ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ МОТИВАЦИЯ МА, ӘЛДЕ МАНИПУЛЯЦИЯ МА?
Өткенге көз жүгіртейікші, екі мыңыншы жылдары адамдар телефонды тек бір-бірімен байланыс орнату үшін ғана пайдаланды. Сол кезде 10-15 жылдан соң әлеуметтік желіні ұршықша иіресің десе, көбі сенбейтіні анық еді.Әлі күнге есімде, ол уақытта бастауыш сынып оқушысымын, үйдегілер әңгіме арасында «сендер өскенде бір батырманы бассаңдар, тамақты үйлеріңе дейін әкеліп беретін болады» дейтін. Біз ертегі тыңдағандай таңданатынбыз. Қазір шынында да сол ғажайып орындалды. Ақшаң болса болғаны, шетелден де кез келген дүниені қиналмай, делдалсыз-ақ алдыра аласың. Ал өзіміздің нарықтағы киім-кешек, ас-ауқатты әп-сәтте есігіңнің алдына дейін жеткізіп береді. Барлығы қолыңдағы телефонның құдіреті арқылы жүзеге асып жатыр.
Иә, қазір технология дамыған сәтте бұл құрал тек хабарласу үшін емес, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әлеуметтік желілер күнделікті тіршілігімізге еніп, ойлау жүйемізге, мінез-құлқымызға, тіпті қоғамдық санаға ықпал ететін күшке ие болды.
Статистикаға сүйенсек, елімізде әлеуметтік желі қолданушылар саны 90 пайызға жуықтайды. Instagram, TikTok, YouTube секілді платформалар бүгінде ақпарат алмасу алаңынан бөлек, ұлт санасын қалыптастыратын құралға айналып отыр. Әлеуметтік желінің адамға тигізер әсері екіжақты: бір жағынан – мотивация мен мүмкіндік болса, екінші жағынан – манипуляция мен тәуелділік. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: біз желіні басқарып отырмыз ба, әлде желі бізді басқарып жатыр ма?
Бүгінде әлеуметтік желі арқылы өзін шығармашылық тұрғыдан дамытып жүргендер аз емес. Кейбірі блог жүргізу арқылы өз ойын ашық жеткізіп, енді бірі бизнесін дамытып, таланты арқылы табыс табуда. Осындай сапалы контент ұсынатын жандар көптеген адамға үлгі болып, мотивация мен сенім сыйлап жүр. Бұл – әлеуметтік желінің оң қыры.
Алайда желінің қауіпті тұстары да бар. Телефонға ұзақ уақыт үңілу адамды тәуелділікке әкеледі. Желіде көрсетілетін жалған «лакшери өмір», өзгелермен өзін салыстыру психологиялық күйзеліске ұрындыруы мүмкін. Әсіресе жасөспірімдер арасында лайк пен қаралымға тәуелділік күшейіп, өзін әлеуметтік желідегі көрсеткіш арқылы бағалайтын үрдіс қалыптасып келеді. Бұл – өсіп келе жатқан жеткіншектердің өзін-өзі бағалауына кері әсер ететін қауіпті құбылыс.
Қазіргі заманда әлеуметтік желілер алаңының құдіреті кейде манипуляцияға әкелуі мүмкін. Себебі блогерлер аянышты, қорқынышты, қызығушылық тудыратын контенттер қоғамға жылдам танылатынын біледі. Сол арқылы өз өнімін өткізіп, ақша табуды көздейді. Жарнама да осы арқылы жүзеге асып жатады. Кейде тіпті қоғамның эмоциясына әсер ету арқылы белгілі адамдардың ықпалымен қоғамдық резонанстар да тудырып жататынын білеміз. Сарапшылар мұны қоғамдық пікірдің манипуляциясы деп атайды.
Сондықтан әлеуметтік желіні саналы түрде пайдалану – бүгінгі заман талабы. Егер желіні мақсатты түрде, құрал ретінде қолдана білсек, ол даму мен жетістікке жетелейтін мүмкіндікке айналады. Ал шекараны білмей, виртуалды әлемге тәуелді болып, шынайы өмірден алыстап кету – адам үшін аса қауіпті.
Дәл қазір Қазақстанның медиа кеңістігінде әлеуметтік желінің ықпалы күшейіп келе жатқаны байқамау мүмкін емес. Онда ақпарат таратып қана қоймай, ақылы негізде жазба қалдырып, кейде белгілі бір топтың сөзін сөйлейтіндер де бар. Тіпті интернетке телмірген жұрттың сеніміне кіріп, қаржы пирамидасын құруға атсалысқан блогерлер де болды. Олардың ішінде бірқатары істі болды. Қайырымдылық шараларын өткізіп, одан түскен қаржының біршамасын қызмет ақысы ретінде алатын блогерлер анықталды. Салық төлеуге асықпайтындар да көп. Сондықтан олардың жарнамалық әрі кәсіпкерлік қызметін реттеу үшін «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы» заң қабылданған.
Алгоритм де бейтарап емес
Әлеуметтік желілердің алгоритмі адамның ұнатқанын көбейтеді. Егер сіз бір рет ашуға толы, радикалды постқа тоқталсаңыз, жүйе дәл сондай контентті қайта-қайта ұсынады. Нәтижесінде адам басқа пікірді көрмей, бір бағыттағы ақпарат алдынан шыға береді.
Әлеуметтік желілердің алгоритмі адамның ұнатқанын көбейтеді. Егер сіз бір рет ашуға толы, радикалды постқа тоқталсаңыз, жүйе дәл сондай контентті қайта-қайта ұсынады. Нәтижесінде адам басқа пікірді көрмей, бір бағыттағы ақпарат алдынан шыға береді.
Қорғану жолы бар ма?
Бар. Бірақ ол жауапкершілікті талап етеді. Алдымен кез келген ақпараттың дереккөзіне қарап алған жөн, ресми таратушы ма әлде көлденең хайп іздеген біреу ме? Содан соң бір жаңалықты кемі екі-үш көзден салыстыру керек. Ең бастысы, бір жаңалықты бөлісер кезде эмоциямен емес, ақылмен бөлісу, яғни кімге, не үшін жіберіп жатырмын, бұл оған қаншалықты керек, расымен де шынайы ақпарат па? Саралап алыңыз. Бәрі солай ойлайды» дегенге ермеу маңызды. Әркімнің өз ойы, пікірі бар, біреу екінші адам үшін жауап бермейді.
Бар. Бірақ ол жауапкершілікті талап етеді. Алдымен кез келген ақпараттың дереккөзіне қарап алған жөн, ресми таратушы ма әлде көлденең хайп іздеген біреу ме? Содан соң бір жаңалықты кемі екі-үш көзден салыстыру керек. Ең бастысы, бір жаңалықты бөлісер кезде эмоциямен емес, ақылмен бөлісу, яғни кімге, не үшін жіберіп жатырмын, бұл оған қаншалықты керек, расымен де шынайы ақпарат па? Саралап алыңыз. Бәрі солай ойлайды» дегенге ермеу маңызды. Әркімнің өз ойы, пікірі бар, біреу екінші адам үшін жауап бермейді.
Бұл медиа сауаттылық деп аталады. Сол арқылы жалған ақпаратқа деген қоғамдық иммунитет қалыптастыра аламыз.
Қоғамдық пікір – халықтың саналы таңдауы болуы тиіс, біреудің айласының нәтижесі емес.
Гүлхан ЯХИЯ








