Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕДЕЛІ – ЕЛДЕ, БЕЙНЕСІ – ЖҮРЕКТЕ

БЕДЕЛІ – ЕЛДЕ, БЕЙНЕСІ – ЖҮРЕКТЕ

Адамның ғұмыры жылдармен емес, елге қалдырған ізімен өлшенеді. Біреулер өмірден өтеді де, артында тек уақыттың белгісі ғана қалады. Ал енді бір жандар бар – олардың жүріп өткен жолы туған жердің тарихымен, халықтың тағдырымен астасып жатады. Ондай адамдардың есімі ұрпағының жадында ғана емес, өзі еңбек еткен өлкенің шежіресінде де мәңгі сақталады. Олар биік лауазымымен емес, адамдық болмысымен, адал еңбегімен, елге деген шынайы жанашырлығымен құрметке бөленеді. Сондай арда азаматтардың бірі – ­Саржанов Шағдарбек Шайхуәліұлы.
Ол 1949 жылдың 5 желтоқсанында қасиетті Ақтоған ауылында дүниеге келді. Ол сәт соғыстың ауыр зардабын енді ғана еңсеріп, халықтың қайта еңсе тіктеп жатқан кезеңі еді. Сол уақыттың бар қиындығын басынан өткерген қарапайым еңбек адамдарының шаңырағында дүниеге келген Шағдарбек ағаның тағдыры да еңбекпен, төзіммен, жауапкершілікпен өрілді.
Әкесі Шайхуәлі Саржанұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отан қорғаған майдангер бейбіт өмірде де адал еңбектің үлгісін көрсетті. Колхозда еңбек етті, ферма басқарды, кейін Қазақстан теміржолы саласында абыройлы қызмет атқарды. Ол ұрпағына адалдықтың, еңбекқорлықтың, елге қызмет етудің қандай болатынын өз өмірімен дәлелдеген азамат болды.
Анасы Риякүл анамыз да тағдырдың талай сынағын көрген қайсар жан еді. Ол он екі-он үш жасынан бастап соғыс жылдарындағы тыл еңбегіне араласып, кейін ұзақ жылдар колхоздың жұмысына белсене қатысты. Балаларының бойына сабырды, төзімді, кісілік пен мейірімді дарытқан ардақты ана болды.Осындай қарапайым, бірақ рухы биік отбасында дүниеге келген жеті баланың үлкені болған Шағдарбек жастайынан жауапкершілікті сезініп өсті. Үлкен балаға жүктелер міндеттің салмағы қандай екенін ол бала күнінен білді. Әжесі Райханның тәрбиесінде өсіп, оның ақылын тыңдап, батасын алып ержеткен ол үлкенді сыйлау, сөзге тоқтау, елге қызмет ету сияқты ұлттық қасиеттерді бойына сіңірді. Әжесі еркелетіп қойған «Болыс» деген аты да кейін оның ел ішіндегі беделі мен ұйымдастырушылық қабілетіне ерекше үйлескендей әсер қалдырады.
Балалық шағы Сырдың кең даласында өтті. Ол туған жердің әр бұтасын, әр жусанын, әрбір самал желін жүрегімен сезініп өсті. Сондықтан туған өлкеге деген махаббат оның өмір бойғы басты ұстанымына айналды.
1956 жылы Ақтоған ауылындағы жетіжылдық мектептің табалдырығын аттап, алғашқы білімін алады. Кейін оқуын жалғастырып, 1966 жылы кенттегі Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебін тәмамдайды. Мектеп қабырғасынан бастап-ақ ұқыптылығымен, есепке жүйріктігімен, жауапкершілігімен көзге түседі.
Жас жігіт өмірден өз орнын табу үшін білімнің қажет екенін ерте түсінді. Сондықтан 1968 жылы Шымкент қаласындағы есепшілер даярлайтын мектепті бітіріп, қаржы саласының қыр-сырын меңгереді. Бұл оның болашақтағы ұзақ жылғы қызмет жолының алғашқы баспалдағы болды.
Алайда азаматтық жолдың ең үлкен мектебі әлі алда еді. 1969 жылы ол кеңес армиясы қатарына шақырылып, үш жыл бойы Солтүстік флотта әскери борышын өтеді. Бұл кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін тағдыр болатын. Әлемдегі ең қуатты әскери құрамалардың бірі саналатын Солтүстік флоттың Қызыл Тулы атомдық суасты кемесінде қызмет ету үлкен жауапкершілікті талап ететін. Оның үстіне, жүздеген әскери қызметкердің арасында жалғыз қазақ жігіті болып абыроймен қызмет атқаруы – қайсарлықтың, намыстың және рухтың айқын көрінісі еді.
Туған жерден мыңдаған шақырым алыста жүріп, өз ұлтының намысын қорғау, өзге ортада қазақтың тәрбиесін, мәдениетін, мінезін таныта білу – үлкен ерлікпен пара-пар. Сол жылдар Шағдарбек ағамыздың мінезін шыңдап, тәртіпке, жауапкершілікке, табандылыққа тәрбиеледі. Кейінгі бүкіл еңбек жолында осы әскери мектептен алған тәжірибе оның ұйымдастырушылық қабілетінің берік негізіне айналды.
Әскерден оралған соң ол тынығып немесе өзіне жеңіл өмір іздеген жоқ. Керісінше, туған жерге қызмет етуді өмірлік парыз санады.1972 жылы Сырдария совхозының бірінші фермасына бухгалтер болып орналасып, еңбек жолын бастайды. Бұл қызмет сырт көзге қарапайым көрінгенімен, шаруашылықтың бүкіл қаржы тәртібі мен есеп-қисабының дұрыстығына жауап беретін аса маңызды міндет болатын. Жас маман өз ісіне ерекше ұқыптылықпен қарап, аз уақыт ішінде іскерлігімен танылды.
Сол жылы аудандық сақтандыру инспекциясына бухгалтер болып қызметке шақырылды. Екі жылдан кейін бас бухгалтер лауазымына көтерілуі – оның кәсіби білімінің, жауапкершілігінің және еңбекқорлығының нәтижесі еді. Әріптестері оны дәлдігімен, әділдігімен және талапшылдығымен құрметтеді.
Кейін бұл саладағы қызметі жаңа белеске көтерілді. 1979 жылы сақтандыру инспекциясы бастығының орынбасары болып тағайындалып, араға бір жыл салып мекеменің басшысы қызметіне кірісті. Бұл кезеңде қаржы тәртібін күшейтіп, ұжымның ұйымшылдығын арттырып, аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету ісіне ерекше көңіл бөлді. Еңбегінің нәтижесінде ол «Үздік қаржыгер» атағына ие болып, әріптестерінің ғана емес, сала мамандарының да зор құрметіне бөленді. Бұл марапат оның өміріндегі жалғыз жетістік емес еді. Оның шын марапаты – халықтың сенімі болатын.
Әр дәуірдің өз сынағы болады. Бір ұрпақ соғыстың ауыртпалығын көтерсе, енді бір ұрпақ елдің шаруашылығын көтеруге, экономиканы дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салады. Шағдарбек Шайхуәліұлының еңбек жолы дәл осындай жауапкершілігі зор кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ол қай қызметте жүрсе де, оны жай ғана жұмыс емес, ел алдындағы аманат деп қабылдады.
Сақтандыру саласы – сырт қарағанда қағаз бен есепке ғана негізделген қызмет сияқты көрінгенімен, оның ар жағында мыңдаған адамның тағдыры, шаруашылықтың тұрақтылығы, азаматтардың әлеуметтік қорғанысы жататынын Шағдарбек аға терең түсінді. Сондықтан да ол әрбір құжатқа ұқыптылықпен қарап, әрбір шешімді заң мен әділетке сүйеніп қабылдады.
Әріптестері оның талапшылдығын ерекше құрметтейтін. Бірақ бұл талап – ешқашан адамды төмендету немесе жазалау үшін емес, жұмыстың сапасын арттыру, ұжымның жауапкершілігін күшейту үшін қойылатын талап еді. Ол қызметкерлерінен тәртіп сұрай отырып, ең алдымен өзі тәртіптің үлгісін көрсетті. Ерте келіп, кеш қайтатын еңбекқорлығы, уәдеге беріктігі мен сөзінде тұратын азаматтық қасиеті көпшілікке өнеге болды.
Кеңес одағының соңғы жылдарында қоғамда үлкен өзгерістер басталды. Талай мекемелердің жұмысы тоқырап, талай отбасының тұрмысына қиындық түсті. Ел экономикасы бұрын-соңды болмаған ауыр кезеңді бастан өткерді. Кеше ғана тұрақты жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен мекемелер жабылып, халық жаңа өмірдің белгісіз бағытына бет алды.
Осындай алмағайып шақта сақтандыру инспекциясының да қызметі тоқтады. Көпшілік сияқты Шағдарбек аға да жұмыссыз қалды. Бірақ ол тағдырдың қиындығына мойынсұнып, қол қусырып отырған жоқ. Оның бойындағы қайсарлық пен еңбекке деген сенім жаңа жол іздеуге жетеледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда кәсіпкерлік енді ғана қалыптасып жатқан еді. Ел ішінде нарықтық экономиканың заңдылықтарын түсінетін адамдар аз болатын. Осындай кезеңде тәуекелге бел буып, кәсіп бастау үлкен батылдықты қажет етті.
Шағдарбек Шайхуәліұлы сол алғашқы кәсіпкерлердің қатарынан табылды. Ол Ресейдің Тольятти қаласына барып, автокөліктер әкеліп, ел ішінде саудасын жүргізді. Бұл тек жеке табыс табудың ғана жолы емес еді. Ол уақыттарда көлікке деген сұраныс өте жоғары болатын. Сондықтан оның бұл еңбегі елдің тұрмысын жеңілдетуге де өз үлесін қосты. Нарықтың қатаң талабына бейімделіп, адал еңбекпен кәсіп жүргізудің үлгісін көрсетті.
Қандай салада еңбек етсе де, ол бір қағиданы берік ұстанды: «Адал еңбек ешқашан адамды жерге қаратпайды». Бұл сөзді ол жиі айтып қана қоймай, бүкіл ғұмырында ісімен дәлелдеп өтті. Жаңа экономикалық жағдайда мол тәжірибесі тағы да қажет болды. 1997-1999 жылдары ол «ҚазақИнстрах» мемлекеттік шетел сақтандыру компаниясының Қызылорда облыстық филиалын басқарды. Бұл қызмет сол кездегі сақтандыру жүйесін қайта қалыптастыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болатын.
Басшы ретінде ол ұжымдағы өзара сенімді нығайтып, жұмыстың жүйелі жүруіне күш салды. Өзінің көп жылдық тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, олардың кәсіби қалыптасуына қамқорлық жасады. Оның жетекшілігімен филиалдың жұмысы өңірдегі беделді мекемелердің біріне айналды. Алайда Шағдарбек ағаның азаматтық болмысын тек атқарған қызметтерімен ғана өлшеуге болмайды.
Ол қай кезде де туған жердің тынысын бірінші орынға қойды.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көмір тапшылығы елдің көптеген өңірінде үлкен мәселе болды. Әсіресе қыс мезгілінде ауыл тұрғындарының отынмен қамтамасыз етілуі күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналатын. Осындай қиын кезеңде ол жеке шаруашылығын ұйымдастырып, Шиелі ауданына көмір жеткізу ісін қолға алды.
Бастапқыда бұл жұмыс аудан көлемінде жүргізілсе, кейін Қызылорда облысының барлық аудандарын қамтыған үлкен кәсіпке айналды. Мыңдаған отбасының қысқы отын мәселесін шешуге үлес қосуы – оның елге деген жанашырлығының нақты көрінісі еді.Кәсіпкерлік оның өмірінде тек табыс көзі болған жоқ. Ол кәсіпті халыққа қызмет етудің бір жолы деп білді. Көптеген азаматты жұмыспен қамтып, талай отбасының нәпақа табуына мүмкіндік жасады. Бірнеше отбасыны баспанамен қамтыды, Қызылорданың атынан, облыстан шыққан мәдениет, өнер қайраткерлеріне зор ілтипат-құрметін танытып, қаржылай, материалдық сыйлықтар табыстап отырған кездері де болды. Жұмыс сұрап келген адамның қолын қайтармауға тырысатын. «Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік беру – сауап» деген ұстанымы оның өмірлік қағидасына айналды.
Зейнеткерлік жасқа жеткенде де көпшілік секілді тыныш өмірді таңдамады. Керісінше, туған жердің көркеюіне бұрынғыдан да көп көңіл бөлді. Адамның туған өлкеге деген сүйіспеншілігі сөзбен емес, іспен дәлелденуі керек деп есептейтін ол Шиелі ауданының көгалдануына айрықша еңбек сіңірді. Таңның атысынан күннің батысына дейін көшелерге гүл отырғызу, саябақтарға шырша егу, жас көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарынан бір сәт қол үзген емес.
Кейбір адамдар ағаш отырғызуды қарапайым шаруа деп қабылдауы мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл – болашаққа қалдырылған аманат. Бүгін отырғызылған бір түп ағаш ертеңгі ұрпаққа сая болады. Осыны терең түсінген азамат туған жердің әрбір көшесі гүлге оранып, әрбір бұрышы жасыл желекке бөленсе деген асыл арманмен еңбек етті. Шиелі тұрғындары оның бұл еңбегін жақсы біледі. Көктем сайын жайқалған гүлдер мен бой түзеген шыршаларды көрген сайын көпшілік оның маңдай тері мен туған жерге деген шексіз махаббатын еске алады.
Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды.Шағдарбек Шайхуәліұлының ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, облыс және аудан әкімдерінің бірнеше мәрте марапаттарымен наградталды. Алайда оны жақсы білетін адамдар үшін бұл марапаттардың ішіндегі ең үлкені – халықтың ықыласы еді.
Өйткені шынайы құрмет орденмен өлшенбейді. Ол адамның артынан айтылған ақ тілекте, елдің сағынышында, жұрттың жүрегінде сақталған жылы естелікте көрінеді. Шағдарбек аға дәл сондай құрметке ие болған азамат еді. Ол ешқашан атақ іздеген жоқ. Қайта жасаған жақсылығын жария етпей, мүмкіндігінше үнсіз атқаруды жөн көретін. Қолынан келген көмегін көрсетіп, қиындыққа тап болған жанға сүйеу болуды азаматтық парызы санады. Оның бүкіл ғұмыры бір ғана ақиқатты дәлелдеп өтті: адамның байлығы – жиған дүниесі емес, соңында қалдырған игі ісі мен елдің жүрегінде сақталған жақсы аты.
Адамның шын бақыты – артында жақсы сөз қалдыру. Байлық та, мансап та, атақ та уақыттың еншісінде кетуі мүмкін. Ал адалдықпен өткен өмір, адамға жасаған жақсылық, елге сіңірген еңбек ешқашан ұмытылмайды. Өйткені ондай ғұмыр халықтың жүрегінде өмір сүре береді. Шағдарбек Саржановтың өмір жолы – осы сөздің айқын дәлелі.
Қандай биік қызмет атқарса да, қандай табысқа жетсе де, ол ең алдымен өзін қарапайым ауылдың азаматы ретінде сезінді. Адамдарды қызметіне қарап емес, кісілігіне қарап бағалады. Оның үйінің есігі ешқашан жабық болған емес. Ақыл сұрап келген жанға ақылын айтты, көмек сұрап келгенге қолынан келген жәрдемін көрсетті, жас буынға өмірлік тәжірибесін үйретуден жалықпады. Жақсылық жасауды ол міндет емес, адамдық қасиет деп білді.
Өмір бойы жанынан табылып, қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен адал жары – Қадиша Кенжебекқызымен 1975 жылы шаңырақ көтерді. Бір-біріне тірек болған қос жүрек жарты ғасырға жуық уақыт бойы өмірдің талай белесі мен бел-белестерінен бірге өтті. Олар бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді.Перзент тәрбиесінде ең басты ұстаным – адалдық пен еңбек болды. Балаларына ешқашан дайын жол көрсеткен жоқ. Қайта еңбекпен жеткен табыстың қадірін, маңдай термен келген несібенің қасиетін түсіндіріп өсірді. Өздерінің өмір жолын үнсіз өнеге етіп көрсетті.
«Адал еңбек етсең, халықтың алғысын аласың. Адамға қиянат жасама. Ешкімнің ақысын жеме. Қай жерде жүрсең де еліңнің атын абыроймен алып жүр» деген өмірлік ұстаным оның балаларының да санасына сіңді. Уақыт өте ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырды. Әке ретінде олардың әр жетістігіне қуанып, әр қиын сәтінде жанынан табылды. Перзенттері де әке сенімін ақтап, оның тәрбиесін өмірлік бағдар етіп келеді. Бүгінде артында он бес немересі қалды. Немере – әулеттің жалғасы ғана емес, атаның өмірден алған ең үлкен сыйы. Шағдарбек ата немерелерінің әрқайсысына ерекше мейіріммен қарап, қазақы тәлім-тәрбие беруге тырысатын. Олармен бірге отырып өткен күндердің естелігін айтып, ел тарихын, туған жердің қадірін, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болудың мәнін түсіндіретін.Немерелері үшін ол жай ғана ата емес, өмір мектебі болды.Оның әрбір айтқан сөзі, әрбір ақыл-кеңесі бүгінгі күні үлкен өнеге болып қалды.
Адамның мінезін сипаттайтын ең үлкен өлшем – өзгелердің ол туралы айтқан пікірі. Шағдарбек Шайхуәліұлын білетін жандардың бәрі оның байсалды мінезін, кең жүрегін, сабырлы болмысын ерекше ілтипатпен еске алады. Ол ешкімді алаламайтын. Ешкімнің көңілін қалдыруға тырыспайтын. Жақсылықты ­жарияламайтын. Жасаған игілігін міндетсінбейтін. Қарапайымдылық – оның табиғаты, кішіпейілділік – оның болмысы еді. Кейбір адамдар өмір бойы өзі үшін өмір сүреді. Кейбір адамдар отбасы үшін өмір сүреді. Ал өте сирек кездесетін жандар туған жері үшін өмір сүреді. Шағдарбек Шайхуәліұлы – дәл сондай азаматтардың бірі болатын. Оның туған Шиеліге деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Ауданның көркейгенін көрсе қуанып, кемшілігін көрсе қабырғасы қайысатын. Көшеге егілген әрбір гүлді, бой көтерген әрбір шыршаны өз баласындай мәпелейтін. Өйткені ол табиғатты аялау – туған жерге деген құрмет екенін жан-тәнімен сезінді.
Бүгін сол көшелермен жүрген әрбір адам жайқалған ағаштарды, құлпырған гүлдерді көргенде, олардың артында қаншама маңдай тер, қаншама еңбек жатқанын сезіне бермеуі мүмкін. Бірақ тарих ұмытпайды. Ел ұмытпайды.Халық ұмытпайды. Өйткені туған жердің топырағына адал еңбек сіңірген адамның есімі уақыт өткен сайын биіктей береді.
Біз көбіне адамның өмірін атқарған қызметімен өлшейміз. Алайда шын мәнінде адамды бағалайтын – оның адамгершілігі, елге қалдырған өнегесі, артында қалған ізгі істері.Осы өлшеммен қарағанда Саржанов Шағдарбек Шайхуәліұлының ғұмыры – тұтас бір мектеп.Өмірде әркімнің пешенесіне әртүрлі тағдыр жазылады. Бірақ әр адамға елдің құрметіне бөлену бақыты бұйыра бермейді. Шағдарбек ағамыз сол баққа адал еңбегімен, азаматтық болмысымен, кішіпейіл мінезімен, туған жеріне деген шынайы жанашырлығымен жетті. Бүгінде ол ортамызда болмаса да, оның жүріп өткен жолы, халқына жасаған қызметі, ұрпағына қалдырған тәрбиесі, туған өлкесіне сіңірген еңбегі ел жадында мәңгі сақталады.
Уақыт адамды алыстатады. Бірақ уақыт шынайы тұлғаны ұмыттыра алмайды. Керісінше, жылдар өткен сайын оның қадірі артып, еңбегінің бағасы биіктей түседі. Шағдарбек Шайхуәліұлы сондай ардақты азаматтардың қатарынан орын алды. Оның жарқын бейнесі – отбасының жүрегінде, перзенттерінің тағылымында, немерелерінің жадында, бірге қызмет еткен әріптестерінің естелігінде, туған Шиелі жұртының ықыласында мәңгі жасай береді. Адам өмірден өтеді. Бірақ оның адал еңбегі, ізгі ісі мен жақсы аты өлмейді.

Сұлтанбек Оразымбетов, Шиелі ауданының құрметті азаматы:
Құм сағаттай зуылдап өтіп бара жатқан қайран уақыт. Аудандағы жақсы көретін інілердің бірі, жарты ғасырдан аса ағалы інілі болып сыйласып өткен Шағдардың бұл дүниеден өткеніне бір жыл болып қалыпты. Шағдар өзінің жұмсақ мінезімен, ашық жарқын пейілімен, көпшілдігімен, қолының ашықтығымен, қиналған жанның қасынан табыла білетін қасиетімен көзінің тірісінде ақ көптеген азаматтардың қадірмені болған азамат еді.
1995 жылы өткен Абай Құнанбаевтың 150 жылдық тойында болатын бәйгеге Қызылорда облысының атынан Шиелінің аттары қатысатын болды. Сол сәйгүліктерді бәйгеге қатыстыру үшін алып баруды ұйымдастыру, аудандағы бәйгелерді өткізіп жүрген маған тапсырылды. Сол кезде мен ауырып жүрген болатынмын. Ауданның дәрігерлері жолға шығуыма рұқсат бермеді.
Абайдың «Адамның адамгершілігі бір істі бастағанынан емес, соны қалай аяқтағанынан белгілі болады» дегендей, бастаған ісімді не болсада тәуекелге бел байлап аяқтайын деп бірінші тамыз күні артынып тартынып жолға шықтық. Жолды көтере алмадым ба, жоқ әлде ауруым сыр берді ма келесі күні Түлкібас ауданы ауруханасының жан сақтау бөліміне түсіппін. Үш күн өткеннен кейін Совминің ауруханасына орналасып бір ай емделдім. Сонда менің жағдайымды білуге Шиеліден Алматыға Шағдар мен Төрехан Бектегенов екеуі келді. Қатар жүргенде адамдардың бәрі жақсы көрінгенімен, басына іс түскенде солардың некен-саяғы ғана сенің жаныңнан табылатынын сол жолы білдім. Шәкеңнің өз көлігімен Алматыға барып, 2-3 күн қасымда болуы, маған рухани күш берді. Бұндай қамқорлық азаматтың азаматының ғана қолынан келетін жақсылық.
Әр отбасының дастарқанды болуы, сол отбасының берекесі мен бірлігіне де байланысты деп есептеймін. Соңғы кезде «Жақсы еркектің артында жақсы әйел тұрады» деген сөзді жиі естіп жүрмін. Осы сөз Шағдардың отбасына айтылған сияқты болады да тұрады. Өйткені Шәкеңнің үйіне кейде бара қалсақ Қадиша қарындасымның жайдары қабағы күлімдеп қарсы алатын еді.
Шәкең соңғы оншақты жылдың көлемінде Шиеліні көркейтуге, соның ішінде Ы.Жақаев саябағынын азып тозып кетпеуіне, қайта саябақтың нағыз көпшіліктің демалатын орнына айналуына көп еңбек етіп, үлесін қосты.

Тілеубек Бабасов, Шиелі ауданының құрметті азаматы:
Мен Шағдарды 1970 жылдан бері білемін. 1975 жылы аудандағы ветеринариялық санитариялық отрядқа ветеринар дәрігер болып жұмысқа орналастым. Көшіп келсем, баспана мәселесі туындады. Сонда Шәкең: «Біздің үй төрт бөлмелі. Екі бөлмесінде біз тұрамыз, қалған екі бөлмесіне сендер орналасыңдар» деп кеңпейілдігін танытты. Осылайша екі-үш жыл бір шаңырақ астында бірге тұрдық. Сол жылдар ішінде Шәкеңнің жары Қадишамен де, балаларымен де жақын араласып, олардың бәрін жақсы танып-білдім. Бүгін қазақтың тағы бір бәйтерегі құлады. Бәрімізге қадірлі Шәкең өмірден өтті. Ол тегін адам емес, текті әулеттің ұрпағы, киелі тұлпардың тұяғы, алтынның сынығы еді. Біз сыйлас та, сырлас та, жолдас та болдық.
Шәкеңнің отырысынан, тұрысынан, жүріс-тұрысынан, сөзі мен ісінен мейірім мен имандылықтың, инабаттылықтың лебі есіп тұратын. Жүзінен бекзаттық пен тектіліктің нұры көрінетін. Оның бүкіл болмысы адамгершіліктің, азаматтықтың, адалдықтың жарқын үлгісі еді. Әрдайым жылы жүзді, кішіпейіл, айналасына қамқор болып жүретін. Шәкеннің ауданға сіңірген еңбегі ерекше. Әсіресе мемлекеттік сақтандыру мекемесінде басшылық қызмет атқарған жылдары оның әділдігі мен елге жанашырлығы айқын көрінді. Көктемгі су тасқыны мен қыстың қолайсыз ауа райынан шығынға ұшыраған малдарды есептен шығаруда малшыларға көп қолдау көрсетті. Әділ шешім қабылдап, олардың орынсыз шығынға батпауына себепкер болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырған жоқ. Ауданның көркеюіне үлес қосып, көгалдандыру жұмыстарымен айналысты. Шиелідегі жайқалып тұрған ағаштардың кем дегенде үш ағаштың бірін Шәкеңнің өз қолымен еккен деуге болады.
Шәкеңнің дос-жараны көп болды. Ол айналасындағы адамдарға адал, қолындағы барын бөлісуге дайын, жақсылық жасаудан жалықпайтын жан еді. Жары Қадишамен бірге көпке үлгі болатын өнегелі отбасы құрды. Ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, білім беріп, ұяға қондырды. Бүгінде олар құрметті ата мен ардақты әже атанып, ұрпағының қызығын көріп отырған әулетке айналды.

Ұлболсын Әбілдаева, Ордабасы ауданының тұрғыны:
Уақыт өткен сайын бірге өткізген жылдардың, көрген жақсылықтардың қадірі тереңірек сезіледі екен. Кей адамдардың өмірден өткеніне сенгің келмейді. Өйткені олардың жарқын бейнесі, жылы сөзі, адамгершілігі мен жасаған жақсылығы көңіл төрінде мәңгі сақталып қалады. Мен үшін сондай аяулы азаматтардың бірі – Шағдарбек Шайқыуалиұлы еді.
Көп жылдар бойы Шиелі аудандық Мемлекеттік сақтандыру мекемесінде бірге қызмет атқарып, Шағдарбек ағамыздың басшылығында еңбек ету бақыты бұйырды. Ол кісі Кеңес одағы тарағанға дейін аталған мекемені абыроймен басқарды.Шағдарбек аға өте көркем мінезді, салмақты, сабырлы, білімді, парасатты, ақылды әрі аса іскер азамат еді. Үлкендерге ізетті де ақылды іні, кішілерге қамқор аға бола білді. Мекемедегі әрбір қызметкерді туған бауырындай көріп, ешкімді алаламайтын. Соның арқасында ұжымымыз өте ұйымшыл, ауызбіршілігі жарасқан, бір үйдің адамдарындай еңбек етті.
Сол жылдары ГОСТРАХ мекемесі халық үшін аса беделді ұйым болатын. Адам өмірі, тұрғын үйлер, үй мүлкі, автокөліктер, ірі қарадан бастап барлық түлік сақтандырылатын. Аз ғана сақтандыру жарнасын төлеген тұрғындар төтенше жағдайға тап болғанда мемлекет тарапынан үлкен көмек алатын. Дауылдан үйінің шифері ұшса, қора-қопсысы бүлінсе, малы шығын болса немесе көлігі зақымданса, ол ешқайсысын назардан тыс қалдырмайтын.
Қажет болған жағдайда Алматыдағы басшылықпен тікелей байланысып, аудан тұрғындарының мәселесінің оң шешілуіне бар күш-жігерін жұмсайтын. Сондықтан Шиелі жұртшылығы оны мекеме басшысы ғана емес, әкесіндей қамқор, ағасындай жанашыр азамат ретінде құрметтеді.
Шағдарбек Шайқыуалиұлының елге деген жанашырлығы мен адамға деген құрметі оның әрбір ісінен көрініп тұратын. Колхоз, совхоздардың малы қырылып немесе шаруашылықтарға үлкен шығын келген қиын жағдайларда да ол қарап отырмайтын. Халықтың, елдің мәселесін шешу үшін жоғары басшылықпен, тіпті Мәскеумен байланыс жасап, шығындардың өтелуіне бар күшін салған кездері болды. Бұл – оның қызметіне ғана емес, халық алдындағы азаматтық жауапкершілігіне берік болғанын көрсетеді.
Қарамағындағы мекеме қызметкерлеріне қаржылай сыйақы беру, баспанамен қамту, үйлі-жайлы еткен ерен еңбегінде ұмыту мүмкін емес. Талай адам дәл осы ағайдың алғаусыз қызметінің арқасында баспаналы болды.
Оның адамгершілігі, қарапайымдылығы, кең пейілі мен елге жасаған жақсылығы ешқашан ұмытылмайды. Артында қалған ізгі істері мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.

Нұрболат ПІРІМБЕТ
03 тамыз 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№57 (9424).

01 тамыз 2026 ж.

№56 (9423)

28 шілде 2026 ж.

№55 (9422).

25 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31