ҮЗДІК БАСПАГЕР БОЛҒАН ЖАН

Тарихы тереңнен сыр шертетін «Өскен өңір» газетінде қаншама адамның қолтаңбасы сақталды. Осынау қиыр-шиыры мол жолда редакциядан небір «мүйізі қарағайдай» қаламгерлер, түпсіз тереңнен сөз маржанын терген ақын-жазушылар шыққаны белгілі. Солардың ішінде көзге көріне бермейтін баспа ісінің білгірлерлерінің еңбегін елемей кету мүмкін емес. Бүгінде аудандық газет редакциясы жанындағы баспахананың болғанын көзі көргендер болмаса, кейінгі толқын жастар біле бермейді. Сондықтан да баспахана ішінде әр газеттің сапалы шығуына бар ғұмырын арнаған Шәркүл апайдың еңбек жолына аз-кем шолу жасағанды жөн көрдік.
Шәркүл Дүйсенбаева 1947 жылы 15 қарашада дүние дидарына келген. Ол барлық саналы ғұмырын отбасылық өмірі мен қызметіне арнаған жан еді. 1964 жылдан бастап 2006 жылға дейін 42 жыл бойы қызметте жүріп, зейнетке шыққан Шәркүл апайдың мақтауға тұрарлық тұстары көп болатын. «Типография» саласында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен апайымыз дос-бауырға сыйлы, ортасына жайлы, әріптестеріне құрметті кісі болды. Ол – редакциядағы жұмыстың қиындығына қарамастан, өз ісін адал атқарып, тынымды тірлігінің арқасында баспахананың қыр-сырын жетік меңгерді. Соның нәтижесінде үздік баспагер атанған еді. Ет-жүрегі мейірімге, жаны жылылыққа толы жанның еткен ерен еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Нақтырақ айтар болсақ, әріптесіміз баспаханада жүріп, басқалардан озық болды. Елеулі еңбегі үшін «Ел ардақтысы», «Жылдың үздік баспагері» «Үздік бет жасаушы» медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ Қызылорда облысының еңбекшілер депутаттарының Шиелі аудандық советінің депутаты болды. Одан бөлек түрлі наградалармен, мақтау қағаздарымен, төсбелгілерімен марапатталды.
Әрине, өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертеңді көз алдыңа елестете алмайсың. Демек, өткенді бірге бағындырған әріптестерді кейінгілерге айту, есімін еске алу тірілердің парызы. Ауданның дамуына өз үлесін қосқан, баспахананың білігірі болған жанның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге деп білеміз.
Сымбат СҰЛТАН