Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Cаласында үздік

Cаласында үздік


«Қазпошта» АҚ халықты пошта­ қызметтерінің толық шоғырымен қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасындағы ең ірі коммуникациялық кешенді кәсіпорын болып табылады. Шиелі аудандық «Қазпошта» мекемесінде қазіргі таңда 260 қызмет түрі көрсетіледі. Осы қызметтер ішінде халыққа тікелей қуанышты жағдайды жеткізетін хат тасушылар болып саналады. Пошта қызметі уақыт талабына сай түрленіп, қоғам, халық тарапынан өзіне деген қызығушылықты жоғалтқан емес. Пошта адамдарды біріктіреді, олардың арасында жылы қарым-қатынас орнатады. Бүгінгі біздің әңгімеміз пошта саласы қызметінде өзіндік орны бар тәжірибелі маман Ұлжан Шәкірова туралы болмақ.
Әлемде көптеген мамандық түрлері бар. Бәрінің де өзіне тән жауапкершілігі мен қиындығы болады. Негізінде, «Қазпошта» мекемесі 3 ірі бағытта жұмыс жасайды. Ең біріншісі, пошталық қызмет. Ірі габаритті жөнелтілімдер, хаттар мен сәлемдемелер, постоматтар, мерзімді баспасөзге жазылу, филателия сынды қызметтері бар. Ал, қаржылық бағытта ақша аударымдары, төлемдерді қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері, ақша айырбасы, сонымен қатар, газ бойынша төлемдер қызметтерін атқарады. Үшіншісі, агенттік қызмет. Оған – несиелер беру, депозиттер ашу, теміржол билеттерін сату қызметтері, жылжымайтын мүліктерді сақтандыру қызметтері қоса кіреді.
Аталмыш қызметтер ішінде хат тасушы Ұлжан Айтбайқызының еңбегі ерекше. 1987 жылдан бастап «Қазпошта» саласында жұмыс жасап келе жатқан кейіпкеріміз 10 көшеге қызмет көрсетеді. Ол әр таң сайын жаны қалаған жұмысты ыждақаттылықпен орындайды. Өз бөлімшесіне қарасты үйлерге газет-журналдарды, хат-хабарларды жеткізеді. Қызмет көрсететін тұрғындардың арасында егде тартқан қарт кісілер мен жастар да бар. Сондықтан, олардың әрқайсысына ілтипатты көңілмен қарай біледі. Әрбір шаңыраққа келген сайын жақсы жаңалықпен қуантып, хат иелерінің нұрлы жүздерін көріп шаттанады. Иә, поштаның хат-хабарлары, баспасөз өнімдері оның да жан-серігіне айналып үлгерді. Осы уақытқа дейін көше тұрғындарынан да ешқандай арыз-шағым естімеген. Өз жұмысына ұқыпты әрі тиянақты қызметкерді әріптестері де ерекше сыйлайды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
11 қазан 2018 ж. 1 023 0