Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҚУАТЫ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҚУАТЫ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Мемлекеттік тіл – тәуелсіз елдің негізгі нышандарының бірі.
Ата Заңымыздың 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі айқындалған.
Қазіргі заман жеке адамдардың ғана емес, тұтас ұлттардың да өткеніне үңіліп, бүгінгісін бажайлап, болашағын бағдарлауға жол ашты. Қазақ халқы бар тарихын көшіп жүріп өткізсе де «батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай», барлық жиған тіл байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді.
Тәуелсіздік алып, егеменді ел болып құрылған уақыттан бастап жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында бүгінгі күні қоғамда тіл туралы оңды көзқарас қалыптасқан. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айту қажет. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайларды жасауға көмектесуде.
Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, мемлекеттік тіл ортақ тіліміз екенін ұмытпағанымыз дұрыс. Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін азаматтарының тілі. Қазақ ақыны, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы тіл» деген екен. Сондықтан елімізде қазақ тіліне басымдық беріп, мемлекеттік тіліміздің техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн.
Бұл ретте тіл меңгеруде, еліміздің әрбір азаматы мен азаматшаларының өз тілінде еркін сөйлеуінде ата-ананың да рөлі ерекше. Әр ата-ана ананың ақ сүтінен дарыған тілін үйретуді қолға алса, ұлтымызды, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді қызғыштай қорғайтын саналы ұрпақ өсіп-жетіледі.
«Ана тілін білмеген ақылы жоқ желік бас. Ана тілін сүймеген халқын сүйіп жарытпас» деген сөзде де терең мағына жатыр емес пе?
Халық өзінің ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру мүмкін емес.
Қазақ жазушысы М.Әуезов «Ана тілін білмейтін адам мәдениетті адам санатына қосылмайды», деп айтқан екен. Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Оны білмеу өзімізге сын. Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе дейді дана халқымыз. Сондықтан бәріміз бірігіп мемлекетіміздің тәуелсіздігінің басты белгісі ана тіліміз – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейтуге ат салысуға тиіспіз.

Санат СЕРЖАНОВ,
Шиелі аудандық соты әкімшісінің
басшысы
20 қараша 2023 ж. 177 0