Пошта ардагерлері құрметтелді
Ғаламтор қолданысқа ене қоймаған тұста айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын хат тасушылар еді. Көпті көрген көнекөз қариялардың айтуынша, тасымалдаушыларға көпшіліктің ниет-ықыласы ерекше болатын. Алыстан сөмке асынып, өзгенің аманатын арқалаған адамның сұлбасы көрінсе, қариялар көздерін сүртіп, жолына қарайтын, ал бала біткен сүйіншілете шулап қоя беретін. Әрине, мұның барлығы бір ғасыр бұрынғы тасымалдаушының бейнесі. Сол сәттері жұртшылықтың жазбасын немесе басылымын жауапкершілікпен жеткізетін қызметкерлер аз болмады. Шиелі аудандық пошта байланыс торабында талай адам еңбек етіп, бүгінде зейнетінің бейнетін көруде. Олардың қатарында А.Дауренбекова, Р.Қонысбаева, Ә.Бәйменова, Б.Бәйімбекова, Т.Бижігітова, Н.Есболова, Г.Дүйсенбаева, З.Қалмурзаев, Ұ.Жәнібекова сынды қызметкерлердің есімі ерек.
Алдаберген Бәкірұлы да бар ғұмырын пошта саласына арнаған жан. Ол пошта байланыс торабына 1963 жылы келіп, 1998 жылға дейін еңбек еткен. А.Бәкірұлы қызмет еткен жылдары 5 пойыз бен 1 ұшақтан зат күтіп алып, оны қайта салып жібереді екен. Хаттың көптігі сонша оны сұрыптап та үлгермейтін көрінеді.
А.Бәкірұлы әріптестерімен бірге жүріп, қиындық пен қызықшылықты қатар көрді. Әсіресе, «Қазпошта» мекемесінің жаңа құрылған кезінде қаржылай таршылыққа кез болды. Жұмысшылар жалақы мен жарықтың жоқшылығын сезінді. Бірақ сынға түскен сәтте ешбірі қызметін тастамай, пошта торабын сақтап қалу үшін уақытпен санаспай жұмыс істеді. Тіпті жалақыларын жылдап алмауға көндікті. Қазіргі кезде ірі компанияға айналған мекеменің іргетасы қалануына осы ардагерлердің айтарлықтай еңбегі сіңді десек қате емес.
Сол себепті кейінгі буын сала ардагерлерінің еселі еңбегін естен шығармауы тиіс. Шығармайды да. Бұл сөзімізге дүниежүзілік пошта күніне байланысты өткен жиын дәлел. Бүгінде ұйымшыл ұжымды басқарып отырған Арман Бимағанбетов жолынан жаңылмай, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Арнайы дастарқан жайып, қарияларға грамоталар мен сый-сияпаттар табыстады. Мерекелік жиында әсем ән айтылып, ақжарма тілектер төгілді. Жиын соңында құрметке бөленген қариялар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ақ батасын берді.
Фариза КЕНЖЕШОВА