Тіл – ұлттың рухы
Әлемдегі ең бай тіл – қазақ тілі. Онымен мақтана да марқая да аламыз. Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін сөзі бар. Арғы-бергі тарихты адақтап, әлемдегі мемлекеттердің тіл туралы тұжырымдарына зер салсақ, өзінің тілін «Ана тілі» деп дәріптейтін де, ардақ тұтып қадірлейтін де жұрттың бірі біздің халқымыз екен. Ата-бабаның ұлы дәстүрін, тарихы мен шежіресін, әні мен жырын туған тілінде тыңдап, жүрегіне ұялатып өскен ұрпақтың өкілі ретінде қазақ тілінің бүгіні мен болашағына ерекше мән беремін.
Біздің мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі тау бұлағы секілді таза, күннің жарығы секілді нұрлы, кесіп түсер қылыш секілді өткір тіл. Тұғыры биік тіліміз төрімізден орын алмас бұрын көптеген кедергілер мен тосқауылдарға ұшырағаны тарихтан мәлім. Бірақ, қазақ халқының бағына туған таудай ірі тұлғаларымыздың арқасында қазақ тіліміз шұбарланбай, өз бірегейлігін сақтап қалды. Том-том еңбектері хатталып, архивтерде сақтаулы. Әлем елдері қазақтың болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сол арқылы білді. Алпауыт елдермен иық тірестіре алға жылжып келе жатқан дамушы мемлекеттің ендігі жердегі ең мықты қаруы – тілі.
Алайда, біз сол бабалар аманатына адалдық танытып, қазақ тілінің мәртебесін көтере алып жүрміз бе? Тіл тазалығын сақтап, өз тілімізде қызмет көрсетуді алдыңғы қатарда қоя аламыз ба? Бұл мені ғана емес, көпті толғандыратын мәселе. Дегенмен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тіл саясатын дамыту бағытында түрлі жұмыстарды қолға алып, мемлекеттік тілге басымдық беруде. Сондықтан да кез-келген жерде қазақ тіліне қастандық жасамай, өз тілімізді қолдап, көтере жүрейік. Мемлекеттің тілі – қазақ тілі. Ендіше, осы елдегі әрбір азамат қазақ тілін білуі, құрметтеуі керек.
Міне, біз осындай ұстаныммен, тәуелсіздігімізді баянды ету үшін тілдің мәртебесін жоғары қоюға тиіспіз. Ақын, әдебиет зерттеушісі, публицист Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген болатын. Осы қанатты сөзді жадымыздан шығармасақ, тіліміздің тұғырын биік ету жолында аянбай еңбек етеріміз анық. Қорыта келгенде, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі. Тарихы тереңде жатқан қазақ тілінің туын биікке көтеріп, мәртебесін асқақтату біздің басты парызымыз.
Нұрсұлтан Елшібеков
Шиелі аудандық сотының
сот әкімшісінің бас маманы