ТЕМІРЖОЛДЫҢ ТАРЛАНЫ, ЕҢБЕКПЕН ЖАНҒАН БАР БАҒЫ
Қызылорданың қоңыр даласын қақ жарып, ғасырлар үнін сақтап келе жатқан Шиелі теміржол вокзалы – өткеннің аманаты, бүгіннің мақтанышы. Бұл ғимарат тек теміржол торабы ғана емес, тұтас бір дәуірдің тынысын, халықтың өмір ырғағын бейнелейтін мәдени-тарихи ескерткіш. Уақыт ағымымен қанша өзгеріс орын алса да, вокзалдың айбынды бейнесі мен сәулеттік келбеті ұлт тарихындағы орны ерекше нысан ретінде ел жадында сақталып келеді.Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген Зұлпықар Әбілқайыров десек артық айтпаспыз.
Зұлпықар Әбілқайыров – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол 1950 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. А.Романов атындағы орта мектеп қабырғасын 1968 жылы бітіріп, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерген келген соң, еңбекке ерте араласады. Алғашқы еңбек жолын Шиелі станциясындағы әскерилендірілген күзет бөлімінен бастайды. Жас мамандың қарым-қабілетін, жұмысқа деген ынтасын байқаған оны басшылық тарап 1973 жылы Мәскеудегі теміржол күзеті командирлерін дайындайтын оқуға жолдама береді. Оқу орнын 1975 жылы сәтті аяқтап, мол тәжірибе жинақтап шығады. Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын табады. Әрі қарай Қызылорда және Тараз станцияларында күзет бастығының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді абырой биігінен аласармай атқарады. Бұл жерде де еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді.
Еңбек адамы 1977 жылы туған өлкесіне қайта оралып, Шиелі станциясында жүк тасымалы бөліміне ауысады. Жауапкершілік жүгі мол бөлімде 1980 жылдардан бастап тынбай еңбектенеді. Жұмыс барысында екі вагонның қосқыштарының дұрыс бекітілгенін, вагон қабырғаларындағы кішігірім тесіктер мен зақымдарды бір көзбен қарап-ақ анықтау оның күнделікті жұмысына айналды. Зұлпықар Әбілқайыровтың қырағылығының және өз саласын жетік меңгерген маман иесі болғандықтан миллиондаған тонна жүкті діттеген жеріне аман-есен жеткізіліп, теміржолды орасан зор коммерциялық шығындардан қорғап қалды. Кейіпкеріміздің айтуынша, көз алдын теміржол үлкен тарихи кезеңді өткерген.
– Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп жұмыс. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр іс асқан жауапкершілікпен орындалуы керек.
Менің көз алдымда теміржол үлкен тарихи кезеңді өткерді. Жұмысты қарапайым қағаз ведомостармен бастап, заманауи цифрландыру дәуіріне дейін жеттік. Приёмосдатчик – бұл теміржол мен адал емес өнім берушілердің арасындағы сенімді қалқан. Менің қызмет еткен жылдарымда қол астымнан, есептеуім бойынша, 3 миллионнан астам вагон өтті. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында, ауа райының кез келген тосын мінезіне қарамастан, әр вагонды жіті тексеру менің басты міндетім болды. Нағыз із кесушідей сезімталдық керек кезеңдер аз болған жоқ. Сол 40 градустық аязда химиялық заттар тиелген цистернаның микрожарығын дер кезінде табу, вагонның ағаш қаптамасының астынан білінбейтін заңсыз араланған жерін көру немесе таразыға тартқанда составтың салмағы құжатқа сәйкес келмейтінін дәл анықтау – күнделікті жұмысым еді.
Сонымен қатар, мен ескі свинцовы пломбалар дәуірін көрдім. Оларды оңай кесіп, қайта бұзып, ұрлық жасау қаупі жоғары болатын. Мен бұл пломбалардың жарамсыздығын, оларды заманауи, бұзуға келмейтін болат тросты ЗПУ (Запорно-пломбировочные устройства) жүйесіне ауыстыру қажеттігін негіздеп, жоғарыға ресми хаттар жолдадым. Бұл бастама кейін теміржол қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтерген үлкен реформаның бір бөлшегіне айналды, – дейді ардагер теміржолшы.
Кейіпкеріміз еңбек ете жүріп, осы салаға енді ғана қадам басқан жас мамандарға жол көрсетіп, өзінің білім-біліктілігімен бөлісуге аянбаған. «Теміржол салғырттықты кешірмейді» деген сөзді басты ұстанымына айналдырып, Шиелі станциясында 20-дан астам жас маманды тәрбиелеп шығарған. Шәкірттерін кәсіптің бүкіл қыр-сырына баулып, шойын жолдың абыройын арттыруға бірге үлес қосқан. Бұл – оның кәсіби шеберлігінің, іскерлік қабілетінің айқын дәлелі еді.
Қиындығы мен жеңілі қатар жүретін маңызды салада абыроймен атқарған ол 2013 жылы адал бейнет пен мәртебелі зейнетке шығады. Зұлпықар Әбілқайыров Шиелі теміржолының дамуына сіңірген еңбегі, ұжымдағы абыройы, азаматтық келбеті – бүгінгі ұрпаққа тағылым, ертеңгі буынға өнеге.
М.ИБРАГИМ







