Эпизоотиялық тұрақтылық – жүйелі жұмыстың нәтижесі
Ауыл тіршілігінің тыныштығы мен төрт түліктің амандығы – сырт көзге байқала бермейтін, бірақ қоғам үшін аса маңызды еңбектің жемісі. Бұл – күннің ыстығы мен қыстың суығына қарамай, ел ішінде елеусіз жүріп, ерен қызмет атқарып жүрген ветеринар мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.Әр ауылда халықпен етене араласып, мал шаруашылығының берекесін арттыруға үлес қосып отырған ветеринариялық пункттер – ауыл экономикасының сенімді тірегі. Солардың бірі – Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы. Аталған мекеме 2011 жылғы 22 ақпанда аудан әкімінің №1335 қаулысына сәйкес құрылып, 2012 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 «Ветеринария туралы» Заңы аясында өз қызметін жүйелі түрде жүргізіп келеді. Заңның 11-бабына сәйкес, мекеме «Қызылорда облысының ветеринария басқармасының Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ретінде жұмыс атқарады.
Бүгінде аудан аумағындағы 23 кент пен ауылдық округте ветеринариялық пункттер халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Мекеме құрамында 23 ветпункт меңгерушісі, 23 ветеринар дәрігер, 39 ветеринар фельдшер және 22 ветеринар санитар еңбек етеді. Барлық пункттер заманауи талапқа сай құрал-жабдықтармен, соның ішінде тоңазытқыштармен, автокөліктермен және интернет желісімен толық қамтылған. Бұл – көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, уақыт талабына лайық жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Аудан бойынша «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорында ірі қара – 85 785, ұсақ мал – 128 523, жылқы – 28 358, түйе – 1 797 және шошқа – 61 бас тіркелген. Мұндай көрсеткіштер ветеринариялық бақылаудың кең ауқымда жүргізіліп отырғанын аңғартады.
Эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес 2025 жылы республикалық бюджет есебінен аса қауіпті 11 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцинация жүргізілді. Атап айтқанда, құтыру, сібір жарасы, аусыл, лептоспироз, оба, эхинококкоз, күл, қарасан, нодулярлы дерматит және инфекциялық ринотрахеитке қарсы екпелер егілді. Сонымен қатар 26 мың бас ірі қара малға туберкулинизация жасалып, барлық нәтиже теріс көрсеткіш берді.
Энзоотиялық аурулардың алдын алу бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылды. Жылқылар сақау мен гастрофилезге қарсы, ұсақ мал фасциолезге қарсы, ірі қара пироплазмоз бен тейлериозға қарсы, ал түйелер трипаносомозға қарсы егілді.
Диагностикалық тексерулер барысында бруцеллез (сарып) ауруына қарсы ірі қарадан 141 мың, ұсақ малдан 207 мың, түйеден 1 450, иттерден 480 және шошқадан 5 қан сынамасы алынып, зерттелді. Нәтижесінде 5 бас ірі қара мен 1 бас ұсақ малдан ауру анықталып, санитариялық талаптарға сәйкес жойылды.
Жалпы алғанда, аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулардан өлім-жітім тіркелмеген. Саладағы кадрлық әлеует те назардан тыс қалмаған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері Нұрболат Тасболат, Марал Мұхтар, Олжас Абдраманов және тағы басқа жалпы 33 ветеринар маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар 2024–2025 жылдары Астана қаласында өткен республикалық байқауда Төребек Бисенбаев, Гүлзина Байдарбекова және Ғани Аблаев «Үздік ветеринар» атағын иеленіп, аудан мерейін асқақтатты. Жас мамандар Жандос Палжанов пен Асұлан Аманбердиев да өз еңбектерімен ерекшеленіп келеді.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жүргізілген реформалардың нәтижесінде ветеринар мамандардың әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді. Қазіргі таңда ветеринар дәрігерлердің жалақысы 300–320 мың теңге, ал ветеринар фельдшерлердің жалақысы 240–260 мың теңге аралығында.
Қорыта айтқанда, эпизоотиялық тұрақтылық – бір күннің немесе бір адамның еңбегі емес, бұл – жүйелі жоспар, кәсіби біліктілік және ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Ауылдың амандығы мен малдың саулығын күзеткен ветеринар мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
М.Кеңесұлы






