Тілін білмеген, түбін білмейді
Адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей қоғам мен мемлекет құрылымындағы күрделі құбылыс – тіл мәселесі болып табылады. Тіл ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады. Алайда тілдің мәртебесіне келгенде тілтістеп қалар тұсымыз көп. Оған әрине, ең бірінші өзінің ана тілінде сөйлей білмейтін жандардың жайын қосыңыз...«Қазақ тілі сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан дүниеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей межет беріп, адам түгілі жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып тіл». Бұл – ұлт батыры Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі. Қазақтың тілі туралы мұндай қанатты сөзді жүздеп келтіре беруге болады. Осыдан-ақ ұлттың тілінің құнарлылығына ешкім күмән келтіре алмайды. Бірақ құлақ құрышын қандыратын ұлы, бай тілді өскелең ұрпақтың бойына сіңіре алып отырмыз ба? Көпті толғандырып жүрген мәселе бұл.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №61 санында жарық көрген мақаласында «…әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек… Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы… Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» деген екен.
Арада 100 жылға жуық уақыт өтседе ұлт ұстазының осы бір сөзі өзектілігін жоя қойған жоқ. Себебі кешегі киіз үйде туып, жез самаурынның исі сіңген, қаймақ қатқан шайын ішіп, таңдап тұлпар мінген қазақтың бүгінгі ұрпағы, ұясын ұшпаққа салғаны анық. Маңдайына жаһандану дәуірінің бағы бұйырып, жайлы төсек, қарыны тоқ, киімі бүтін, ұйқысы тыныш, жоқшылықтың дәмін сезбеген, білімді тегін алса да, өткенін біле бермейтін буын қалыптасып келе жатқандай. Бірақ, бойында ұлттық рух, таза қаны бар ұрпаққа үрке қарап, кінә арту әбестік. Тек қазақ тілін бала ес біліп, мектеп табалдырығын аттаған сәтте санасына құя берсек болғаны. Әрбір дүниеге келген қазақ баласы – қазақша сөйлеп бел тіктемей, өзге ұлттың өкілдері мемлекеттік тілдің қадірін ұғынбай, ішкен судың, татқан дәмнің, туған жердің салмағын ұғына алмайтынын түсінуіміз керек.
Қазақтың тілі – шексіз мұхит секілді, күллі әлемді қамтыса да бояуы өңбейді, әлемдік тілдермен теңестіре қалса, ноқтасын бермейтін ұлы тіл. Қазақ тілі – ұлтымыздың мақтанышы, елдің айнасы. Ұлтымыздың асыл қасиеті мен тектілігін дәріптеп, жеткізуші де ана тілі. Тілдің беделі бір күнде қалыптаспайды. Тіл беделі – ұлт мерейі. Сондықтан да мемлекеттік тілімізге құрмет көрсетуді бесіктегі баладан бастап үйретуіміз керек. «Ана тілің – арың бұл» деп өсірген баладан тілім-тірегім, ұлтым-жүрегім дейтұғын тұлға қалыптасары сөзсіз.
Г.Әбдіханиқызы








