Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ҮЛГІ БОЛҒАН ТЕМІРЖОЛШЫ

ЕҢБЕГІМЕН ҮЛГІ БОЛҒАН ТЕМІРЖОЛШЫ

Теміржол саласында аянбай тер төккен жандардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына Ұлбосын Мырзабаева десек, артық айтқандық.
Ұлбосын Мырзабаева – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол Түркістан-Сексеуіл бағытында станция кезекшісі қызметін мүлтіксіз атқарған бірденбір нәзікжанды. Ерлермен бірдей жауапты әрі қауіпті қызметті атқарып жүріп еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Осы салада қырық жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан.
– Жұмыста талап қатты болатын. Міндетті түрде жұмысқа жарты сағат ерте барамыз. Денсаулығымызды күн сайын тексеріп, сол күнгі жұмыстың жай-күйін айтып, тапсырма беретін. Кеңес одағының тәртібі сол, жұмысты тек орыс тілінде жүргізу керек. Әрбір берілген бұйрық-тапсырма тек орыс тілінде жүргізіледі. Сөзден қате жіберу не бұйрықтан қате кету үлкен апатқа соқтыруы мүмкін. Сондықтан да сауаттылық, тәртіпті дер кезінде орнату, әр минутты тиімді пайдалану станция кезекшісінің мойнында. Сол себепті кез келген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысатынбыз, – дейді ардагер теміржолшы.
Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Қырық жыл теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін түрлі алғыс хаттармен, медальдармен марапатталған. Елге сыйлы, халқына қадірлі анамыз әрқашан да құрмет төрінен аласармады.
– Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп жұмыс. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр іс асқан жауапкершілікпен орындалуы керек. Қызмет бабында жүктелетін міндеттерді ешқашан мынау ауыр немесе жеңіл деп бөлген емеспіз. «Менің қолымнан келмейді» деп те айтып көрмедік. Орындалуы керек іс пе, орындау міндетің. Тіпті жауапкершілік жүгі артқан сайын ерекше жігерленетінбіз, – дейді өткен күнге көз салған сала ардагері.
Зейнетке шықса да, құр қарап отыруды құп көрмей теміржол перонында үлкен сауда үйін басқарды. Сөйте жүріп береке дарыған әулеттің ақжаулықты анасы ауданда өтетін түрлі мәдени шараларға белсене қатысты. Әлі де солай. Бүгінде атанып отыр.
Еселі еңбектің өресіне шыққан ардагер теміржолшы көп жылғы бейнетінің зейнетіне бөленген шақты ауданның «Құрметі азаматы» атанса дейді замандас әріптестері. Иә, өлшеусіз қызметімен, өнегелі өмір жолымен елге үлгі бола білген ардақты жандар қандай құрметке де лайық.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
05 қыркүйек 2024 ж. 107 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (9253)

09 қараша 2024 ж.

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930