Қарттарым – асыл қазынам
«Қарты көп елдің қазынасы көп» деп текке айтылмаса керек. Төрінде арқасүйер асқар таудай әкесі, ақ тілеулі аяулы анасы отырған үйден ешқашан ырыс пен береке үзілмесі анық. Тек өзінің шаңырағы ғана емес, халықтың бірлігін, елдің елдігін, ауыл-аймақтың амандығын тілеп, жасы ұлғайған шақтарында жұрттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, қолдан келген көмегі мен ақыл-кеңесін беріп отыратын үлкендердің арамызда жүргендігі көңіл қуантады.
Ауданда бүгінгі күнге дейін «Шиелі ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында кездесулер, түрлі шаралар өткізіліп келеді. Осындай игі шаралардың жалғасы жұма күні аудандық мәжіліс залында «Әдемі қартаю деген не?» атты тақырыпта өтті. Шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова ашып: «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Жарасымды отбасы мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Ал, сәнімен қартаю – абырой. Бірыңғай отбасылық өмір қалпына көшкен соң балалары, немере-шөберелерінің төрінде маңғаздана отыру, ешнәрсеге мұқтажданбау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен ізгі ниетін қабылдау, оң батасын беріп, баршасын риза ету үлкен ғанибет. Сонымен қатар, сымбатын сақтап, денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарап, әдемі қартаюда – өнеге», – деді.
Әдемі қартаю деген не? Ол үшін спорттан өзге не істеу керек деген ойды бөлісу мақсатында ауданның әлеуметтік экономикасының дамуына сүбелі үлестерін қосып келе жатқан Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», «Еңбек ардагері» медалінің, «Құрмет белгісі» орденінің және бірнеше мерекелік медальдың иегері, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, қажы Киікбай Смайылұлы, Төңкеріс ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Әбіткен Мизамбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, комсомол, кеңес, партия, кәсіподақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Есіркеп Шәдібекұлы ағамызды және мәдениет саласының ардагері, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің, «Ауыл мәдениетін көтеруге қосқан елеулі еңбегі үшін» Құрмет грамотасының иегері, бүкілхалықтық халық шығармашылығы фестивалінің екі дүркін лауреаты, бірнеше мерекелік медальдың иегері Әшімхан Оспанов ағаларымыз отбасындағы имандылықтың, ибалылықтың, сыйластықтың сырын және өмірлік тәжірибесін, ата мен баланың, басқа да отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасы, әдемі қартаюдың мән-мағынасымен бөлісті.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров ағаларымызға сый-сияпаттар табыстады. Әдемі қартаюдың қыр-сырымен бөліскен ардагерлерімізге жастар түрлі ойларында жүрген сауалдарын қойып, кешегі мен бүгінгінің айырмашылығын талқылап, көпті көрген қариялармен пікір алмасты. Пікірталастың аяғы қарияларымыздың жүрекжарды тілегіне ұласып, әдемі әуендерді қосыла шырқаумен тәмамдалды. Салтанатты кештен түйгеніміз, бұлағы таза, тегі асыл, ортасы еңбекқор, жиған білімі мен білігі тең, парасаты мен байламы терең, тәжірибесі мол, қағидаты анық азаматқа ғұмыр бұйырса, әдемі қартаюдан басқа жол қалмайды. Бұл жол – баянды бақыт жолы.
Ғазиза БАУЫРЖАНҚЫЗЫ.