыз етіп айтып өсуде.
Мырзақым Мұстафаев – Отан үшін от кешкен батыр жауынгер ғана емес, бейбіт өмірдің де қаһарманы. Ол соғыста ерлік көрсетіп, елге аман оралған соң туған жерінің гүлденуіне бар күш-жігерін жұмсады. Оның ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тағылым мектебі.
Бауыржан Момышұлы: «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүрегін жұлып беретін ерлер керек» деген еді. Мырзақым Мұстафаев дәл осындай елін сүйген ерлердің қатарынан еді. ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде 500-ден астам көшеге Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің есімі берілетінін мәлімдеген болатын. Әрине елін қорғаған батырлардың есімі халық жадында мәңгі сақталуы тиіс. Сондықтан туған ауылындағы бір көшеге Мырзақым Мұстафаевтың есімі берілсе, бұл кейінгі ұрпаққа көрсетілген үлкен өнеге болар еді. Ер есімі – ел есінде. Оның ерлігі де, еңбегі де ешқашан ұмытылмақ емес.

Г.Әбдіханиқызы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
24 тамыз 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (9430).

22 тамыз 2026 ж.

№62 (9429)

18 тамыз 2026 ж.

№61 (9428).

15 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31