2026 Жылан жылы болу керек пе?
Академик жазушы Ғабит Мүсірепов: «жыл бір адал, бір арам хайуаннан кезектесіп келіп отырады» деуші еді. Оны бабаларымыз бір шумақ өлеңге сидырып, нақтылап кетіпті.VII және VIII ғасырлардан бері әр жылға телініп, қолданылып келе жатқан хайуанат аттары, әрине, бірқатар өзгерістерге түскені рас. Кейбір жыл атаулары көрші елдерден, туыс ұлттардан ауысып келуі де ғажап емес.
Қазіргі қолданыстағы: Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз атауларының орналасу реті көңілге сенімсіздік ұялатады.
Жас кезімізде мүшел мен жыл қайыру әңгіме болғанда ауыл қарттары «жыл бір адал, бір арам хайуаннан кезектесіп келіп отырады» деуші еді. Бірақ қолданыста басқаша көрініс табуда. Адал мен адал, арам мен арам қатар келіп жатады.
«Қазақ және тағы біраз халықтар жыл қайыруында жыл аттарының қалай құрылғаны туралы негізгі принципі бұзылып кеткен: екі адал – жылқы мен қой қатар тұрып алған...» деп жазыпты Ғабит Мүсірепов. Академик жазушының да көңілінде күдік бары аңғарылып тұрған жоқ па?
Әрине, біреуді кінәлаудан аулақпыз. Кешегі қызыл империя кезінде жыл реті түгілі, сөз ретін, ай атауын былай қойғанда, өз атымызды да ұмытқан кездер болды ғой. Ал енді осы сөзімізге дәлел де табылды. Дәлел болғанда да, бұлжымайтын дәлел. Оны бабаларымыздың өзі айтып, нақтылап кетіпті.
Педагог, ақын, сазгер Қамнұр Тәлімұлы жуырда әлемшарда қазақтың жыл қайыруына қатысты айтқан сөзінде бұл бұлжымас айғақты тілге тиек етті. Бары-жоғы бір шумақ өлең екен:
Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма именіп ділмардан. Осындағы әр сөздің басқы әріптері жылдың атауын білдіріп тұр. Мысалы:
Т –Тышқан, С – сиыр, Б – барыс.
Қ – Қоян, Ұ – Ұлу, Ж – Жылқы.
Ж – Жылан, Қ – Қой, М – Мешін,
Т – Тауық, И – Ит, Д – Доңыз.
Сонда жыл реті төмендегідей болып шығады:
Тышқан, Сиыр, Барыс, Қоян, Ұлу (Ұлыма), Жылқы, Жылан, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз.
Демек биылғы жыл (2026) осы тәртіп бойынша, жылан жылы. Жылқы мен жыланның орнын ауыстырса болды, ары қарай бір адал, бір арам болып ретімен кете береді. Бабалар жолын басшылыққа алып, ұстанымымыздан ауытқымайық. Өзге өркениетті елдер сияқты өзімізге ғана тән ұлттық құндылықтарымызды құнттағанымыз, асылымызды ұмытпағанымыз жөн емес пе, ағайын?!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ







