Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас берудің ауқымын кеңейтсек игі

Ас берудің ауқымын кеңейтсек игі

Бұ дүниедегі көрер қызығы таусылып, бақилық болған ата-баба аруағына ас беріп, дұға бағыштау әріден келе жатқан үрдіс екенін жақсы білеміз. Ықылым заманнан келе жатқан бұл дәстүрдің бүгінгі көрінісі қандай? Өткен мен бүгінді салыстырып, сараласақ.

Егемендік алған күн мен бүгіннің арасы отыз жылға тақады. Көш түзеліп, елдің ахуалы оңалды. Технология қарыштады. Оқысаңыз, білім алсаңыз, кәсіптің көзін тапсаңыз болды, мақсатыңызға жетуге жол ашылады.
Ас беру дәстүрі де дәл солай. Осыдан жиырма жыл бұрын жайылған дастарқан мен оның бүгінгі көрінісін салыстыра алмаймыз. Қонақ келсе, қорадағы жалғыз малын құрбандыққа шалатын қонақжай қазекең жиған-тергенін тойда, құдайы аста шашатыны жасырын емес.
Қазақ даласындағы тоқшылықтың әсері торқалы той мен қайғылы қазаның дастарқанын ажырата алмайтын дәрежеге алып келді. Қолдағы барын қанағат тұтпай, құдайы асты өткізу үшін банк жағалағандар да пайда болды арамызда.
Алланың жүз мейірімі бар десек, жер бетіндегісі оның тек бір бөлігі ғана екен. Яғни ана мен бала, туған-туысқандар, қыз бен жігіт, бауырлар, достар арасындағы мейірімділік, табиғатқа сүйіспеншіліктің барлығы осы бір бөлігіне кіреді екен. Жүректе мейірімділіктің оты лаулап тұрған соң, адам баласы бір-бірін жамандыққа қисын ба? Бұл жалған дүниедегі ішіп, жейтін дәм-тұзы таусылса да, «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», «Алла тағала алдынан жарылқасын» деп дұға жасап жатамыз. Бірақ соңғы уақытта сондай басқосуларда халық сауаптан көрі ұятты алға қойғандай көрінеді.
Табараниден жеткен хадисте «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» деп айтылған. Құдайы ас – тамаққа мұқтаж жандарға берілетін садақа. Жоқтың жыртығын жамап, қарындарын тойдырып, жасалған ізгі амалдың сауабын марқұмның аруағына бағыштау. Бірақ бір түйір нанға зәру жандар қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда жоқтың қасы екенін жақсы білеміз.
Адам баласы жан тапсырған соң оның амал дәптері жабылады. Бірақ артынан тоқтаусыз барып тұратын амалдар бар. Пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалармен отырған уақытта:
– Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтайды, – дейді. Қасындағы сахабалар таңырқап:
– Уа, Алланың елшісі! Ажалдың өзі тоқтата алмайтын ол не қылған үш амал? – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Біріншісі, жүріп тұратын садақасы. Екіншісі, тастап кеткен пайдалы білімі. Үшіншісі, өзіне дұға етіп отыратын салиқалы ұрпағы, – деп айтады. Бұл жерде айтылған, жүріп тұратын садақа – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, құдық қазу, су құбырын жүргізу, мешіт салу, қайырымдылық мақсатта халыққа қажетті ғимараттар салу. Аурухана, мешіт, мектеп сынды қайырымды жанның демеушілігімен салынған ғимараттарды адамдар пайдаланған сайын сауабы сол іске себепші болған кісілерге жетіп отырады. Бұлардың сауабы мен марапаты бұл дүниеде һәм ақыретте беріледі екен.
Хазіреті Сағд Пайғамбардың (с.а.у.) қасына келіп: «Ей, Алланың елшісі! Анам мен жоқта бақиға аттанды. Оның атынан садақа берсем, сауабы маған да жазыла ма?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.у.): «Иә», – деп ­жауап береді. Сонда Сағд Пайғамбарға қарап тұрып: «Уа, Алланың расулы! Сен өзің куә болғайсың! Мынау бау-бақшамды анамның атынан садақа ретінде беремін», – дейді.
Соңғы уақытта жастардың үйлену тойында ысырапшылдыққа жол бермеу үшін, жастар серуенінің орнына қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға азық-түліктей көмек беруді қолға алуда. Осы секілді құдайы ас беруге де жаңашылдық керек секілді. Халық арасында қалыптасқан жүз күндік ас, жылдық асты берерде тек жақын ағайын-туыстың басын қосып, Құран бағыштап, қалған қаржыны жалпы қоғамға пайдасы тиетін сауапты істерге жұмсаса, нұр үстіне нұр болмай ма? Мәселен, көше бойына, ауыл-ауылдың арасына қаз-қатар ағаш егілсе, ертеңгі күні сол ағаштар көркейіп, көктеп жатса, елді мекенге көрік беріп, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға себеп болар еді. Кент ішіндегі скверлерге ұқсас, ауылдарда да тынығатын, ауыл тұрғындары бас қосып, балалары ойнайтын саяжайлар салынса, халықтың ризашылығына бөленбей ме? Иә, бұл бір адамның қолынан келетін дүние емес, дегенмен «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бар. Бірі ағаш ексе, екіншісі көпір салса, үшіншісі балалар ойнайтын алаң әзірлесе, қанекей?!
Немесе құдайы астарда сойылатын ірі қараның орнына уақ мал алып, мұқтаж жанға берсе, кім біледі, сол мал қалтасы жұқаның шаруасын қалпына келтіруге себепші болар ма еді? Сонымен қатар хадисте «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде» деген. Осы амалымыз арқылы сауапқа да кенеліп, қоғамға да пайдамызды тигізер едік.

Ерұлан ДАТКЕНОВ


11 қаңтар 2020 ж. 755 0