Әлеуметтік желі әуестікке айналмасын
Интернет ұғымы ХХ ғасырдың аяғында пайда болып, жүрдек пойыздың жылдамдығынан артық қарқынмен кең қанат жайып келеді. Мұны қажеттілігінен асыра пайдаланып, дертке ұластырғандар ғаламтордың торына, әлеуметтік желінің әлегіне түсіп жатыр. «Қажеттілік пе, әлде дерт пе?» дейтұғын сансыз
сауал туындап жатқаны содан. Әңгімені әлеуметтік желіге әкеліп тіреуіміз, сол желінің жетегінде кеткендердің жарық күнде адасуы жиіледі бүгінде.
Әлеуметтік желіде оң және теріс бағыттағы ақпараттар еш кедергісіз, бақылаусыз тарап жатыр. Желіде желдей есіп, әлеуметтік алауыздықтар туғызып, қоғамда наразылық көңіл-күйлер қалыптастырған сондай қозғалыстың бірін жақында ҚР Бас прокуратурасы экстремистік ұйым деп тану жөнінде арызбен жүгінді. Аталған арыз Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен толық қанағаттандырылып, қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылды. Біздің сөз етіп отырғанымыз Қазақстанда сотталған Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» тіркелмеген қозғалысы. Қылмыстық қоғамдастық құрып, 7,5 млрд. АҚШ долларын жымқырған М.Әблязов ҚР Конституцияларының талаптарын бұзып, Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді насихаттау мен үгіттеу бойынша заңсыз әрекеттермен қазақстандықтарды қозғалысқа қосылуға шақырады. Интернет желілер мен месенджерлер, сондай-ақ, әртүрлі әлеуметтік топтарға парақшалар тарату арқылы жоспарлы түрде қоғамдық наразылық туындататын жазбалары көпті желі арқылы жаға ұстатты.
Экстремистік деп танылған қозғалысқа Қазақстан аумағында тыйым салынып, сот үкімі шықты. Сонымен қатар, аталған ұйымның әркеттерін ақпараттық материалдар, БАҚ, әлеуметтік желілер, месенджерлер мен бейнехостингтер арқылы таратуға тыйым салынады. «Және әлеуметтік алауыздықты қоздыру, билікті басып алу туралы насихаттау және оған жариялы түрде шақыру бойынша Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеп, тексеру жұмыстарын жүргізуде», – деген болатын Бас прокуратура өкілдері. Бұл қозғалыс экстремистік деп танылған соң, ұйымды қаржыландырғаны үшін ҚР ҚК 258-баппен, ал, экстремистік топты құру, жетекшілік ету, қатысуға қатысты қылмыстық кодекстің 182-бабы бойынша жаза белгіленетін болады. Қылмыстық жауапкершілікте 2-17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Осы мәселені әкім аппаратының мәжіліс залында қозғап, дербес бөлім басшылары, кент, ауыл әкімдерін құлақтандырды аудандық прокуратура өкілі. «Білмедім» дегеніңіз сізді қылмыстық жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан, селқостық танытпауға тиіспіз.
«Шиелі ауданында да аталған қозғалыстың жазбаларына пікір қалдырып, пост жазғандарға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Басты мақсат – оларды жазалау емес, түсіндіріп, райынан қайтару», – дейді аудан прокурорының орынбасары А.Әбдікәрімов. Ойланбай жасаған кей әрекетіміз оңдырмай опық жегізбесін десеңіз желідегі теріс пиғылдылардың жетегіне еріп кетуден сақ болғаныңыз абзал.