Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРТОҒАЙ ТӨРІНДЕгі ТАҒЫЛЫМДЫ ТУРНИР

ТАРТОҒАЙ ТӨРІНДЕгі ТАҒЫЛЫМДЫ ТУРНИР

Тартоғай ауылында 48 жастан асқан ардагерлер арасында волейболдан тартысты турнир ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған тағылымды спорттық шара жоғары деңгейде өтті.
Аталған дода №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінде 44 жылға жуық дене шынықтыру пәнінен шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ардақты ұстаз, спорт жанашыры Мырзахан Танабаевтың 63 жас мерейтойына және зейнетке шығуына арналды. Ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа спорттық тәрбие беріп, талай шәкірттің жолын ашқан ұстазға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған жарысқа ауданның бірнеше ауылынан ардагер спортшылар қатысты.
Турнир аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің қолдауымен, Тартоғай ауылдық әкімшілігі, №153 мектеп-лицей ұжымы, сондай-ақ Мырзахан ағайдың әріптестері мен ауыл жастарының бірлесуімен өткізілді. Жарыс барысында 5 команда өзара сынға түсіп, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Ала доп додасында Бәйгеқұм, Жөлек және Балаби ауылдарының біріккен командасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, І орынды иеленді. Телікөл ауылының құрамасы ІІ орынға табан тіресе, Тартоғай ауылының ардагерлері ІІІ орынды қанағат тұтты.
Шараның ерекшелігі – жеңімпаздармен қатар барлық қатысушыларға құрмет көрсетілуі болды. Ауыл жастары мен Мырзахан ағайдың замандастары барлық командаларға қаржылай сыйлықтар табыстап, ізгі ниеттерін білдірді. Сонымен қатар Танабаевтар әулеті үздік ойыншылар мен ұйымдастырушыларды арнайы номинациялар бойынша бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Турнир барысында бірқатар спортшылар үздік ойын өрнегімен көзге түсіп, ­Бауыржан Кененбаев, Жұмабай Нысанқұлов, Нұржан ­Асанов, Азамат Ерназаров, Мейірбек Жақсылықов, Елтай Серікбаев, Оразбек Жұмағұлов және Мақсұт Ибрашев сынды ардагерлер ерекше аталды.
Жарыс соңында сөз алған Мырзахан Райымбекұлы мен жұбайы Нәзира апай ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шынайы алғыстарын жеткізді. Ал қонақтар атынан сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев мұндай ардагерлер турнирлерінің жастарды спортқа баулуда және ауыл бірлігін нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.
Айта кету керек, бұл турнир – тек спорттық бәсеке ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, ауыл ынтымағын айшықтаған тағылымды кездесу ретінде есте қалды.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
19 мамыр 2026 ж. 80 0