2019 жылдан бастап поштамен сәлемдеме жіберу тәртібі өзгереді
2019 жылдың 1 қаңтардан бастап пошта арқылы жөнелтілетін жеке тұлғалардың барлық сәлемдеме мен хаттары ашық күйінде қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жеке тұлғалар жіберетін барлық тіркелетін пошта жөнелтілімі «Пошта туралы» ҚР Заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес ашық күйінде қабылданады (тіркелмейтін хаттарды қоспағанда). Заңды тұлғалардың хат-хабарлары бұрынғыша ашық және жабық күйінде қабылданады», - делінген «Қазпошта» АҚ баспасөз мәліметінде.
Белгілі болғандай, бұдан былай барлық тапсырыс хат, бандероль және құндылығы жарияланған хат, сондай-ақ сәлемдемені пошта байланысы бөлімшесіне ашық күйінде әкеледі. Бұл ретте, пошта операторы пошта жөнелтілімдерін қабылдағанда, жөнелтушіні сәйкестендіруі және оның деректерін тіркеуі керек.
Сонымен қатар, жөнелтуге тыйым салынған заттардың мазмұны үшін сәлемдемелерді тексерудің мүмкін болмауына байланысты бұл қызмет пошта бөлімшелерінде жүргізілмек.
Баспасөз қызметі, жалпы бұл шаралар пошта қызметкерлерінің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жасалып отырғандығын айтуда.
www.inform.kz