СҰЛУТӨБЕЛІК ӨРЕНДЕР ЖҮЛДЕДЕН ҮМІТКЕР
Жамбыл облысы, Тараз қаласында спорттың баскетбол түрінен мектеп оқушылары арасында Республикалық чемпионат өз мәресіне жақындап қалды. Елдің кіл мықтылары жиналған бұл сында Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылының намысын №41 М.Шоқай атындағы орта мектептің құрама командасы абыроймен қорғауда.Жас спортшыларды жарысқа баптаған – өз ісінің нағыз маманы, 15 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Оралхан Сансызбайұлы. Ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі мен төккен тері бүгін өз жемісін беруде. Жарыс жолы: дәл қазіргі сәтте 15 команда артта қалды. Турнир өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтуде. Сұлутөбелік өрендер өздерінің асқан шеберлігі мен жеңіске деген қайсар мінезінің арқасында, Республиканың түкпір-түкпірінен келген 15 мықты команданы шаң қаптырды. Дәл қазір ең үздік, кіл жүйрік 4 команданың қатарына енді. – Балалардың дайындығы өте жоғары. Артта қалған тартысты ойындар олардың жігерін жаныды. Алда ең шешуші кезең – финалдық бәсекелер күтіп тұр. Мақсатымыз тек жеңіс! – дейді команда бапкері Оралхан мұғалім. Қазіргі уақытта жерлестеріміз бас жүлде үшін өтетін шешуші ойындарға тастүйін дайын отыр. Ауыл мектебінен шығып, Республика деңгейінде топ жарып жатқан жас баскетболшыларымыз бен олардың жетекшісі Оралхан ұстазға алдағы ақтық сында сәттілік тілейміз!
«Өскен өңір» ақпарат






