Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік желіде абай бол, әлеумет

Әлеуметтік желіде абай бол, әлеумет

Бүгінде әркімнің қолына ұстағаны смартфон мен қолтығына қысқаны – заманауи үлгідегі ноутбук пен планшеттер. Бұлардың барлығы дерлік интернет желісіне қосылып, ғаламторға жалғанған. Олай болмаса, құрылғылардың құны бір тиын болып, пайдаға жарамсыз саналатын дәрежеге жетті. Оны елімізде жарияланған Төтенше жағдайға байланысты интернетті уақытша өшіргенде аңғардық. Себебі, қазіргі адамдардың дүйім көпшілігінде осы техникалардың ішіндегі түрлі әлеуметтік желілерге деген қажеттілік жоғары. Ал «санасаң санынан жаңылатын әлеуметтік желілер біздің қоғамның жаппай «әлеуметсізденуіне» алып келмей ме?» деген сұрақ туындайды көкейде…
Иә, желінің жағымды тұстары жоқ емес. Әлемдік пандемия жағдайында қашықтықтан жұмыс істеп, онлайн білім алудың өзі осы әлеуметтік желінің әлде қайда дамып кеткендігінің дәлелі емес пе? Сонымен қатар, қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар баршылық. Өйткені, бұл – ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жария­­лап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті, қазір желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Сондай-ақ, компаниялар өздеріне жұмыскер іздеуде де осы әлеуметтік желінің көмегіне жүгініп жүр.
Алайда, жақсы тұстарын жарнамалап жеткізгенімізбен, жаманын жасырып қала алмасымыз да анық. Себебі, жалған ақпаратқа түрткі болатын, алтындай уақыттың жауына айналған да – осы әлеуметтік желі екені баршаға аян. Статистикаға жүгінсек, әлемдегі 7 мен 50 жас аралығындағы әрбір жер тұрғыны ең құрығанда бір әлеуметтік желіде тіркелген екен. Отандық сарапшылардың пікірінше, дүниежүзіндегі отыз жасқа дейінгі халықтың 50 пайызы, жаңа ғасырда туылғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Қазірде әлем халқының 57 проценті бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Тіпті, осында өзінің өмірілік жартысын жолықтырып, бақытты отбасы құрып кеткендер де баршылық. Алайда, алдамшының арбауына түсіп, жалған атпен желіге тіркелген алаяқтардың құрбаны болғандар қаншама? Әсіресе, ақыл-есі толық қалыптасып үлгермеген жас өспірімдер мұндай қақпанға тез түсетін көрінеді. Көптеген жастар сыңарын табу мақсатымен бейтаныс адамдармен танысып, бармақ тістеп қалатын кездер де аз емес. Әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың ажырасуына ­себепкер екен. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын көрінеді. Ал, әлемде жыл сайын шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады.
Бүгінде тәлімдік тәрбиеден аттап, абыройсыздыққа ұрындырып отырған интернет желісінен жерінбей, керісінше, адамзат баласының қатыгезденіп бара жатқанына қапаланасың. Тіпті, соңғы уақыттарда орын алған төтенше жағдайға байланысты қауесеттер де желіде жарысып жүр.
Барыс жылының басында бейбіт шерумен басталған оқиғаның соңы опындырып қойды. «Қой терісін жамылған қасырдай» халық атын жамылған лаңкестер бүлік шығарып, ел экономикасына едәуір шығын алып келді. Жаппай тәртіпсіздікті ауыздықтау үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Онда «Жағдайдың тұрақталғанына қарай еліміздің кейбір өңірлерінде интернет-байланысты белгілі бір уақыттарда қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім азаматтарымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететініне сенімдімін. Алайда, интернетке еркіндік берілгенімен ойына келгенді жазуға, жалған ақпарат таратуға, біреуге тіл тигізуге, арандатушылыққа жол берілмейтінін ескертемін. Ондай ­материал­­­дар шықса, олардың авторларын тауып жауапкершілікке тарту шараларын қабылдаймыз» – деп қатаң ескертті.
Осылайша, дәлел-дәйексіз ел арасына дақпырт таратқандар заң жүзінде жазаланатын болады. Бұл әлеуметтік желілер арқылы жалған-шыны ақпараттарды таратып, халықты адастырғандарға тосқауыл болмақ. Себебі, қажетті ақпаратты ала қояйын деп желіні аша қалсаң, жел қуалаған қаңбақтай дөңгелейсің. Шіркіннің ішінде не жоқ десеңші? Тәлімдісі мен тәлімсізін де, тіпті, анайы мен жабайсын көргенде көзің шарасынан шығып кете жаздайды. Әлемдік ақпараттан хабардар боламыз деп біз осы әдепсізденіп кеткен жоқпыз ба? Ал, ондағы әр ақпаратқа қаншалықты сенуге болады? Желіде жарияланған әр дәйекті кім қадағалап, кім сұрыптап жатыр? Сауал көп болғанымен, оған нақты жауап қайтарар ешкім жоқ. Сондықтан, жел сөзге сеніп, бүлікшілер мен теріс ағымдағы адамдардың арбауына түсіп қалмаңыздар!

А.Асанов

18 қаңтар 2022 ж. 508 0