ЖАРГОН ЖАЙЛАҒАН САНА
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» дейді дана халқымыз. Иә, жаһандану дәуірінде бірнеше тілді меңгеру – заман талабы. Бірақ бұл талап ата-бабамыздан аманат болып қалған қасиетті ана тілімізді менсінбеуге, табалауға негіз болуы керек пе? Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда «тілдік пасықтық» дерті асқынып барады.Көшеде, қоғамдық көлікте немесе кез келген көпшілік ортада бойжеткендердің өз ана тілінде сөйлеген жігітті «колхозник» деп мұқатып, бетін қайтарып жатқанын көріп жаға ұстаймыз. Орыс тілін немесе шет тілін алға тартып, өз ұлтының сөзін сөйлеген азаматты менсінбеушілік – рухани мәңгүрттіктің көрінісі емес пе? Сонда қазақтың қасиетті қара шаңырағын сақтап қалу үшін «Болашақ – жастардың қолында» деп шырылдап жүрген аға буынның еңбегін бір ауыз келекелі сөзбен жерге таптағанымыз ба? Қазақты қазақ қолдамаса, басқа кім қолдайды? Біз өз тілімізге өз қолымызбен тұсау салып жатқанымызды қашан түсінеміз?
Лексикографияға жүгінсек, жаргон (французша jargon) – шағын әлеуметтік топ қана қолданатын, ешқандай тілдік дербестігі жоқ шұбар тармақ. Бүгінде бұл құбылыс жастар арасындағы басты әлеуметтік диалектке айналды. Әлеуметтік желілердің алгоритмі мен күнделікті араласатын ортасы бұл дерттің өршуіне отын жағып тұр. Тілдің қысқаруы мен шұбарлануы: «Не істеп жатырсың?» деген мағынаға толы сөзді «нестеп», «нестеватсың» деп нәрсіз, суалған күйге түсірдік. Киелі ұғымды құнсыздандырудың соңы тілдің түбіне жетуі мүмкін екенін сезетін жан бар ма?
Мамандар дабыл қағуда. Бұл жерде тек жастарды кінәлау әділетсіздік. Сананы улаған әлеуметтік желі контенттері, мән-мағынасы жоқ бағдарламалар, отбасындағы шұбар тіл мен күнделікті күйбең әңгімелер жас буынның талғамын құртып жатыр.
Мәселенің тамыры тереңде. Соңғы он жылда отандық киноиндустрия қарқын алып, тіпті түркітілдес халықтарды мойындатқаны рас. Бірақ бір сәт үңіліп көрейікші, сол экраннан төгіліп жатқан дүниелердің тілі қандай? Көптеген фильм орыс тілінде түсіріледі немесе қазақшаға аударылғанда жаргон мен сленгке, тіпті былапыт сөздерге толып кетеді. Халыққа ұнаған сол туындылар көрерменді бір сәт езу тарттырғанымен, елдік тұрғыдан салмағы жоқ. Неге? Өйткені ол жерде қазақтың табиғи тазалығы, рухани болмысы, шешендігі мен көсемдігі көрініс таппайды.
Керісінше, тілдік мағынасы жоқ сөздермен өрнектелген дүниені көріп өскен жастардың сөздік қоры қалай болмақ? Экраннан естігенін өміріне сіңіретін жас буынның ертеңгі тілі мен ойлау жүйесі қандай деңгейге түспек? Тіл туралы сөз қозғалса, біз үнемі классикалық әдебиет пен журналистиканы сынға алуға құмармыз. Алайда, қазақ әдебиеті мен журналистикасы өз миссиясын адал атқарып келеді. Нағыз майдан даласы – кино мен әлеуметтік желілер. Егер біз жастардың «тәлім ошағына» айналған осы виртуалды кеңістік пен киноиндустрияны тазарып, ана тілін төріне шығармасақ, рухани құлдыраудан құтыла алмаймыз.
Қазақтың тілі – қазақтың намысы. Оның құнарын арттыру – мемлекеттің ғана емес, әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Тіл өлсе – ұлт өледі. Ал ұлттың өлмеуі үшін қазақтың әрбір перзенті ана тілімен мақтанатын күн келуі тиіс.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







