Туберкулезбен күрес – денсаулық кепілі
Туберкулез – адамзатқа ежелден белгілі болғанымен, бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпаған жұқпалы аурулардың бірі. Бұл аурудың негізгі қоздырғышы – Кох таяқшасы деп аталатын бактерия. Туберкулез көбінесе өкпені зақымдайды, бірақ ол адамның басқа да мүшелеріне әсер етуі мүмкін. Ауру ауа-тамшы жолы арқылы таралатындықтан, оның қоғам ішінде тез таралу қаупі жоғары. Сондықтан туберкулезбен күресу тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті болып табылады. Аурудың алдын алу, оны ерте анықтау және тиімді емдеу халық денсаулығын сақтаудың маңызды шарттарының бірі саналады.Туберкулездің таралуына көптеген факторлар әсер етеді. Иммундық жүйенің әлсіреуі, дұрыс тамақтанбау, қолайсыз тұрмыс жағдайы, зиянды әдеттер және созылмалы аурулар адамның бұл дертке шалдығу қаупін арттырады. Әсіресе балалар, қарт адамдар және иммунитеті төмен адамдар қауіп тобына жатады. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде ауаға таралған бактериялар арқылы сау адамдарға жұғады. Сондықтан аурудың алдын алу үшін қоғамдық орындарда тазалық сақтау және санитарлық талаптарды орындау аса маңызды.
Туберкулездің басты белгілеріне ұзақ уақытқа созылған жөтел, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік, түнгі тершеңдік және салмақ жоғалту жатады. Кей жағдайда науқас қақырықпен бірге қан түкіруі мүмкін. Осындай белгілер байқалған кезде дереу дәрігерге қаралу қажет. Өйткені ауруды ерте анықтау оның толық жазылуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда туберкулезді диагностикалаудың түрлі әдістері бар. Олардың қатарында флюорография, рентгенологиялық зерттеу, қақырық талдауы және арнайы зертханалық тексерулер кеңінен қолданылады.
Туберкулезбен күрестегі маңызды бағыттардың бірі – профилактика. Қазақстанда нәрестелерге БЦЖ вакцинасы егіледі. Бұл вакцина балаларды аурудың ауыр түрлерінен қорғауға көмектеседі. Сонымен қатар халық арасында жыл сайынғы медициналық тексерулер ұйымдастырылады. Мұндай тексерулер ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте анықталған туберкулезді емдеу әлдеқайда жеңіл әрі нәтижелі болады.
Туберкулездің алдын алуда салауатты өмір салтының маңызы зор. Дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, дене белсенділігін арттыру және зиянды әдеттерден бас тарту ағзаның қорғаныс қабілетін күшейтеді. Иммунитеті мықты адамның ағзасы түрлі инфекцияларға қарсы тұра алады. Сонымен қатар тұрғын үйлер мен жұмыс орындарын жиі желдетіп, тазалықты сақтау да аурудың таралуының алдын алуға ықпал етеді.
Қазіргі медицина туберкулезді толық емдеуге мүмкіндік береді. Алайда емдеу ұзақ уақытты талап етеді және науқастың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Дәрігер тағайындаған дәрілерді уақытылы қабылдау, емдеу тәртібін бұзбау және медициналық бақылаудан өтіп тұру – сауығудың басты кепілі. Егер науқас емді өз бетінше тоқтатса, ауру асқынып, дәріге төзімді түрге айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Туберкулезбен күрес – қоғам денсаулығын сақтаудың маңызды бөлігі. Бұл дерттің алдын алу үшін халықтың медициналық сауаттылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізу қажет. Әрбір азамат өз денсаулығына бейжай қарамай, уақытылы тексеруден өтіп отырса, туберкулездің таралуын айтарлықтай азайтуға болады.
Қорытындылай келе, туберкулез – қауіпті болғанымен, алдын алуға және емдеуге болатын ауру. Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық. Сондықтан әр адам өз денсаулығын қорғауға, аурудың алдын алу шараларын сақтауға және медициналық тексерулерден уақытылы өтуге міндетті. Туберкулезбен күресу арқылы біз өзіміздің ғана емес, бүкіл қоғамның денсаулығын сақтауға үлес қоса аламыз.
Шиелі аудандық СЭББ басшысы
Г.Айтекеева





