Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қазақ өмірінің жазы өтіп күзі келген ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарияларға ежелден ерекше құрмет көрсеткен халық. Оның дәлелі қарттарды қазынаға теңеп, «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» десе, ақындар «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп, жырға қосып, екі ауыз сөзбен олдардың мерейін үстем еткен. Иә, дәстүр-салтына берік, аманатқа адал, көңілі дария, тау мүсін қарттарымызды қалай мақтап, дәріптесек те артық етпейді. Өйткені, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің осы дәрежеге жетіп, әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастыруға алдымен аға буын өкілдері яғни, бүгінгі қарияларымыз табандылық танытып, еңбек етті.
1990 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп белгіледі. Бұл айтулы күнде біз алдыңғы буын ағаларымыздың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіріп, ардагерлерге қамқорлық көрсетуіміз қажет. Мереке қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты шара өтіп, онда ауданда түрлі салада қызмет атқарған ардагерлер мен қазыналы қарттарымыздың басы қосылды.
Өз кезегінде ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізген аудан әкімі Н.Мақұлбеков: «Дана халқымыз «Ел – ағасыз, көйлек – жағасыз болмайды» деп бекер айтпаса керек. Аға ұрпақтың өмірлік ғибраты мен өлшеусіз тәлім-тәжірибесі – іргелі істерді жалғастыруда таптырмас тағылым. Жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа баулуда ардагерлеріміз басқаларға бастау болып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда да рөлі ерекше. Үлкендеріміз өз тарапынан қоғам өміріне белсене араласып, өңірдегі сан ұлттың бірлік пен берекеде өмір сүруіне, елдің ынтымағын сақтауда ақсақалдық ақылын айтудан әсте танған емес. Салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға сай өтетін жиындарда халықты жікшілдік пен рушылдыққа бөлмей ел ішінде ұйытқы бола білген ақсақалдарымыз біз үшін жол сілтер көшбасшымыз болып қала бермек» – деп, ақжарма тілегін айтты. Сонымен қатар, жеті номинация бойынша қарияларға марапат ұсынды.
Бүгінде ақсақалдарды біріктіретін аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестері – нәтижелі жемісті жұмыс істеп жатыр. Ауданда 8211 ардагер бар. 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбегімен еленген 374 тыл ардагерлері мен 151 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер және 125 жалғыз басты қарт бар. Биылғы Ұлы Отан соғысының ардагері С.Байжановқа 1,1 млн теңге, тыл ардагерлері мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген 526 адамға 52,2 млн теңге біржолғы жәрдемақы берілген.
Өңірде жыл сайын қарттарға арналған әлеуметтік қызмет түрлері мен көмек жолдарын жетілдіруге ерекше маңыз беріліп келеді. Жалғыз басты қарттарға 24 әлеуметтік қызметкер арнаулы қызмет түрлерінен көмектер көрсетеді. Биыл Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жергілікті ардагерлер кеңестерін дамыту және қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету, ұлттық салт-дәстүрлерді дамыту бағытында шараларды ұйымдастыру қызметі» әлеуметтік жобасына 3,5 млн теңге қаралып қолдау көрсетілген.
Ардагердің түбірі ар сөзі болса, ол – ұлылықтың, ұяттың, ұлағаттың, арда емген абырой биігінің шоқтығы. Ал, осындай озық белес ақсақал, абыздарға тән десек, бүгінгі ардагерлеріміз жоғарыдағы сөзімізге әбден лайық.

Елдос ЖҮСІП
01 қазан 2021 ж. 776 0