КӨРІКТІ КӨКТЕМ АРУЫ

Жақында «Арман» мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, мемлекеттік қызметте жүрген қыз-келіншектер арасында «Көрікті көктем аруы» атты аудандық байқау өтті. Байқаудың негізгі мақсаты – қатысушылардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру әрі шеберлігін, шығармашылық және іскерлік қабілетін көрсету. Айта кетейік, байқау аудан әкімдігінің қолдауымен өткізілді. Тағылымы мол, тартысқа толы шараны «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді. – Бұл байқау қызкеліншектерімізге эстетикалық тәрбие беруді көздейді. Себебі аруларымызға жан сұлулығымен қоса тән сұлулығы бірдей болғандығы жарасады. Шараның мақсаты да ауқымды. Нәзікжандардың кәсіпқойлығы, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен еңбегі қашан да дәріптелуі қажет. Міне, сол сияқты бұл сайыс әйелдерге өздерін жаңа қырынан көрсетуге, тәжірибе алмасуға, кәсіби ортада жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді, – деді ол. Жалпы сайысқа 12 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Сайыстың бірінші кезеңі бойынша қыз-келіншектер өздерін таныстырды. Мұнда аруларымыздың көркемдігі және сыр-сымбаты, жүріс-тұрысы сынға түсті. Екінші бөлімде арулар түрлі жаңылтпашты жаңылмай айтып, сұрақ-жауапқа мүдірмей жауап берді. Үшінші кезеңде қатысушылар өз қолдарымен дайындап келген дәмді тағамдарын қалай жасалғанын айтып берді. Ал соңғы кезеңде ару қыздар әсем ән салып, мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде бас жүлдені Майлытоғай ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Тоғжан Мұратқызы жеңіп алса, I орын Ақмая ауылдық округі әкімі аппаратының жетекшіcі Ақнұр Елеусізге бұйырды. II орынды Талаптан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гульнур Акшабакова иеленді. Ал III орынға Бәйгеқұм ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Нұржанат Ділдабекова лайықты деп саналды. Шараның соңында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Орынбайқызы, Шиелі аудан әкімі аппартының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Құттықыз Ратова және мәдениет саласының ардагері Құттықыз Ыханова сахна төріне көтеріліп, қатысушыларға ыстық ықыласын білдірді. Бүгінгі байқауға қатысқан барлық әйел-арулар сый-құрметке, көрермен қошеметіне бөленді. Көңілдері марқайып, құшақтары гүлге толды. Шараға келген көпшілік орындарынан тұрып, қол соғып, керемет көңіл -күй сыйлаған өнерлі жандардың мерейін одан әрі үстем етті.
Айнұр ИБРАШЕВА,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ