ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕГІ...
Бүгінгі дамыған заманда ұялы телефонсыз жұмыс жасау өте қиын. Қолымыздағы құрылғысыз өмірді тіпті елестету мұң болып барады. Қазірде ұялы телефон өміріміздің бір бөлігіне айналғандай.
Айналаңызға бір сәт назар аударып көріңізші. Көшеде, қоғамдық көлікте, тіпті үйіңізде де ұялы телефонға үңілмейтін жан өте сирек. Тіпті, балаңыз да байланыс құралын басына жастап жатуды әдетке айналдырды.
Айналаңызға бір сәт назар аударып көріңізші. Көшеде, қоғамдық көлікте, тіпті үйіңізде де ұялы телефонға үңілмейтін жан өте сирек. Тіпті, балаңыз да байланыс құралын басына жастап жатуды әдетке айналдырды.
Шырмауықша шұбатылған әлеуметтік желінің қазір түр-түрі бар. Болмасын демейміз. Болсын. Заманына сай адамзат керекті ақпаратын алып, алыстағы дос-жаран, жақын-жуығымен араласуы үшін таптырмайтын дүние.
Алыстағы жақынымыздан хат-хабар алып, керекті мәліметпен сусындап, бос уақытымызды тиімді өткізу үшін телефонның пайдасы орасан зор. Алайда, көз ауруына ұшыратып, онлайн өмірдің торына қамап тастайтын бұл құрылғының зияны да жоқ емес. Денсаулыққа тигізер зардабын айтпағанның өзінде, алтыннан қымбат уақытымызды алған әлеуметтік желінің әлегі көп.
Алдымен әлеуметтік желінің не екенін анықтап алсақ. Телефон бүгінгілерді өзіне тәуелді етеді, күнделікті тұрмыс-тіршіліктен алыстатып, виртуалдылды әлемге жетелейді. Негізінен желілердің белсенді қолданушылары жасөспірімдер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері болып табылады.
– Мен де осы әлеуметтік желінің қолданушысымын. Онда тіркеліп, қолдана бастағанымнан-ақ байқағаным, уақытымның көбін құр босқа жібереді екенмін. Жай бір шолып шығайын дегеннің өзінде, минуттардың қалай сағаттарға айналғанын байқамай қалатынмын. Мұны әлеуметтік желінің қолданушылары жақсы түсінеді деп ойлаймын. Осыны ойлап, кейіннен өзіме әлеуметтік желі үшін күніне шектеулі уақытты белгіледім. Сол уақытта ғана осы желіде отырсам, қалғанын пайдалы істер мен жақсылық жасауға бөле бастадым, – дейді Назерке Талғатқызы.
Арамыздағы кейбір қолданушылар өз уақыттарын бос «лайк» жинаумен, жаңалықтар лентасын парақтаумен, пікір айтушылардың жазғанын оқумен немесе «Хат келген шығар?», «Оның постын жіберіп алсам ше?», «Инстаграмдағы жаңа суреттерді көрейін» деген пайдасыз ойлармен өткізеді. Осындайда құрбы-құрдастарыма айтарым, өз уақытымызды керексіз дүниелерге емес, пайдалы істерге арнайтын болсақ, өзгелермен білгенімізді бөліссек ұтылмасымыз анық.
Иә, әлеуметтік желінің зияны туралы қанша айтсақ та, оның қолдану аясын шектей алмайтындығымыз белгілі. Оның үстіне, желілердің қолданушылары күн санап артып келеді. Осылайша виртуалды өмірден алшақтамайтындардың саны көбеймесе, азаяр емес. Ең бастысы желіні сауатты пайдаланып, қолдану барысында тек пайдалы жақтарын қарап, шектен шықпауды ескерсек екен.
Сымбат Сұлтан