Қарты бар ел қазыналы
Қазақ халқы үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің негізі деп біліп, ақсақалдың керек-жарағын әзірлеп, оның қызметіне жарап, батасын алуды ерекше құрмет тұтқаны белгілі. Бұл бізге қанмен келген қасиет десек, артық айтқандығымыз емес. Иә, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген. Тәуелсіз еліміздің осыншалықты дамып, әлем елдері арасынан өзінің орнын белгілеп, дамыған 50 елдің қатарына енуіне кешегі өткен бабаларымыз бен бүгінде елдің ортасында жүрген алдыңғы буын ағаларымыздың еңбегі еселі. Осынау елдің тыныштығы мен тұтастығының, бірлігі мен берекесінің сақталуына ардагерлеріміз өз үлесін қосып келеді. Сондықтан көпті көрген көнекөз қариялардан жас ұрпақтың үйренер, үлгі аларлық іс-әрекеті жетерлік.
Жуырда өскелең ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп, бабалардан жеткен асыл сөзді насихаттау мақсатында Тартоғай ауылындағы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінде «Аталар жолы» атты ауыл ақсақалдарымен кездесу өтті. Келелі кездесуді аталған мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Ерімбетов, мектеп-лицей тәлімгері А.Сарбасова, білім ордасының психологы А.Мауленова және 9-10 сынып жетекшілері ұйымдастырды. Оқушылар ауылда абырой биігінен көрініп жүрген М.Омаров, С.Тәжібаев, А.Абдіраманов, С.Садуақасов, Х.Қаденов, Б.Пірімбетов, Е.Досжанов сынды ақсақалдармен жүздесті. Тағылымы мол шараны мектеп-лицей директоры Қ.Амзиев ашып беріп, ауыл ақсақалдарының алдағы ғұмырына жақсылық, бақыт, қуаныш тіледі. Сондай-ақ қариялардың елді мекеннің өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлестері үшін алғыс білдірді.
Рухани шара қатысушылардың өмірі өнегемен өрілген тұлғалардың ғұмыр тарихымен танысуынан басталды. Одан кейін ұйымдастырушылар интелектуалды «Қызық екен» ойынын ұйымдастырып, ауыл тарихы, жер-су аттары және көше атаулары туралы қызықты һәм керекті сұрақтарға жауап алды. Ал «Аталар сөзі – ақылдың көзі» кезеңі бойынша аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдар қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі хақында сөз өрбітті. Шара барысында 3 сынып оқушылары «Ата өсиеті» тақырыбында көрініс қойып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, қарттардың ғибраты мен тәлім-тәрбиесі – ілкімді істерді жалғастыруға жол сілтеуші. Сол себепті әр адам іс бастамас бұрын батагөй қарияның ақ батасын алса құба-құп. Осы орайда шара ұйымдастырушылары да қазыналы қарттардан бата алып, рухани азық жинады.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ