Тіршілігін түлеткен, есік алдын гүл еткен
Біз әрқашан «үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. «Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазылып қойған хатпен тең» деп қазыналы қарттардың бағасын халық дөп айтылған даналығымен берген. Қара қылды қақ жарып әділдігін көрсететін, ақылын айтып, батасын беріп, берекеңді кіргізетін әр ауылда қария болса қазынаға бергісіз құндылық екені айқын.«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдарының орны – біз үшін бөлек. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне қарияларымыздың қосқан үлестері мен еңбектері ерен. Олар – біздің бүгін бейбіт өміріміздің, бақ-берекеміздің өзегі.
Жастайынан ерте еңбекке араласып, бойдағы қайрат пен білектегі күшін жұмсап, еселі еңбек етіп, қадірлі жасқа абыроймен жеткен ардагердің бірі – Есім Досанов. Ол 1948 жылы Өзбекстандағы Фергана облысы, Ахунбаев ауданында дүние келген. 1955 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1963 жылы оқуын сәтті аяқтап, Марғұлан экономика және есеп техникумына оқуға қабылданады. Білімін жетілдіріп, 1967 жылы аталған оқу орнын жақсыға аяқтап, Гүлстан қаласында алғашқы еңбек жолын бастайды. Ал 1969 жылы кеңес армиясы қатарына шақырылып, 1971 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келеді.
Әскерген келген соң Есім Сәруарұлы Самарқанд архитектура және құрылыс институтына оқуға түсіп, білім алуды жалғастырады. Институтты 1977 жылы аяқтап, жолдамамен «Авангард» совхозы, қазіргі Ақмая ауылына келіп жұмысқа орналасады.
Алғашында құрылыс саласында 10 жыл уақыт жұмыс істеп, әрі қарай 1989-1990 жылдар аралығында күріш бригадирі болып қызмет атқарады. Жұмысы жүйелі, ісі мардымды тәжірибелі маман 1989 жылдан 1990 жылға дейін көкөніс бригадирі, 1999-2010 жылдары №2 бригада да есепші болып, нәтижелі жұмыс жүргізеді.
Дана халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. Бүгінгі кейіпкеріміз Есім Сәруарұлы осылайша адал бейнеттеніп, мәртебелі зейнет жасына жетеді. Ол қызмет атқарған жылдары совхохдың жұмысы жанданды. Көші ілгері жүрді. Бұның барлығы төгілген маңдай тер мен тынбай тірлік етудің жемісі еді.
Қазір еңбек ардагері аудан орталығына көшіп келгелі, 5 жылға жуық уақыт болды. Зейнет жасында отырса да Есім атамыз қоғамның бел ортасындағы абыройлы ақсақал. Тақадай тәртіпті жаны сүйетін, тазалықты қош көретін атамыздың үйінің айналасы да жинақы. Бау-бақшасы, жеміс-жидегі жайқалып-ақ тұр. Ақмая ауылында тұрған кездері де кетпенін саптап, жерін баптап, түрлі жеміс ағаштарын отырғызып мол өнім алған. Оны ауылдастары тілге тиек етіп, еңбек адамының берекелі ісін жарыса айтады.
Кейіпкеріміз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына үн қосып келе жатқан белсенді ардагер. Ол қоршаған ортаға құрметпен қарауды өзінің міндеті санайды.
– Тазалықты алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Ауламызды таза ұстау, оны жасыл желекке бөлеу – біздің басты міндетіміз. Осындай игі шаралар арқылы келешек ұрпақты тазалыққа тәрбиелейміз.
Осы үйді жаңадан салғанымызға көп болған жоқ. Жаңа үйдің айналасы бос болмасын деп жеміс ағаштарын ектім. Кейіннен ол тамырлап, жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осыларды күнде суарып, баптаймын. Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демейме, міне осы ұстанымды жаныма серік етіп, көркейту-көгалдандыру жұмысына мүмкіндігімше үлес қосып келемін, – дейді еңбек адамы.
Есім ақсақал жары екеуі 4 қыз 1 ұлды дүниеге әкелген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ұл-қыздары да жоғары білім алып, өз саласында абыройлы еңбек етуде.
Қарты бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсе, ұрпақтарының ең үлкен қуанышы сол болмақ. «Өнегесіз өмірдің өрісі тар, өнегелі өмірдің өрісі бар» демекші, адал еңбекпен нан тауып, өз ісінде шеберлік танытып, елдің көркеюіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Есім Досанов ақсақалға ұзақ өмір, бақ-береке тілейміз!
Мейіржан ИБРАГИМОВ








