Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АРДАГЕРЛЕРДІҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ

АРДАГЕРЛЕРДІҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ

«Есігіңнің алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазылып қойған хатпен тең» деп қазыналы қарттардың бағасын халық дөп айтылған даналығымен берген. Қара қылды қақ жарып әділдігін көрсететін, ақылын айтып, батасын беріп, берекеңді кіргізетін әр ауылда қария болса қазынаға бергісіз құндылық екендігі айқын. Қазақ халқы бағзыдан бір ауыз сөзге тоқтаған халық. Оның ішінде қазыналы қарттар мен беделді ақсақалдардың айтқанын бәрінен биік заң деп қабылдап, үлкеннің алдын кесіп өтпеген.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қарияға құрмет көрсету ұрпақ тәрбиесінің басты қағидасына айналды. Елдің бірлігін ойлаған, елдіктің ұйытқысы болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орны әрдайым биік болған. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп халық бекер айтпаса керек-ті. Өйткені қария – даналықтың, өмірлік тәжірибенің, адамгершілік пен парасаттылықтың қайнар көзі. Ел бірлігін сақтауда, жастарға тәлім беруде, әділдікті орнатуда қариялардың орны ерекше. Қариясы бар ел тарихын жоғалтпайды, салт-дәстүрін сақтайды, болашаққа дұрыс бағдар табады.
Біз салтына берік, аманатына адал, дәстүрін дәріптеген әрбіріміз дария көңіл, тау мүсін қарттарымызбен, ақ жаулықты аналарымызбен мақтанамыз. Тәуелсіздік пен береке – бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Оның барлығы, аға буынның жемісті еңбегі екендігі айдан анық. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол – ұрпақтың көрегендігі емес пе?!
Бүгінде Шиелі ауданында 9 697 ардагер бар. Оның ішінде түрлі санаттағы ардагерлеріміз қоғамдық өмірге белсене араласып, өмірлік тәжірибесімен, өнегелі жолымен жастарға үлгі болып келеді. Арнайы құрылған ардагерлер кеңестері жұмыс істеп, халықпен тығыс байланыс орнатқан. Әр жыл сайын атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісіп, есеп беру жиындарын тұрақты қолға алған.
Жуырда осындай жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде Ақмая ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәдуақас Пірімбетовтің есеп беру жиынына қатыстық. Кездесуге ауылдық округ әкімі Ғалымжан Бейсембаев, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Әбдімомын Алдияров, Нәйла Палымбет келіп арнайы қатысты. Алғаш болып ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәдуақас Пірімбетов биыл атқарылған жұмыс барысын баяндады.
Ауылдық жерде түрлі дау-дамайлар немесе мәселелер туындап қалып жататыны жасырын емес. Солардың алдын алып, жеңіл-желпі даулардың өршіп кетпей, бітісуіне ұйытқы болатын да ардагерлер. Осылай елдің бірлік, ынтымағының ыдырамауына ықпал жасап отырады. Жастар арасындағы тәрбие жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, оларды отансүйгіштік, патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысады. Сондай-ақ ауылдың көгалданып, таза болып, көркеюінің де басы-қасында жүреді. Қажетті мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешімін табуына мұрындық болады. Бір сөзбен айтқанда қолымен атқарып тастамады демесең ардагерлер ақылшы да, кеңесші де, қозғаушы да, ұйытқы да бола білуде. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінің есеп беру-сайлау жиналысында есепті баяндама жасаған кеңес төрағасы Сәдуақас Пірімбетов осы, тағы да басқа мәселелерге жан-жақты талдау жасап өтті.
Ақмая ауылы күн санап өркен ­жайып, қарқынды даму үстінде. Әлеуметтік қажетті нысандар толық шешімін тапқан бірден-бір ауыл. Мәселен, «Ақмая» шаруа қожалығының демеушілігімен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бойындағы үлкен аркаға жарық бағаналарын қоюға 600 мың теңге қаржы бөлініп, жарықтандырылған. Өткен жылы ел игілігі үшін 5 аялдама салынып, шаруа қожалықтарының демеушілігімен ауылдың кіреберісіне екіжақты бейнебақылау камерасы орнатылған.
Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен көгалдандыру, көркейту, абаттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылып келеді. Ауыл сыртынан қатты қалдықтарды тастайтын арнайы 2 гектар жер әзірленіп, толық қораланған. Тұрғындар енді тұрмыстық қалдықтарды полигонға апарып, ауыл ішінің тазалығын сақтауға айрықша үлес қосуда. Сонымен қатар биыл Т.Қирабай көшесі мен Қ.Әбдіқадіров көшесінің қиылысынан ауыл өмірін жандандыратын жаңа балалар ойын алаңы, жаттығу аймағы және шағын футбол алаңы халық игілігіне берілді. Бұл жасалынған жұмыстарға да ауыл ардагерлері бас болып, қолдау білдіріп, басы-қасында жүрген болатын.
Әрі қарай жиын еркін пікір алмасуға ұласып, ардагерлер қауымы өздерінің ұсыныстарын жеткізді. Сөзге шығушылардың барлығы есепті мерзімде атқарылған жұмысқа қанағаттанарлық деген баға бере отырып, ауылдағы алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмыстарға мұрындық болу жөнінде әңгімеледі. Кеңес барысында алқа мүшелері мен төраға хатшысын жаңадан қайта сайлады. Осылайша, зейнет жасына жеткен ардагерлердің алқа мүшелері қайта толықты.
Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері Әбдімомын ­Алдияров, Нәйла Палымбет қорытынды сөз сөйлеп, ауыл ардагерлерінің жұмысына толағай табыс тіледі.
Ұрпақтар сабақтастығы жарасыммен сақталса елдің беркесі де, мерекесі де ­таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. Мұны біз ақмаялық ардагерлер кеңесінде анық байқап, ризашылық білдіріп, радакциямызға қайта оралдық.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
15 желтоқсан 2025 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (9360)

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031