ҒАЛАМТОРҒА ТӘУЕЛДІЛІК – ӘЛЕМНІҢ ОРТАҚ ДЕРТІ

Ғаламтор арқылы айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып, уақыт тығыздығына қарамастан қажетті ақпаратты тауып алуға болады. Пернетақтаны басып, сөзді немесе сөйлемді жазсаң болды, бірер минуттан кейін өзіңе қажетті мәлімет шығады. Тіпті іздеген адамыңды кез келген жерден ғаламтор арқылы таба аласың. Аз уақыттың ішінде қыруар жұмыстардың бірсыпырасы атқарылып жатады. Тез хабарласу, хат жазу аясында «ВКонтакте», «Instagram», «WhatsApp» «Facebook «әлеуметтік желілері елпілдеп тұрады.
Алайда осындай түрлі жүйелері бар ғаламтордың жаман тұстары болатыны өкінішті. Оның ең қауіптісі – тәуелділік. Иә, қазір ғаламторға тәуелділік – әлемнің басты мәселелерінің бірі. Мәселен, қазір әлемде 4 миллиардтан астам адам интернет мүмкіндіктерін пайдаланады. Соның ішінде «Twitter» желісін 1,3 млн, «Instagram» желісін 1 млрд, ал «Facebook» желісін 3 млрд адам қолданып жүр. Бұл – әлемдегі интернет ресурстарын тұтынатын әрбір жанның уақытының басым бөлігі смартфонға үңілумен экран алдында өткізетінінің дәлелі.
Бұндай тәуелділіктің салдарынан бүгінде адамдардың денсаулығында ғана емес, ойлауы мен сөйлеуінде де түрлі өзгерістер байқалуда. Ол аздай, компьютер клубтарына кіру бағасы арзан. Қалтасында азын-аулақ ақшасы бар кез келген бала компьютерлік клубтарда қалауынша интернетте отыра алады.
Ғаламды жаулаған бұндай тәуелділіктен қалай құтыла аламыз?
Айтуға оңай болғанымен, әрине, жастарды бірден интернетке деген тәуелділіктен арылту қиын. Бірақ бұл «бұдан шығатын жол жоқ» дегенді білдірмейді. Қазір виртуалда танысқан жастар күнделікті өмірде бас қосып, кездесіп жатыр. Мысалы, еліміздің қалаларында домбыра пати, асық пати, «Поэзия түні» секілді кештер ұйымдастырылып жүр. Осы дәстүрді кеңінең үлкен көлімде қолға алса, жастарды қызықтырары сөзсіз. Бұдан бөлек, жастар баратын түрлі спорттық, танымдық үйірмелер де бар. Әрбір жас тиянақты білім алумен қатар, күн тәртібіне бос уақытын пайдалы өткізуді күнделікті жоспарлап үйренсе, интернетке деген тәуелділікті алмастырар еді.
Таслима ӘЛІШЕР
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 4-курс студенті