ШЕРУЛІ АУЫЛДЫҢ ШЕЖІРЕСІ
Ерлерінің ерен ісімен елімізге танылған Алғабас ауылының тарихы жайында баяндайтын жаңа кітап жарыққа шықты. Басылымда жүздеген еңбек майталманының есімі аталып, ондаған еңбек дарабозының тағдыр-тарихы баяндалған. Жинақты ауылдың энциклопедиясы десе де болады
Алғабас ауылы кезінде егін, мал, шаруашылығы дамыған,мәдениеті мен халқының тұрмыс-тіршілігі жоғары дәрежеге жеткен облыстағы алдыңғы қатарлы озат ұжымшарлардың бірі болды. Үлкен ұжымшарды 20 жылға жуық басқарған төраға Әзімхан Исмаилов Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды.
Алғабас ауылы кезінде егін, мал, шаруашылығы дамыған,мәдениеті мен халқының тұрмыс-тіршілігі жоғары дәрежеге жеткен облыстағы алдыңғы қатарлы озат ұжымшарлардың бірі болды. Үлкен ұжымшарды 20 жылға жуық басқарған төраға Әзімхан Исмаилов Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды.
Міне, автор Айжамал Әбдіхамитқызы өзі туып өскен, бір ғасырға жуық тарихы бар Алғабас ауылының өмірін, шаруашылықты құруға атсалысқан еңбеккерлердің қажырлы ісін, тағдырын, адами қасиетін кітапқа арқау еткен.
Әбдіхамитқызының негізгі мамандығы – педагог, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұзақ жыл мектеп директоры болды. Осындай жауапты салада жүріп аудандық және облыстық газеттердің жұмысына белсене араласты. Мектептегі саналы тәрбие мен сапалы білім төңірегіндегі көкейкесті мәселелерді орынды көтеріп отырды. Ол 1970 жылдан бүгінгі күнге дейін аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі.
Кітапқа педагог қаламгердің әркезде газет бетінде жарық көрген жазбалары мен ойтолғамдарының ең таңдаулылары енгізілген. Кітаптың редакторы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның Құрметті журналисі», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сәрсенбек Бекмұратұлы. Кітап – жалпы оқырманға арналған. Жеңіл оқылады, бірақ көтерген жүгі қомақты әрі мағаналы.
Айжамал Әбдіхамитқызы жасы сексенге таяғанына қарамастан қолынан қаламын тастаған жоқ, ұлттық дәстүріміздің жаршысы болып келеді. 1990 жылдан бері ауылдық округ жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
«Өскен өңір» ақпарат