Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жоралғының жөні осы екен деп...

Жоралғының жөні осы екен деп...

Жаз басталса жиын-тойдың саны артып, күніге бір шақырған жер шығып тұрады емес пе? Сондай арнайы шақырумен түнеугүні аудан орталығындағы танымал мейрамхананың біріне жолымыз түсіп, осыдан тура бір жыл бұрын жол апатына ұшырап, шиіттей балалары мен құдай қосқан қосағын тастап, мәңгілік мекеніне аттанып кеткен танысымның жылдық асында болып қайттым. Жаңа ғасырдың «тажалына» айналған жол апатынан бүгін де талай жас қыршын кетті. Оқиға орын алып, адам шығыны болып жатса да, «ажалдан кім құтылған», «пешенесіне жазылғаны осы шығар», «артындағылары аман болсын» деген сөздермен өзімізді жұбатып жатамыз. Әрі-беріден соң «өзіміз де сол жолда жүрміз ғой» деп әлденеден сескеніп, тәртіп бұзып, дүйім бір әулеттің тағдырын тас-талқан етіп, өмірінің астаң-кестеңін шығарған жандарға араша түсіп қаламыз. Ал жапа шегіп, мерт болғандар ше? Оларды кім ойлайды? Іштей мүсіркеп, тағдырға тапсырып, тыныш отыра береміз бе? Иә, бұл сөзіміз қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін оқырман өзі аражігін ажырата жатар. Дегенмен жол қауіпсіздігін сақтаймыз деп, көшеде ызғып жүрген полиция қызметкерлері жұмысына жауапкершілікпен қарап, өңірде көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруы қажет-ақ. Өйтпеген жағдайда әлгіндегідей жылдық астың қатары көбеймесе, сиремесі анық.

Ас демекші, біздегі құдайы астардың бүгінгі форматы мүлде бөлек болып барады. Оны байқап та жүрген боларсыздар. Қазақтың әуелдегі құдайы тамақ беру әдебіне үңілетін болсақ, өлгендерге сауабы тиіп қалуы ықтимал деп істелетін бұл ғұрып кісінің өз шаңырағында не болмаса жақын-жуық, ағайын-тумаларының отанында өтетін еді. Ол заман адамдарының ниеті мен бас­ты мақсаты Алла разылығына бөленіп, сол арқылы оқыған Құран мен ішіп-жеген тағамнан болған сауапты өлгендерге бағыштау болатын. Содан соң байырғы құдайы садақаларда аста-төк ысырап дейтін ұғым жоқ-етін. Ал асқа келушілердің жүзіне қарап, өздерінің қандай жерге келіп тұрғанын көріп, мейлінше артық сөз бен жағымсыз іс-әрекеттен бойларын алыс ұстап, нәпсілерін тізгіндеп, әдеп сақтап тұрғанын байқаушы едік. Солайша қайғы жұтып, қансырап тұрған отбасыға көңіл білдіріп, азаларына ортақтасып, сөзбен демеу білдіретін. Ал қазір ше? Әрине, бұл үрдіс түп тамырымен жойылды дей алмаймыз. Әлі де болса, сарқыншағы сақталған жерлер бар. Дей тұрғанмен халық арасында асыра ысырап етіп, шариғат пен қазақы ғадетке жат жағдаяттар қылаң беріп, жаңалық жасап жатқандар да кездеседі. Бұндай дүниелер ел ішінде екіұдай түсінік туғызып, соңы түсініспеушілікке алып келуде.
Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік. Біз барған аста кәдуілгі тойдағы секілді ортада ауданға танымал имам жігіт асабалық етті. Дәм алдындағы дұға жасалғаннан кейін қызметіне кіріскен асаба молда көңілге қонымды-қонымсыз уағыз-насихатын айтып болған соң, «асабаның алаңына» марқұмның жақын-жуық ағайындары мен көз көрген дос-жарандарын атын атап шақыра бастады. Сөйтсек ас иелеріне көңіл айтып, марқұмды еске алып, жақсы сөздерін айтсын дегені екен. Содан төтеннен шақырту алған кісілер аз уақыт абдырап, әлгі жерде не айтарын білмей біраз саст­ы. Не керек, тойдың сарынына түсіп тілек айтуға көшті. Қасымда отырған жетпістің желкенін тартқан көкем екеуміз мұндайды бұрын-соңды көрмегендіктен болар «апам да аң-таң, мен де аң-таң» дегеннің күйін кешіп, болып жатқан жағдайды түсіне алмадық.
Жалпы құдайы астарда дүниеден өткендерге Құран бағыштап, дұға жасаудан бөлек, өлілерді еске алып, олар жайлы естелік сөз айту ұғымы шариғатта бар ма? Болған жағдайда оның шарттары қандай? Әлде бұл үрдіс өзге дін өкілдеріне тән амал ма? Міне, тізбектелген осыдай сұрақтардың нақты жауабын іздеп, біз ауданның бас имамы Бақыт Улжаевқа хабарласқан едік. Бас имам мұндай көріністер елдегі ірі қалаларда да орын алып жатқанын, құдайы тағамның да «тамадасы» бар екенін растап отыр. Ал оның дұрыс не бұрыс екендігін тек ҚМДБ-ның пәтуа шығару бөлімі білетінін айтты. Қалай дегенмен де көзге тұрпайы, ақылға қонымсыз мұндай іс-әрекеттерді осы уақытта жөнге келтіріп, бір жүйеге салатын кез келді. Иә, болашақ ұрпаққа қазақы салт-дәстүр мен ырым-тыйым, діни жоралғыларды адал аманаттау үшін бірінші кезекте осы тектес күмәнді істерден ада болуымыз қажет.

Елдос Жүсіп
06 тамыз 2019 ж. 519 0