ДІНИ РӘСІМДЕРГЕ РЕФОРМА КЕРЕК
Дін қазақ даласына VII ғасырдың басында кіре бастады. Ғалымдар болса, Ислам діні қазақ жеріне күштеп енгізілмегенін алға тартады. Иә, ата-бабаларымыз дінге келгенде өте сауатты болды. Балаларын медреседе молдаларға оқытты. Не істесе де пайғамбарымыз салған сара жолмен жүрді.
Бертін келе кеңес үкіметі тұсында «Атеизмнің» оты жанып, «Құдай жоқ» деген ұранға көпшілік ерді. «Биссмила» деген оққа ұшырап, қазақ халқы діннен біртабан алшақтады. Бірақ, аталарымыздың көрегенділігінің арқасында дінді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырды. Мысалы: «Бөлінгенді бөрі жейді» нақыл сөздің түп-тамыры хадис. Болмайды, жаман болады деумен шариғатқа қарсы келетіндерден тыйды.
Міне, Тәуелсіздігімізді алғанымызға да 26 жылдың жүзі болды. Ол, дініміз бен діліміздің оралғанына да 26 жыл болды деген сөз. Дегенмен, осынша уақыттың ішінде халықтың діни сауаты артты ма? Я, бүгін барлық ауылда жаңа мешіттер бар. Имамдар жұмыс жасауда. Көрсеткіштерге көз салсақ, 82 мың халқы бар Шиелі ауданында жұма намазға 1600-ге жуық адам қатысады екен. Жұма намазға барғандардың барлығын дерлік діни сауатты дей алмаймыз. Жат ағымның жетегіне ерудің де бір себебі осы, діни сауатсыздық. Ел арасында діни жоралғылар да орын алатын талас-тартыс та осы діннен хабар болмағандығының жемісі. Той мен құдайы ас дастарқандарының айырмашылығы туралы діни басқарманың жар салғанына да жылдан астам уақыт болды. Тіпті, «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап та жарыққа шықты. Онда: «Қара жамылып отырған үйден ас ішуге қатысты шариғатымызда: «Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын» делінген. Сондай-ақ, қазалы үйге ауыртпалық салуға тыйым салынатындығы, алыстан келген қонақтарға берілетін дастарқанды марқұмның туыстарының, жора-жолдастарының немесе көршілерінің үйінде жасаған жөн екендігі анық айтылады. Жаназа дастарқанын той секілді жасап, ысырапқа ұрынбау үшін ас мәзірін бекітті. Бірақ, бүгінгі күні жаназа мен ас беру мәселесі бір қалыпқа қойылмай отыр. Бұл бақталастық па, әлде сауатсыздық па?
Қазақта «жеті нәрсеге асығу керек» дейді. «Қонаққа дастарқан жаюға, қателігіңе кешірім сұрауға, қарызды өтеуге, бойжеткенді ұзатуға, қазалы жанды көмуге, егінді егуге, оның өнімін теруге асық» дейді. Өзіміз күнделікті тіршілікте көріп жүрген жаназа қалай өтуде? Бірінші кезекте, көше жағалап, самаурын жиналады. Мал сойылып, шатыр тігіледі. «Алыстағы ағайын келсін» деп мәйітті 1-2 күнге сақтап қояды.
Қызылқайың ауылының имамы Әшімхан Теміровтың ойынша құдайы астың дастарқан мәзірінің бір жолға қойылмауының бір себебі: «Мәйітті тез жерлемегендіктен», – дейді. «Алыстағы ағайын ала дорбасын арқалап, ауылға жетем дегенше мәйіт үйде сақталады. Ал, жаназа намазы өтпей жиылған жұрт тарқамайды. Қазалы үйде қызмет жасап жүргендер мен ауылдардағы қойы қоралас ағайындар сол үйде болады. Олардың барлығына тамақ пен шәй керек. 40-100 күндік, жылдық астарда соңғы уақытта бәсекелестік пайда болды. Құдайы ас та тойға айналып барады. Арнайы асаба жалданып, өлеңдер шырқалатын болды. Топтасып, тілек айту тағы бар» дейді ауыл имамы.
Иә, әр нәрсенің шешімі болады. Жаназа, ас беру рәсімін жөнге қою үшін ауыл-ауылдардағы ардагерлер мен мешіт имамдарының басын қосып, кеңес өткізіп, ортақ шешімге келу керек сияқты.
Ерұлан ДАТКЕНОВ