Шойын жолда шыңдалған ғұмыр
Тіршілігі теміржолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған Бегежановтар әулеті шиеліліктерге ғана емес, осы салада жүрген Сыр жұртына жақсы таныс. Себебі бұл отбасының мүшелері ел экономикасының күретамыры саналатын теміржолда еңбек етуде. Қарапайым жұмысшы болып бастаған олар қадір-қасиетін адал еңбекпен арттырғандар. Олай болса нағыз еңбек адамын да осы әулеттен табасыз.
Шойын жолда шыңдалып, саналы ғұмырын сол салаға сарп еткен Әбдраман Бегежановты кешегі әлемдік пандемия арамыздан алып кетті. Өз ісінің білгірі, абырой беделдің биігіне шыққан теміржолшы 1935 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылында дүниеге келген. Сонау 1959 жылы Ташкент инженерлік институтын бітірген ол, ең алғаш еңбек жолын Түркістан стансасында кезекші маман болып бастайды. Шойынжолда қарапайым маман болып, қызметтік жолын бастаған Ә.Бегежанов әп-сәтте өзінің осы салаға қыры, жұмысқа ебі бар білікті маман екенін аңғартады. Осылайша еңбек өтіліндегі сатылар 1961 жылы Арыс қаласында станция диспетчері, 1963-1967 жылдары шекара Шеңгелді станциясының, 1967 жылы Шымкент қаласында Қорғасын станциясының бастығы, 1969 жылы Арыс станциясының бас инженері сынды лауазымдарымен ұласады. Теміржолдың темірдей қатты тәртібін тереңінен меңгеріп, мол тәжірибе жинақтаған теміржолшыны 1970 жылы Шиелі станциясының бастығы қызметіне тағайындайды. 16 жылға жуық уақыт ішінде Шиелі ауданындағы жас мамандарға ұстаздық жасап, сол саланың қыр-сырын жетік меңгерулеріне жәрдем береді. Осылайша білікті де білімді шәкірттер тәрбиелейді. Киелі мекеннің күре тамырына қан жүгірткен басшыны көзі көргендер мен қызметтес болғандар жиі айтып жүреді. Қайда барса да қолға алған ісін, алға қойған мақсатын жүзеге асыруға тырысатын теміржолшы 1986 жылдан зейнет жасына жеткенше №6 кен басқармасының теміржол бөлімінің бастығы қызметін абыроймен атқарады.

– Әсілі, адал адамның, іскер маманның мойнына жауапкершілік жүгі молырақ артылады. Әбдраман ағамыз көп сөйлемейтін, нағыз істің адамы болатын. Талап қойып, тәртіпке қатаң қарайтын. Өйткені теміржолшы мыңдаған тағдырға жауапты. Сол себепті өз ісіне жауапкершілікпен қарауды тапсыратын. «Еңбек – адамды қашан да бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік жасайды. Ғұмыр дариясында ешкімнің ала жібін аттамай, әр қызметкерге жанашырлықпен қарап, талабы бардың бағын ашуды қалайтын Әбдраман ағаның болмыс бітімі де бөлек болатын. Ол даналықтың, даралықтың негізін қарапайым ғана адамдық парасаттан іздеп, өзі мұрат еткен ісін абыроймен атқара білген азамат ретінде ел есінде қалды, – деп бірге қызмет жасаған жылдардағы естеліктерімен бөлісті Шиелі станция кезекшісі жанындағы оператор Салтанат Қонақбаева. Бір қазанда қайнап, тәлім-тәрбиесін алған Шиелі станциясының қызметкерлері Абибулла Төрежанов, Насыр Қойшыбаевтар да Әбдраман Бегежановтың қызметтегі қыр-сыры туралы естеліктерімен бөлісті.
Шашын ақ шалғанша шойынжолдың бойында шаршамай қызмет істеген Ә.Бегежановтың еңбегі еш кеткен жоқ. Ең бастысы халқы құрметтеп, елі еңбегін еледі. Мәселен 1985 жылы кеудесіне «Еңбек ардагері» медалін жарқырата қадады. Одан бөлек 2007 жылы «КазАтомПромға – 10 жыл», 2010 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 65 жыл», 2015 жылы «Нартай Бекежанов – 125 жыл», 2018 жылы «Шиелі ауданы – 90 жыл», 2019 жылы «Ә.Тәжібаев – 110 жыл» медальдарымен марапатталды. 1996 жылы бейнеттің зейнетіне жеткен ардагер алқалы жиын, ел мен жер мәселесі айтылар кеңестерден қалыс қалған емес. Өз ойын ашық айтып, өңірдің өркендеуі жолында қолдан келер жұмысты істеуден қашпайтын еңбекқор бейнесі нағыз «Еңбек ардагеріне» лайықты еді. Сексеннің бесіне қараған қария әлі де тың, көңілі сергек болатын. Десек те коронавирустың құрығы жас пен кәріні талғап жатпады. Жыл басында өршіген жұқпалы індет еліміздегі іргелі азаматтарды жалмап кеткені бәріміздің жанымызға батқаны рас. Алайда, өзі өлгенімен өшпейтін із, өнегелі өмір қалдырған еңбек адамының артында толықтай бір теміржолшылар династиясы тұрғанын айтпай кету әсте мүмкін емес.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, бұл отбасында балалардың барлығы әке ізін жалғастырды. Әбдраман ағамыз бен Үміт апамыздан өрбіген 3 ұлдың тұңғышы Әбдірахым мен екінші ұлы Бақыт теміржол саласында инженер. Ал үшінші ұлы Нұржан Төретам стансасының бастығы қызметін атқарады. Келіндері мен күйеу балалары да осы саланың қазанында қайнап, теміржолдың бойында табанды еңбек етіп келеді. Ұрпақ сабақтастығындай болған үлкен шаңырақтан 14 немере, 15 шөбере өрбіген. 4 немересі Нүркен мен Гүлсая Астана қаласындағы Қазақстан темір жолында, Гүлнұры Шиелі стансасында кассир, Меруерті Төретам стансасында кезекші маман болып ата жолын жалғап келеді.
«Әкеміздің атына сөз, абыройына кір келтірмеу үшін қай-қайсымыз да жұмысты тиянақты атқаруға, қатарымыздан қалмауға, өзгелерге үлгі болуға тырыстық. Теміржолшы еңбегі айрықша жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені сен қаншама адамның өмірі мен қауіпсіздігіне жауаптысың. Осы орайда асқар тауымыз, арқа сүйеріміз – әкемізден алған тәлім-тәрбие бізге мәңгілік азық болғаны рас», – дейді Әбдірахым аға.
Теміржолшылардың тынымсыз тірлігі Қазақстанның экономикасына қомақты үлесін қосуда деп қабылдаған дұрыс. Өйткені айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса, жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Ал бүгінгі біздің мақаламызға арқау болған әулеттің әрбір мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп, берекелі ғұмыр кешуде.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ