Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚМДБ: 30 жылдыққа 30 игі шара

ҚМДБ: 30 жылдыққа 30 игі шара

Биыл ҚМДБ-ның құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай ДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Абуов ауданға арнайы іс-сапармен келді. Бас имам сапар барысында «30 жылдыққа 30 игі шара» аясында ұйымдастырылған «30 көпір», «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциялары мен «Ел үлесі – пәтерге» республикалық жобасында бой көрсетті.
Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген Төралқа мәжілісінде 2020 жылдың жұмыс жоспары бекітілген болатын. Осыған орай ҚМДБ Орталық аппараты қызметкерлерінің ұсынысымен, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бекітуімен 30 жылдық мерейтой аясында жүзеге асатын 30 игі іс-шараның жос­пары бекітілді. Атап айтқанда, ғылыми-танымдық кітап шығарып, әл-Фарабидің – 1150, Абайдың – 175, Алтын Орданың – 750 жылдығы қарсаңында халықаралық конференциялар өткізу, 30 жылдық мерейтой кезінде 30 жетім балаға, 30 отбасына қайырымдылық көмек көрсету, 30 елдімекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесін шешуге ықпал ету, тарихи көрмелер ұйымдастыру, ҚМДБ туралы деректі фильм түсіру, әл-Фараби, Абай сынды тұлғалардың, ел ішінде есімі еленбей жүрген дін қайраткерлерінің есімін мешітке беру, ауылдағы 30 мешітті күрделі жөндеуден өткізу, т.б. сауапты да салауатты шаралар күн тәртібіне енгізілді.
Аудан орталығы мен Бала би ауылында өткен қайырымдылық шарасында 2 ірі қара мал құрбандыққа шалынып, 60 отбасыға азық-түлік қоржындары мен ет таратылды. Айта кеткен жөн, соңғы 3 апта ішінде аудан мешіттерінің ұйытқы болуымен 4 ірі қара мал, 2 қой құрбандыққа шалынып, жергілікті тұрғындар атынан тасаттық берілген. Нәтижесінде 81 отбасыға 650 кг ет үлестіріліпті.
Ауданда өткен сауабы мол шарапатты шарада Бала би ауылындағы көпір халық игілігіне берілді. Жаңа көпірдің лентасын бас имам Болатбек Ұласқанұлы өзі арнайы қиды. Ақпарат үшін айта кетейік, Бала биде салынған көпірдің ұзындығы – 8, ені – 2 метрді құрайды.
Сонымен қатар ҚМДБ-ның «Зекет» қайырымдылық қоры Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ел үлесі – пәтерге» әлеуметтік жобасы аясында республика бойынша 242-ші баспанасы дін қызметкеріне бұйырды. Ол – Шиелі ауданының бас имамы Бақыт Ұлжаев. Игі шараға қатысқан бас имам жаңа пәтердің кілтін жас отбасыға табыс етті.
Құрбан шалу рәсіміне қатысқан бас имам Алла Тағаладан жәрдем тілеп, ауырып жатқан жандарға шипа сұрады. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Шиелі аудандық орталық мешітінің мұрындық болуымен жүзеге асырылған маңызды жобаға ауыл халқы да дән риза.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
21 шілде 2020 ж. 508 0