РУХАНИЯТ ҚЫЗМЕТКЕРІ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Қоғамдағы рухани тұрақтылық пен ұлттық құндылықтардың сақталуында дін қызметкерлерінің атқаратын рөлі айрықша. Алайда көпшілік біле бермейтін бір жайт – еліміздегі имамдар мен мешіт қызметкерлеріне мемлекет қазынасынан арнайы бюджет қаражаты бөлінбейді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, қызметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету, баспанамен қамту мәселелері демеушілердің қолдауы мен қайырымдылық қорларының көмегі арқылы жүзеге асырылады. Ал дін қызметкерлеріне көрсетілген әрбір қамқорлық – тұтас қоғамның рухани дамуына салынған инвестиция деуге болады. Өйткені имамдардың тұрмыстық жағдайы түзеліп, әлеуметтік мәселелері шешілген сайын олардың ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне бағытталған қызметі де жаңа серпін алары сөзсіз.Осы игі істің жарқын көрінісі ретінде ауданда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында республика бойынша 914-баспананың кілтін табыстау рәсімі өтті.
Қуанышқа толы шараға арнайы қатысу үшін Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Мақсатбек Қайырғалиев келді. Салтанатты рәсім барысында қызметтік пәтердің кілтін табыстаған Мақсатбек Мақсотұлы қайырымдылықтың қоғам өміріндегі орнына тоқталып, игі іске үлес қосқан жандарға алғысын білдірді.
– Қайырымдылық – халқымыздың қанына сіңген асыл қасиет. Елдің бірлігі мен жанашыр азаматтардың қолдауының арқасында көптеген отбасы баспаналы болып, өмірге деген сенімі артып келеді. Бұл жоба тек үй сыйлау емес, адамдардың жүрегіне үміт ұялататын үлкен сауапты іс, – деді қор директоры.
Айта кету керек, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде баспанаға мұқтаж отбасылар мен дін қызметкерлеріне тұрғын үй сыйлау игі дәстүрге айналып келеді.
Осы уақытқа дейін жүздеген отбасы мен қызмет иелері қоныс тойын тойлап, жаңа өмірге қадам басты.
Шара барысында жаңа қызметтік тұрғынүйге ие болған орталық мешіттің бас имамы Рахат Серікбайұлына ақжарма тілектер айтылды. Бұл аудан тарихында дін қызметкерлеріне арнайы берілген алғашқы қызметтік баспана болғандықтан ерекше маңызға ие.
– Бұл баспана ауданымыздағы рухани жұмыстардың дамуына берілген үлкен қолдау деп білеміз. Алдағы уақытта аудандық орталық мешітке реконструкция жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондықтан барша аудан тұрғындарын ауызбіршілік танытып, қасиетті қара шаңырағымыздың сәулеттік келбетін жаңғыртуға және рухани ордамыздың көркеюіне үлес қосуға шақырамын, – деді Р.Серікбайұлы.
Шынында да, мешіт – тек құлшылық орны ғана емес, елді ізгілікке үндейтін, ұрпақ тәрбиелейтін, қоғамдық келісімді нығайтатын рухани орталық. Сондықтан мұндай игі бастамаларға қолдау көрсету – барша қоғамның ортақ міндеті. Шиелі жерінде жүзеге асқан бұл игі шара ел ішіндегі ынтымақ пен жанашырлықтың, дәстүрлі қайырымдылық мәдениетінің жарқын үлгісі болды. Руханиятқа жасалған қамқорлықтың түпкі нәтижесі – берекелі қоғам, тәрбиелі ұрпақ және бірлігі бекем ел екені сөзсіз.
Г.СБИТҚЫЗЫ








