Төрт түліктің саулығы – ел амандығының кепілі
Шиелі ауданында ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясында арнайы жиын өтіп, саладағы өзекті мәселелер талқыланды.Жиынға аудандық ветеринариялық станция мен зертхана басшылары, сала мамандары қатысып, эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, жұқпалы аурулардың алдын алу және ветеринариялық қызмет сапасын арттыру мәселелерін саралады.
Аудандағы мал шаруашылығы көрсеткіштері де көңіл қуантады. Қазіргі таңда бірдейлендіру дерекқорында 87 мыңнан астам ірі қара, 133,5 мың уақ мал, 29 мың жылқы, 1800 түйе және 61 бас шошқа тіркелген. Бұл ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін аңғартады. Сондықтан төрт түліктің саулығын сақтау – күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларына қарсы профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, құтыру, сібір жарасы, аусыл, нодулярлы дерматит, қарасан, туберкулез, лептоспироз секілді ауруларға қарсы екпе егу жұмыстары жүйелі жүзеге асуда. Сонымен қатар адам мен малға ортақ бруцеллез ауруының алдын алу мақсатында қан сынамалары алынып, зертханалық тексерулер жүргізілуде.
Жиында вакциналарды сақтау және пайдалану талаптарын қатаң сақтау, жүргізілген жұмыстарды дер кезінде рәсімдеу, пайдаланылған вакцина құтыларын талапқа сай жою мәселелеріне ерекше мән берілді. Мамандар ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде мұндай талаптардың маңызы зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи диагностикумдармен және зерттеу құралдарымен қамтамасыз ету жайы да кеңінен сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстар зертханалық сараптамалардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде ветеринария саласында цифрландыру үдерісі де қарқын алған. «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы малды тіркеу, сатып алу және сату жұмыстары жеңілдесе, «ВетЛаб» және «ВСЭ» ақпараттық жүйелері зертханалық тексерулердің ашық әрі тиімді жүргізілуіне жол ашып отыр.
Сонымен қатар ветеринариялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері заң талаптарын бұзған 19 тұлғаға әкімшілік іс қозғалып, жалпы көлемі 973 125 теңге айыппұл салынған.
Мамандардың пікірінше, ветеринариялық қауіпсіздік – тек мал шаруашылығының ғана емес, халық денсаулығының да кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болмақ.
М.Кеңесұлы







