Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ


2026 жылғы 24 маусым күні Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» ғимаратының мәжіліс залында экологияны қорғау саласындағы өзекті мәселелерге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі экологиялық бастамаларды қолдауға бағытталды.



Жиынды «Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдарының Альянсы Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Қаракөз Есбосын Қожаққызы ашып, экология мәселесінің қоғам үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасының елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында Қызылорда облысындағы экологиялық ахуал, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды. Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің маманы Гүлдана Ерболатқызы сексеуіл егу жұмыстары, Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру жобалары, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және көбейтуге бағытталған бағдарламалар жөнінде ақпарат берді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Дәмелі Бердешова орман қорының қазіргі жай-күйі мен оны қорғау бағытындағы атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталып, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті.
Ал «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Жанат Айдарбекқызы экологиялық жобаларды іске асырудағы халықаралық тәжірибе мен шетелдік гранттық мүмкіндіктер жөнінде өз пікірін ортаға салды.
Іс-шараға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жастар, Қызылорда облыстық экология департаментінің мамандары және «Қызылорда Тазалығы» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Баяндамалардан кейін ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды. Атап айтқанда, Арал теңізі аймағы, соның ішінде құрғаған табан мен Қамыстыбас өңіріндегі экожүйені сақтау, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысында мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың экология саласындағы өзара ықпалдастығын күшейту, бірлескен жобаларды жүйелі түрде дамыту және халықтың экологиялық жауапкершілігін арттырудың маңызы атап өтілді. Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екені тағы бір мәрте айқындалды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, экологиялық бастамаларды жүзеге асыруда табыс тіледі.
“Асыл мұра-Орда” ҚҚ баспасөз хатшысы
24 маусым 2026 ж. 44 0