Домбыра – ұлт болмысы
Қазақтың кең даласында ғасырлар бойы қоңыр үнін жоғалтпаған бір ғана киелі мұра бар. Ол – домбыра. Қос ішектің бойына тұтас ұлттың тарихы, тағдыры, мұңы мен қуанышы, ерлігі мен елдігі сыйып кеткен. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – бір ғана музыкалық аспаптың мерекесі емес, ұлт рухының ұлықталатын күні.Домбыра – қазақтың жан дүниесін сөйлеткен қасиетті мұра. Оның күмбірінде бабалардың аманаты, азаттықтың аңсары, туған жерге деген сағыныш пен елдік рух қатар өріледі. Бір ғана күйдің әуенімен тұтас дәуірдің шежіресін жеткізе алған халқымыз үшін домбыра – үнсіз тіл, мәңгілік шежіре.
Бүгінде қара домбыра ұлттық мәдениеттің ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыруының басты нышандарының біріне айналды. 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде аталып келеді. Бұл мереке ұлттық өнерді ұлықтап қана қоймай, жас ұрпақтың төл мәдениетке деген құрметін арттыруды мақсат етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық аспаптың ұлт өміріндегі орнына әрдайым ерекше тоқталып келеді. Биылғы Ұлттық домбыра күніне арналған құттықтауында Президент: «Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс» деп атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын көздің қарашығындай сақтау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Отанға сүйіспеншілік – мемлекеттілігіміздің темірқазығы» деген сөзімен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын айрықша айқындады.
Шын мәнінде, домбыра – халықтың тарихи жады. Құрманғазының өр мінезді күйлері, Дәулеткерейдің сырлы саздары, Тәттімбеттің толғауы, Динаның дара өнері – барлығы осы қос ішектің бойында сақталған рухани мұра. Әр күй – өткеннің үні, әр перне – ұлттың жүрек соғысы.
Қазіргі таңда домбыраның қадірі бұрынғыдан да артып келеді. Елдің түкпір-түкпірінде күй фестивальдері, жас күйшілер байқауы, мыңдаған адамның қатысуымен өтетін күй орындау акциялары ұйымдастырылып, ұлттық өнердің өрісі кеңейіп келеді. Домбыра үйренуге деген жастардың қызығушылығы да жылдан-жылға артып, бұл ұлттық құндылықтың өміршеңдігін айқын көрсетуде.
Президент дәстүрлі өнерді дәріптеген азаматтарға мемлекет әрдайым қолдау көрсететінін айтып, қасиетті қара домбыраның үнін әлемге танытып жүрген өнерпаздарға ризашылығын білдірді. Бұл – ұлттық мәдениетті сақтап қана қоймай, оны жаһандық деңгейде насихаттаудың маңызды бағыты.
Домбыраның қоңыр үні – ұлттың мәңгілік үні. Ол өткенді бүгінмен, бүгінді болашақпен жалғайтын алтын арқау. Сондықтан қара домбыра төрден түспесе, қазақтың рухы да аласармайды. Ұлттық домбыра күні – сол рухтың жаңғырып, ұлттық сананың асқақтай түсетін мерекесі.
Г.Әбдіхани






