Көшпелі кездесу көп тәжірибемен толықты
Сәрсенбі күні Шиелі ауданында «Ауылдық аймақтарды дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында XII өңірлік азаматтық форум аясында көшпелі кездесу өтті.Аталған іс-шара Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы белгілеген негізгі бағыттар аясында ұйымдастырылды. Нақтырақ айтсақ, ауылдық елді мекендердегі жергілікті қоғамдастықтарды дамыту, экологиялық жобаларды жүзеге асыру және әлеуметтік жобалардың техникалық сипаттамаларына талдау жүргізу кіреді. Кездесудің басты мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жергілікті қоғамдастықтардың қызметін жандандыру және ауылды дамыту бағытындағы ортақ міндеттерді айқындау.
Кездесуге «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, облыстық қоғамдық даму басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс және жастар бөлімінің» басшысы Ернұр Бихожаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Орынбасаров, Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ербол Есенов, сондай-ақ Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары мен мүшелері, қоғамдық ұйымдар өкілдері және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Жиын барысында алғашқы сөз аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Шахизатұлына беріліп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Сонымен қатар «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» үйлестірушісі Қаракөз Қожаққызы жергілікті қоғамдастықтардың жұмысын дамыту мен оңтайландыру тетіктері туралы баяндама жасады.
Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Ербол Александрұлы «4-деңгейлі бюджетті енгізу арқылы жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық тәуелсіздігі» тақырыбында баяндама жасап, жергілікті бюджет мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды.
«Ел намысы спорт клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Шәкірбекұлы «Аудан көлемінде жастар арасында спортты дамыту» тақырыбында өз тәжірибесімен бөлісті.
Жаңақорған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Ерікұлы «Жаңақорған ауданында ҮЕҰ-мен атқарылған жұмыстар» тақырыбында баяндама жасап, аудан көлеміндегі серіктестік тәжірибесін таныстырды.
Кездесу барысында жергілікті қоғамдастықтардың белсенділігін арттыру, азаматтық сектор мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту, әлеуметтік жобалардың тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар ауылдың тұрақты дамуы жергілікті қоғамдастықтардың белсенді жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Сонымен қатар 27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай алдағы кездесулерде бүгін көтерілген бастамалардың іске асырылу бағыттары нақтыланатыны жеткізілді. Алдағы республикалық референдум қарсаңында азаматтық қоғам институттарының ақпараттық-түсіндіру және құқықтық ағарту жұмыстарындағы рөлі ерекше екені атап өтілді.
Ашық форматта өткен пікір алмасу барысында барлық қатысушы өздерін толғандырған мәселелер бойынша қажетті ақпарат алып, ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды. Жалпы кездесу мазмұнды әрі нәтижелі өтіп, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
А.Назарова







