МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ
Отбасы – қоғамның берік тірегі, ал еңбегімен елге үлгі болып жүрген жандардың өнегелі өмірі қашанда көпшілік назарын аударады. Сондай жарасымды ерлі-зайыптылар – Омархан Файзуллаев мен Тоғжан Тілеубай. Омархан Файзуллаев бүгінде Керделі ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарса, жұбайы Тоғжан Тілеубай Майлытоғай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып еңбек етеді. Екеуінің де басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосу.Жас мамандар мемлекеттік қызмет саласында жүріп танысып, бір-бірінің іскерлігіне, жауапкершілігіне және адамгершілік қасиеттеріне деген құрмет арқылы жақындай түседі. Қызмет барысында қалыптасқан сыйластық уақыт өте келе шынайы сезімге ұласып, шаңырақ көтеруге себеп болды. Бүгінде олар тату-тәтті өмір сүріп, көпке үлгі болатын берекелі отбасыға айналған.
Бүгінде Файзуллаевтар әулетінің шаттығы төрт ұлмен толығып отыр. Балаларының амандығы мен тәрбиесін басты орынға қойған ерлі-зайыптылар отбасы мен қызметті қатар алып жүруде үлкен жауапкершілік танытып келеді.
Мемлекеттік қызметтің жүктемесі мен күнделікті қарбаласына қарамастан, Омархан мен Тоғжан бір-біріне әрдайым демеу болып, түсіністік пен сыйластықты жоғары қояды. Олар үшін ең басты құндылық – отбасындағы береке мен бірлік, сондай-ақ ел алдындағы адал қызмет.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, бір салада еңбек ету олардың бір-бірін жақсы түсінуіне, жұмысқа деген жауапкершілікті бірге сезінуіне мүмкіндік берген. Осылайша, қызметтегі тәжірибе отбасылық татулықты да нығайта түскен.
Бүгінде Файзуллаевтар отбасы – адал еңбек пен отбасылық құндылықты қатар ұстанған өнегелі жанұя. Олар өз өмір жолымен жастарға үлгі көрсетіп, еңбек пен татулықтың, сыйластық пен сүйіспеншіліктің шынайы көрінісін танытып келеді.
Қоғамның негізі – берік отбасы десек, Омархан мен Тоғжанның шаңырағы сол берекенің жарқын үлгісі. Төрт ұл тәрбиелеп, елге адал қызмет етіп жүрген бұл әулет – ауыл өміріндегі үлгілі отбасының бірі.
23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткізілген аудандық байқауда Омархан мен Тоғжан топ жарып, алдыңғы қатардан көрінді. Үнемі кез келген жарыста қатарластарынан оқ бойы оза шапатын жарасымды жанұя қызмет пен отбасылық өмірді үйлестіре білген өнегелі шаңырақ иесі.
Осылайша, қызметте табысып, өмірде бір-біріне серік болған Омархан мен Тоғжанның шаңырағы – береке мен бірліктің айқын көрінісі. Мұндай отбасылар – ауылдың ғана емес, тұтас қоғамның рухани тірегі.
Айнұр НАЗАРОВА








