ДАЛА ДӘУЛЕТІНІҢ САҚШЫЛАРЫ
Қазақ халқы үшін төрт түлік – тіршіліктің тірегі, ырыс-берекенің бастауы. «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп бағзыдан мал шаруашылығын кәсіп еткен халқымыз төрт түлікті тек күнкөріс көзі емес, ұлттың байлығы деп бағалаған. Ал сол байлықтың саулығын сақтап, түрлі індеттердің алдын алу үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар – ветеринария саласының мамандары. Олардың еңбегі күн сайын көзге көріне бермегенімен, қоғам үшін маңызы өлшеусіз.Мереке қарсаңында Қызылорда облысының ветеринария басқармасына қарасты «Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына арнайы барып, ұжымның тыныс-тіршілігімен таныстық. Күнделікті қарбаласқа толы қызметтің куәсі болып, аудандағы ветеринариялық ахуалды тұрақты ұстап тұру жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысын көзбен көрдік.
Бүгінде аудан тұрғындарына сапалы ветеринариялық қызмет көрсетіп отырған мекемеде 113 қызметкер еңбек етеді. Ұжымның негізгі міндеті – жануарлардың жұқпалы және аса қауіпті ауруларының алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекет тарапынан бекітілген ветеринариялық іс-шараларды сапалы орындау.
Станция мамандары жыл бойы малды бірдейлендіру, профилактикалық екпе егу, диагностикалық зерттеулер жүргізу, мал иелеріне кеңес беру, ветеринариялық анықтамалар рәсімдеу, сондай-ақ елді мекендердегі ветеринариялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау жұмыстарын жүйелі түрде атқарады. Әрбір атқарылған іс ауданның мал шаруашылығын дамытуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және адам мен жануарға ортақ жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған.
Жыл басынан бері жануарларды бірдейлендіру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асқан. Атап айтқанда, сырғалау арқылы 11 482 бас ірі қара, 33 203 бас қой-ешкі, 20 бас шошқа және 203 бас түйе есепке алынып, бірдейлендірілген. Сонымен қатар 2 630 бас жылқыға микрочип орнатылған. Бұл жұмыстар әрбір жануардың нақты есебін жүргізуге, олардың қозғалысын бақылауға әрі аурулардың таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мекеме мамандары жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларына профилактикалық вакцинация жүргізіп, аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Сондай-ақ қажетті диагностикалық зерттеулер ұйымдастырылып, мал иелеріне ветеринариялық қызметтер көрсетіліп келеді. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде аудандағы эпизоотиялық ахуал тұрақты бақылауда.
Шиелі аудандық ветеринариялық станциясына 2014 жылдан бері тәжірибелі маман Бекжан Бекқожаев жетекшілік етеді. Ол 1967 жылдың 11 сәуірінде Керделі ауылдық округінде дүниеге келген. Еңбек жолын қарапайым механизатор болып бастаған ол әскери борышын өтегеннен кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 1989 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1994 жылы жоғары білім алып шыққан соң туған өлкесінде ветеринария саласына қызмет етуді таңдады.
Әр жылдары мал дәрігері, ферма бригадирі, ветеринариялық учаске меңгерушісі, ветеринариялық инспектор, аудандық ветеринариялық зертхананың меңгерушісі секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Жинақтаған мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында 2014 жылы аудандық ветеринариялық станциясының директоры болып тағайындалып, содан бері ұжымды нәтижелі еңбекке бастап келеді.
Өз ісіне деген адалдығы мен көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы» және «Еңбек даңқы» медальдарымен марапатталған. Басшының басты ұстанымы – ветеринариялық қызметтің сапасын арттыру, халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсету және сала мамандарының кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіру.
Ветеринария – тек жануарларды емдеумен шектелетін сала емес. Аталған сала ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына, азық-түлік қауіпсіздігіне және халық денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды бағыт. Сондықтан аудандық ветеринариялық станциясының ұжымы атқарып отырған еңбек – ел игілігі жолындағы жауапты да абыройлы қызмет.
Айнұр ИБРАШЕВА





