Қызылордада балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы талқыланды
Қызылорда қаласындағы Достық үйінде «Балалардың құқықтарын қорғауда үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нығайту: өзекті мәселелер, тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Іс-шараның мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестігін нығайту, озық тәжірибелермен алмасу және бірлескен ұсынымдар әзірлеу болды.
Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, заңгерлер, психологтар мен азаматтық қоғам белсенділері қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар балалардың құқықтарын қорғау - мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының негізгі қағидаттарына тоқталды.
Алғашқы баяндаманы Қызылорда облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Бәкіров Ерлан Әмірханұлы жасап, Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен басқарманың үкіметтік емес ұйымдармен әріптестіктегі алдағы міндеттері туралы баяндады.
Келесі болып заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жобалар заңгері Исаева Жанна Амандыққызы сөз сөйлеп, балалардың құқықтарын қорғауда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, қоғамдық бақылаудың маңызы және осы бағыттағы тиімді тәжірибелер жөнінде баяндама жасады.
Одан кейін «Отбасын қолдау орталығының» консультациялар беру және кешенді сүйемелдеу бөлімінің басшысы Әбітай Дәулет Ғалымұлы әлеуметтік осал отбасылармен жұмыс тәжірибесі, балаларды ерте анықтау және кешенді қолдау тетіктері туралы ақпаратпен бөлісті.
Дөңгелек үстелдің қорытынды баяндамасын Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция бөлімінің полиция майоры Абдразақова Раушан Есенжолқызы жасап, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен озық тәжірибелерге тоқталды.
Баяндамалардан кейін қатысушылар еркін пікір алмасып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Талқылауға білім беру, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар салаларының өкілдері мен үкіметтік емес ұйым жетекшілері белсенді қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысында мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын жүйелі түрде нығайту, әлеуметтік осал отбасыларды ерте анықтау және қолдау тетіктерін жетілдіру, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, буллингтің және кибербуллингтің алдын алу шараларын күшейту, құқықтық және психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өңірлік деңгейде тұрақты диалог алаңын қалыптастыру жөніндегі ұсынымдар қабылданды.
Іс-шара соңында қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау - мемлекеттің, отбасының және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, қабылданған ұсынымдардың өңірдегі ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға және әрбір баланың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға ықпал ететініне сенім білдірді. Шара облыстық қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Асыл Мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.







