Ғұмырлы ғимарат
Шиелінің 90 жылдығына орай, газеттің әр санына кенттегі тарихи маңызды мекемелерді беруді жөн санап отырмыз. Бүгінгі санда Шиеліден шыққан талай тұлғалардың алғашқы сапарының куәсі болған вокзал ғимаратының тарихын ұсынамыз. Бұл құрылыс кешені жолаушыларға қызмет көрсетуге және пойыз қозғалысын басқаруға арналған ғимарат. Қазақстанда алғаш теміржол вокзалы кеңес төңкерісіне дейін Оралда, Қызылжарда (Петропавл), Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қалаларында пайда болады. Ал, Шиеліде 1903 жылы салынып, жалпы алаңы 7580 ш/м, құрылыс алаңы 896,9 ш/м, ғимарат құрылысы 637,2 ш/м құрайды.
Шиелі ауданы тарихи-мәдени мұраларға бай мекен. Олардың қатарындағы ХХ ғасырдың басында салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі теміржол вокзалы. Бұл ғимарат туралы мұрағат деректерінде «Ташкент-Орынбор теміржол құрылысымен қатар бой көтерген вокзалдың іргесі Ақирек тауынан қашалып, түйе керуенімен тасылған шақпақ тастардан нөмірленіп салынған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен қаланып, төбесі қаңылтырмен жабылған. Шиелі станциясы жүк тасымалы жағынан 2 класстық станция болып есептелінсе, ал атқарылатын жұмыстарына сәйкес 3 класстық вокзал санатына енеді. Мұнда күнделікті уақытта шамамен 200 - дей жолаушыға қызмет көрсетіп, күтіп алып, шығарып салады. Аудан халқын асыраған теміржол вокзалынан талай адам сапарға шығып, діттеген жеріне жетіп отырған. Мұнда қазақстанның түкпір түкпіріне қауын, қарбыз, күріш вагонға тиеп жіберіп отырады.
«Қазақстан теміржолының тарихы вокзалдан басталған десек артық айтпаған болар едік. Вокзал ғимараты биік те сәнді етіп салынған. Сондықтан ауданға қыдырып келген халық сәулетіне қызығып, таңданыстарын жасырмайды. Бүгінде аудан тұрғындары ғасырдан астам тарихы бар ғимаратымен мақтанады.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.