Қазпошта заман талабына сай қызмет көрсетеді
Әлемде түрлі мамандық бар. Соған сәйкес сан салалы қызмет және кәсіп те жеткілікті. Бірақ қандай қызметті атасаңыз да, әрқайсысы қоғам дамуына өзіндік үлесін қосады. Мың түрлі мамандық өзіндік мәні мен маңызымен, қажеттілігімен ерекшеленеді. Қай-қайсысы болмасын жұртшылыққа ауадай қажет.
Осылардың ішінде пошта қызметінің атқарар рөлі айрықша. Алыстағы ағайынның сағынышқа толы үшбу хатын, халықтың көзі мен құлағына айналған сүйікті басылымын я болмаса әртүрлі сәлемдемені уақытылы және жылдам жеткізетін пошташылардың еңбегі де ерен. Әрине, қазір пошта қызметі басқаша сипат алып, ұсынатын қызметі де заманауи тәсілмен толыққан. Бірақ мұның барлығы пошта қызметінің халық арасындағы құрметін арттырмаса, түсірген емес.
Біз бүгінгі мақалада пошта қызметі хақында қалам тербеуіміз бекер емес. Оған үлкен себеп – дүние жүзі бойынша пошта қызметкерлері тойлайтын мерекенің жақындап қалуы. Иә, 9 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін маңызды күндердің бірі. Бұл күн мерейлі мереке ретінде 1969 жылы Токиода өткен пошташылардың Бүкіләлемдік одағының конгрессінде бекітілген. Еліміздің поштасы да аталған ұйымға мүше болғандықтан айтулы күн Қазақстанда да ескерусіз қалмайды. Осыған орай аудандық пошта байланыс торабының директоры Арман Бимағанбетов брифинг өткізіп, аудандағы пошта қызметінің тыныс-тіршілігі турасында мәлімдеді.
Қазіргі таңда «Қазпоштаның» еліміздің бүкіл аумағын қамтитын, әсіресе, аудандық және ауылдық жерлерде де тұрғындарға қызмет көрсететін филиалдары бар. Соның ішінде аудандағы филиал – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ұжым. Бүгінде аудан көлемінде 26 тұрақты және 1 жылжымалы байланыс бөлімше жұмыс істейді. Оның жетеуі кент орталығында орналасқан болса, 19-ы елді мекендерде.
Қазпошта – күн сайын халықпен жұмыс істеп, әрбір тұтынушыға сапалы қызмет ұсынып, жайлы орта қалыптастыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік құрылым. Осы тұста Арман Бақытұлы жұртшылыққа жылы қабақ танытып, тез тіл табысудың бірінші орында екенін айтады. Сондай-ақ қазіргі таңда «Қазпошта» халыққа пошталық, қаржылық, брокерлік, агенттік және электронды қызметтерді ұсынуда. Тарқатып айтар болсақ, поштаның аудандық филиалы кең спектрлі қызмет көрсетеді. Яғни коммуналдық төлемдердің барлық түрлерін, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейдегі банктер қызметін қабылдау, электрондық әмияндар қызметі және де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеу онлайн қарастырылған. Сонымен қатар пошта торабы бірнеше жаңа функцияны жүйеге қосқан. Соның бірі – агентті қызметтер. Бүгінде ауданда 8 бөлімше арқылы серіктес «Альфа банк», «Банк Хоум Кредит», «Азия Кредит Банк», «Еуразиялық банк», «АТФ банк» сынды 5 банктен несие берілуде. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» депозиты бойынша «Тұрғын үй жинақ банкісінен» шот ашып, 10 пайызы жинақталғаннан кейін төмендетілген пайызбен несие алып, облыстың кез келген аумағынан ипотекалық үй сатып алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен теміржол және әуе билеттерін сатып алуға болады. «Қазпоштаның» халыққа көрсететін қызметі мұнымен тоқтамақ емес. Онда электронды пошта арқылы хат-хабарды қабылдайтын және жөнелтетін гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жүзеге асыратын – «Юнистрим», жеделдетілген хаттарды қабылдайын және жеткізетін – EMS, жеделдетілген ақша аударымы – «Сәлем теңге» сынды қызметтің жаңа түрлері де жүзеге асуда.
Осы тектес қызметтер бүгінде «Қазпоштаның» қадамын қарыштатып отыр. Брифинг барысында байқағанымыз «Қазпошта» АҚ аудандық филиалы техника мен технологияның тілін тауып, тұтынушыларға заман талабына сай қызмет көрсетуді мақсат тұтқан. Қазіргі күні сол межелі мақсат орындалып, жаңғыру мен жаңарудың, түлеу мен түрленудің жемісін көруде. Себебі, бұрынғыдай ұзынсонар кезек пен дау-жанжал азайған. Ең бастысы бұл мекеме қызмет көрсету саласын жаңа технология арқылы автоматтандыруға және халықтың сапалы қызмет алуына жағдай жасады. Нәтижесінде пошта қызметінің аясы кеңейді. Бүгінгі таңда пошта желісі бизнес пен халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті және қаржылық қызметтерді дамытудың тиімді құралына айналды.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА