Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЫСЫРАПШЫЛЫҚ ПЕН БӘСЕКЕ

ЫСЫРАПШЫЛЫҚ ПЕН БӘСЕКЕ



еЛ АРАСЫНАН ЖИІ ЕСТИТІН «ЫСЫРАПШЫЛЫҚ – АЛЛА ТАҒАЛА СҮЙМЕЙТІН ІС», – ДЕГЕН СӨЗ КӨПТЕГЕН ОЙЛАРДЫ ІШІНДЕ БҮГІП ОТЫРҒАНЫ БЕЛГІЛІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ДІН ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ АТҚАРЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР ТОЙ ДАСТАРҚАНЫ МЕН ҚҰДАЙЫ АСТЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ БОЛУ КЕРЕКТІГІН АЛҒА ТАРТЫП, НАСИХАТ ЖАСАҒАНЫМЕН, БҰЛ КЕЙ ЖЕРЛЕРДЕ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ТЫЙЫЛМАЙ ОТЫР.
«Ұят болады», «Жұртқа таба болмайық» деген сөздердің әсерінен ысырапшылдық дерті араға күн салып, елді жайлап барады. Қазақ үшін шығын көп. «Жұрт не дейді?» деген желеу талайдың соңғы асын сарқып, қара нан мен суға қаратады.  Тойды өткізу былай тұрсын, құдайы ас беруде де бәсекелестік пайда бола бастаған секілді. Күнделікті құдайы астың мәзірі той дастарқанынан асып-түсіп жататынын көріп те, естіп те жүрміз. Қазір садақа мәзірінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар десек, қателеспейміз. Бұрын қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілген. Бүгінгі күні қаншалықты осы әрекет орындалуда?! Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгіме ететіндер де кездеседі. Басты мақсатымыз – қуаныш пен қазаның аражігін ажыратып, халықты ысырапшылдыққа жол бермеуге үндеу, садақа мәзірін мейлінше қарапайымдылыққа негіздесек дейміз. Жылдық асты мейрамханаларда өткізіп, той іспетті кезектесіп сөз алуды, тілек айтуды қанымызға да сіңіріп алдық. Тіпті, бертін келе жүз күндік асы, қырық күндік асын мейрамханада өткізетіндер де кездесуде. Бұл баршылықтың әсерінен дейін десек, кей жерлерде жаназа намазын өткізу үшін де несие алып жатқан азаматтар жайлы алып-қашпа әңгімелерді құлағымыз шалуда. Иә, күнделікті тіршілік бәсекеге айналған заманда қатарынан қалғысы келмегендердің ісі болар бәлкім. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген осы, міне. Дегенмен, Қасиетті Құран кәрімдегі «Исра» сүресі, 27 аятында: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал, шайтан болса, раббысына тым күпірлік етуші» – деп, ысырап етудің күнә екендігін, оның тіпті кісіні шайтанға бауыр ететін жаратушымызға жағымсыз іс екендігін айтады.
Осыған орай еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу мақсатында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын жарыққа шығарған болатын. Бұл кітап ғұламалар кеңесінде 2 жыл қаралып, дайындалды. Кітапта жаназаға қатысты үкімдер топтастырылды. Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдебі жан-жақты қамтылды. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабын шығарудағы негізгі мақсат – еліміз бойынша діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу. Сондықтан, енді менің ойымша деген сөзді азайтып, тек осы кітап негізінде амал етсек жеткілікті.
Осы кітап негізінде жер-жерлерде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ысырапшылықтың алдын алу мақсатында кездесулер өтуде. Ауданның бас имамы Рахат Ахметов бастаған топ барлық елді мекеннің қақпасын қағып, ақсақалдардың басын қосып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – кітапта көрсетілгендей. Діни рәсімдерді бір ізге келтіру, ысырапқа, шариғатқа қайшы әдеттерге жол бермеу.
Бүгінгі күнге дейін диалект сөз секілді жаназа өткізу рәсімі де жер-жерлерде өзгешелігі бар болатын. Сол себепті, бұл тұста тартыс-таластар да туындап тұратын. Бір үйден екі мәйіт шықса, біреуін есіктен, екіншісін терезеден шығару мәселесі де көптің көкейінде тұрған сұрақ болатын. Бұл кітап осы секілді сұрақтарға жауап болды. Барлық қазақстандықтарға ортақ пәтуалар жиынтығы көптеген сұрақтарға жауап берді.
Ас беру мәзірін ҚМДБ-сы өткен жылы-ақ әзірлеп, жария еткен болатын. Жуырда көрші жаңақорғандықтар да ортақ мәзір дайындап, аудан бойынша сол мәзір бойынша ас беретін болып шешім қабылдапты. Ендігі жерде бізде ортақ мәмілеге келіп, ысыраптың жолын тиғанымыз абзал.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.
08 сәуір 2018 ж. 4 242 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930