Ардагерлерге қызмет – абыройлы міндет
Қазақ қашанда қазыналы қартын құрметтеген. Туған елінің туын биік ұстауды мақсат тұтқан Елбасы әрқашан еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін ұлықтауды ұлы дәстүрге айналдырып, өскелең буынға ұлағат етіп келеді. «Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік», – деп атап көрсетті Елбасы.
Шындығында да, өсетін елдің өнегелі ұрпағы дария теңіз қариясын құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан. Ендеше, «Үйдегі қарияң – жазып қойған хатпен тең» демекші, қарттарын құр-меттеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем. Осындай дәстүрлі тәжірибеден тәлім алған егемен еліміз алғашқы күннен қарттарын қадірлеп, үлкенін құрметтеуді даму баспалдақтарында басымдыққа айналдырып келеді. Осындай игі бастаманы қолға алған облыс басшылығы жуырда бір топ қарияны елорда төріне аттандырды. Ондағы мақсат – ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, оларға керемет көңіл-күй сыйлап, рухани демалдыру. Астана – қарыштап жаңарған мемлекетіміздің символы. Елорданың көз сүріндірер келісті келбеті күн санап жасарып, көркейіп, гүлдене түсуде. Осындай кереметті өз көздерімен тамашалау бақыты бұйырған бір топ ардагерлер ең алдымен «Әзірет Сұлтан» мешітіне зиярат етуден бастады. Одан соң, қаланың көрікті көшелерін, әсем ғимараттарын тамашалады. «Пирамида», «Хан шатыр», «Бәйтерекке» шығып, кереметтей әсер алған қариялар «Қазақконцерт» залына барып республикалық ақындар айтысының қызықты сәттеріне куә болды. Қарттарды бастап барған облыстық ардагерлер кеңесінің менеджері С.Тынышбаева жас та болса көрегенділігімен жол көрсетіп, ардагерлерге қызмет жасады. №2 қалалық емхананың жедел жәрдем бөлімшесінің фельдшері Ботакөз Мүсілім ардагерлердің денсаулығын қалт жібермей бақылап отырды. Жол бойына Арал аудандық мәдениет үйінің қызметкері жыршы, термеші Ғанибек Өмірзақов, Шиелі ауданының ардагер ұстазы Анар Оразымбетовалар көңілдің ажары ән-жырдан шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мың естігеннен бір көрген артық деген сөздің төркінін ардагерлер Астана сапарында түсінгендей.
Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
Алғабас ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы.