Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тиын сұрап тілену тренд пе?

Тиын сұрап тілену тренд пе?

Цифрлық дәуір адамзатқа бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер сыйлап келеді. Бүгінде әлеуметтік желі – ақпарат таратудың ғана емес, табыс табудың, кәсіп жүргізудің, қоғаммен байланыс орнатудың қуатты құралына айналды. Бір сәтте мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға үн қатуға болады. Көмекке мұқтаж жандар да осы алаң арқылы жанайқайын жеткізіп, көптің қолдауына ие болып жүр. Бұны – заман жетістігі, өркениеттің игілігі деп қабылдаймыз.
Әлеуметтік желінің әлеуеті – шексіз. Ол біреуге табыс көзі, біреуге танымалдық алаңы, енді біреуге үміт сәулесі. Алайда соңғы уақытта осы мүмкіндікті өзгеше пайдаланудың жаңа түрі пайда болғандай. Ол – күн өткен сайын тарап бара жатқан тиын сұрап, тілену. Бір қарағанда, бұл – зиянсыз әрекет. «Әркім өз еркімен береді» деген уәж де айтылады. Бірақ мәселенің түбіне үңілсек, астарында қоғамға әсер ететін күрделі өзгерістер жатыр. Бұрын ел ішінде «жоқты жасырып, барды асыру» деген ұғым бар еді. Намыс пен ұятты биік қойған халықтың ұрпағы бүгінде көпшілік алдында еш қысылмай, көлік алуға, үйін жөндеуге, жеке қажеттілігіне ақша сұрауды әдет қылып алған.
Желіні аша қалсаң «әр оқырман 500-1000 теңгеден берсе», «арманыма жету үшін аз ғана қаржы керек» деген мазмұндағы бейнежазбалар көбейді. Көлік алу, үй жөндеу, демалысқа шығу – бәрі де «ұжымдық қаржыландыруға» ұсынылып жатыр. Бұл енді шынайы мұқтаждық емес, жеңіл жолмен табыс табудың тәсілі емей немене? Егер осы үрдіс жалғаса берсе, қайыр сұрау да бір «контент түріне», тіпті «кәсіби қайыршылыққа» ұласып кетпей ме?
Өзіміздің алақандай ауданда да «көптен жылу күту» белең алып барады. Шынайы мұқтаждықтан деуге келмейді. Өз ортасын атанымалдар трендтен қалмаудың амалы немесе армандаған дүниеге төте жолмен жетудің жеңіл тәсілін осылай тапқан сыңайлы.
Өкініштісі, жастарға үлгі боларлық болмысын қалыптастырып келе жатқан жандардың көпшілік алдында «аз-кем көмек» сұрап, ұсақталып кеткені. Себебі көпшілік соларға қарап бой түзейді. Егер желідегі ықпалды адамдардың өзі жеңіл жолды таңдаса, онда жас буын қандай бағыт ұстанады? «Еңбектенбей-ақ, елден сұрап алуға болады» деген түсінік сананың түкпіріне сіңіп кетпей ме? Бұл – ертеңгі еңбек нарығына да, жалпы қоғамдық моральға да кері әсер ететін қауіпті үрдіс.
Қай қоғамда болсын, сұраудың да, берудің де өз әдебі бар. Қайырымдылық – қадірлі ұғым. Ал оны орынсыз пайдалану – сол құндылықты арзандату. Әсіресе, өз қадірін өзі түсіріп, жұрт алдында ұсақталу – ешбір жетістікке апармайды. Керісінше, адам беделін түсіріп, сенімге сызат түсіреді.
Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамайық. Әлеуметтік желідегі әр әрекет – жеке адамның ғана емес, қоғамның айнасы. Егер біз осы үрдіске бейжай қарасақ, ертең «тілену мәдениеті» қалыпты жағдайға айналып кетуі әбден мүмкін.
Ең өкініштісі – мұның бәрі шынайы мұқтаж жандардың үмітіне көлеңке түсіреді. Шын көмекке зәру адам мен жай ғана «жеңіл жол іздегеннің» арасы ажырамай қалса, қоғамның мейірімі де, сенімі де әлсірейді.
Мұның қауіптілігі – тек ақшада емес, санада. Біріншіден, еңбек құндылығы әлсірейді. Адам маңдай термен табудың орнына, аудиторияға әсер етіп, эмоция арқылы қаржы жинауды оңай жол деп қабылдай бастайды. Екіншіден, қоғамда масылдық психология қалыптасуы мүмкін. «Жұрт береді ғой» деген ой жеке жауапкершілікті төмендетеді.
Үшіншіден, бұл – сенімге сызат түсіреді. Бүгін шын мұқтаж жан көмек сұраса, ертең адамдар күмәнмен қарайтын болады. Себебі жалған өтініштер көбейген сайын, шынайы жанайқайдың дауысы көмескіленеді. Қайырымдылықтың қадірі кетіп, оның өзі тренд пен хайптың құралына айналуы ықтимал.
Әлеуметтік желіде танымалдық жинап, соны табыс көзіне айналдырудың заңды жолдары жетерлік. Бірақ еңбексіз, маңдай терсіз, тек аудиторияның жанашырлығына сүйеніп пайда табу қоғамның онсыз да арыла алмай жүрген масылдық психологиясын одан әрі үдетуі әбден мүмкін.
Әрине, бұл жерде бәрін бірдей кінәлауға болмайды. Әлеуметтік желі арқылы ауыр дерттен айығып, баспаналы болып жатқан жандар – нақты дәлел. Халықтың кеңпейілдігі, жанашырлығы әлі де бар. Бірақ дәл сол мейірімділік пен сенімді теріс пайдалану – қоғамға жасалған қиянатпен тең.

Бұған қандай тосқауыл болуы керек?
Тиын сұрап тілену уақытша құбылыс па, әлде терең әлеуметтік мәселенің белгісі ме оны уақыт көрсетеді. Дегенмен бір нәрсе анық, егер бұл әрекет қалыпты нормаға айналса, онда қоғамдағы құндылықтар жүйесі өзгеріп бара жатыр деген сөз.
Қазақ «ұят болады» деп талай істен тыйылған. Ұлттық болмысымызда ар-ождан ұғымы әрдайым жоғары тұрған. Намыс пен арды биік қойған елміз. Сол қасиеттерді ұмытпай, заманауи мүмкіндіктерді де жауапкершілікпен пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы.
Тиын сұрау – тренд емес, таңдау. Ал әр таңдау – болашақтың бағытын айқындайды.

Гүлхан ЯХИЯ
27 сәуір 2026 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

№29 (9396)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (9395)

18 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930